Версия для печати

Қауіптің алдын алды Избранное

Пятница, 08 Июнь 2018 04:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2977 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Біршама уақыттан бері талқыға түскен Шымкент қорғасын зауытының мұржасы мен теміржол бойындағы өткел тақырыбына соңғы нүкте қойылды.

DSC 4978

Кеңес дәуірінде Шымкенттің ең ірі үш өндіріс орны – фосфор, шина жасау және қорғасын зауыты болса, бүгінде аталған зауыт орындарынан тек зиянды қалдықтардың үйіндісін көресіз. Әсіресе, Шымкент қорғасын зауытынан металл іздеген жергілікті тұрғындар таудай өндіріс орнын үлкен үйіндіге айналдырған. 30-жылдары бүкіл КСРО көлемінде құйылған қорғасынның 70 пайызын өндірген зауыттың қазіргі таңда қалқайып үш мұржасы ғана қалған. Күнкөрістің қамы деп, нәпақа іздегендер биіктігі 210-205 метрлік мұржаны да «кеміріп», апатты жағдайға жеткізіпті. Ендігі қирағалы тұрған алып мұнара құласа, сол маңда 2-3 балдық, аумақтық жер сілкінісі болуы әбден мүмкін дейді мамандар.Дегенмен, қауіп мұнымен шектелмейді. 1987 жылы Шымкент қорғасын зауытының қызметкерлері үшін теміржолдың үстінен өткел салынып, пайдалануға берілген. 30 жылдық тарихы бар бұл өткелдің де қазір әбден тозығы жеткен. Қорғасын зауытындағы мұржа құласа, аумақтық жер сілкінісіне бұл өткелдің де шыдас бермейтіні анық. Мәскеу – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы өтіп бара жатқанда қираса не болмақ? Ал ондағы жоғары вольтты электр желілері үзілсе, не істей алмақпыз?
Қауіптің алдын алу қажет! «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы өкілдерінің дабыл қағуына орай төтенше жағдай жарияланды. Мұндағы жағдайға байланысты мұржа мен өткелдің өздігінен құлап, адам өміріне қауіп төндіруін күтпей-ақ сақтық шаралары қолға алынды. Әуелі теміржол бойындағы өткел алынды.
– Қауіпті нысандарды бұзу жұмыстары үлкен әзірлікті қажет ететін. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы және басқа да коммуналды мекемелермен бірлесіп, демонтаждау жұмыстарын бастады. Алдын ала дайындыққа сәйкес ҚТЖ басшылары техникалық демеушілік жасап, көтергіш крандары мен 50-ге жуық қызметкерін бұзу жұмысына жұмылдырды. Сонымен қатар теміржол қозғалысына жауапты мамандар 6 сағатқа созылатын жұмысқа орай теміржол кестесінен бос уақыт ұйымдастырып берді, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов.
Өткелді демонтаждау жұмысына «Қуатжылуорталық» МҚК 20-дан астам маман бөлсе, облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 10 құтқарушы қатысты. Алдымен жоғары вольтты электр желісі қауіпсіздендірілді. Содан кейінгі 2 сағат уақытта көпірдің теміржол үстіндегі 2 белтемірі мен өткелдің тіректері бөлшектелмеген күйде алынды. Айта кетейік, бұл материалдар қоқысқа тасталмайды. Олардың әлі де болса жарамды екенін ескерген қалалық әкімдік мамандары болашақта қажетті құрылыс алаңында пайдалану мақсатында резервке алды.
Осымен бұзу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған еді. Соңғы сағаттар электр желілерін қайта іске қосуға жұмсалды. Өйткені, өткелдің екі шетіндегі баспалдақтарын қауіпсіз түрде бұзуға пойыз қозғалысы кедергі келтірмейді. Қауіпті болдырмау мақсатындағы жұмыстар сәтті аяқталды. Енді Шымкент қорғасын зауытының мұржаларын құлату жұмысы алдағы уақыттың еншісінде. Әзірге апатты жағдайда тұрған 1 мұржаға төтенше жағдай жарияланбақ. Тағы 2 мұржаның «тағдырын» мамандар зерделеу барысында анықтайтын болады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.