Шымкент жайлы 13 дерек Избранное

Пятница, 08 Июнь 2018 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 356 раз

007

1. 2200 жылдық тарихты арқалаған Шымкент – Қазақстан мен Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Бұл туралы 2014 жылы археологтардың халықаралық ғылыми конференцияда айтылды. Шымкенттің 2200 жылдық тарихы ескі шаһар аумағындағы археологиялық зерттеулерден табылып отыр. Мұндағы жүргізілген қазба жұмыстары он төрт метр мәдени қабатты құрайды. Қазіргі таңда қала әкімдігі осынау тарихи орынды қорғауға алып, ашық аспан астындағы музей ашпақ. Ол мақсатта ғалымдардан жұмыс тобы құралған. Қала басшылары ескі қалашықтың орнын да болашақ үшін сақтап қалмақ.

2. Шымкенттің ерекше орындары жетерлік. Соның бірі – қаланың қақ ортасын кесіп өтетін Қошқарата өзені. Дүниежүзінде ортасын табиғи өзен бөліп ағатын қалалар жоқтың қасы. Шымқала осы су шипалы өзенімен ерекшеленеді. Бұл бастау - қаламыздың мәдени-тарихи құнды дүниесі. Жаз маусымында бұлақтың суына бір күнде 5-6 мың адам келіп түседі. Қасиетті бұлақтың суы көптеген дертке дауа. Сондықтан тек Шымкент қана емес, Оңтүстік өңірінің барлық аудандарынан, еліміздің әр түкпірінен адамдар келіп, осы өзенге шомылып жатады. Қошқар ата өзенін Шымкенттің брендінің біріне айналдыруды ойлаған қала басшылары соңғы жылдары өзен бойын көріктендіруді мықтап қолға алды. Қазіргі таңда бастау бойы тұрғындардың демалуына қолайлы болып, бұрынғысынан да көріктене түскен.

3. «Жол жақсарса, ел жақсарады» дейді бұрынғылар.
Шымкенттің автомобиль жолдары ел аумағында ұзақтығымен ерекшеленеді. Қаланың ішкі жолдарының жалпы ұзындығы 2135 шақырымды құрайды. Қалада жалпы саны 1964 көше бар.

4. Шымкент – салауатты өмір салтына бет түзеген қала. Қалада 804 спорт нысаны жұмыс істейді. Жалпы, бұқаралық спортпен шұғылданатын халықтың жалпы саны – 252 960 адам. Қалада салауатты өмір салтын насихаттауда жыл басынан бері 197 іс-шара өткізілген. Оған 38 511 тұрғын қатысқан. Дәстүрлі спорт түрлерімен қоса соңғы уақытта кең қанат жайып келе жатқан бұқаралық спортпен халықтың барлық тобы айналысуы үшін жағдай жасалған. Бұған көпқабатты үйлердің аулалары мен гүлзарларда салынған жаттығу алаңдары, воркаут-алаңшаларын мысал ретінде келтіруге болады.

5. Шымкент – елімізде шағын және орта бизнес дамыған бірден-бір мегаполис. Оңтүстік халқының ел аузындағы еңбекқорлығы осыдан да білінсе керек. Бүгінде қалада жалпы тіркелген бизнес субъектілердің саны – 75 768. Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны – 140 123 адам.

6. Ең сәби көп туылатын, алтын құрсақты қала да – Шымкент. Қалада көпбалалы отбасылар көп. Жыл сайын қалада 5 мыңға жуық неке қиылады.

7. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымшаһардың туристік әлеуеті де зор. Қалада туристерді тартуда барлық жағдай бар. Мәселен, бір жылдың ішінде Шымқалаға шетелден 28 200 адам қонақ болып келген. Ал ел азаматтарынан 85 600 адам облыс орталығына ат басын бұрған. Туристер қыдырыстайтын орын Шымкентте жетерлік. Қалада әйгілі дендросаябақ пен Тәуелсіздік саябағы қосқанда ірі 6 саябақ және көптеген гүлзарлар бар. Мұнымен қатар қасында дамылдап отыратын орындықтары бар 23 субұрқақ бар. Соның ішінде ең әйгілісі – Шымқаланың символына айналған «Қызғалдақ» субұрқағы.

8. Қаймағы бұзылмаған өңірдің салт-дәстүрі мен қуанышы ортайған ба? Шымкент – той бизнесімен шартарапқа танылған шаһар. Бүгінде қалада 400-ге жуық тойхана, 70 продюсерлік орталық халыққа қызмет көрсетеді. 200-ден астам асабасын тағы қосыңыз. Орташа есеппен алғанда күн сайын қалада шамамен 30 мың адам тойда жүреді.

09

9. Шымкенттің мақтаныштарының бірі – «Altyn eye» шолу аттракционы. Жайлаукөл демалыс аймағында орналасқан аттракцион Орта Азиядағы ең үлкен ойын-сауық нысандардың бірі. Оның диаметрі – 50 метр. Жалпы, Шымкент қаласы түрлі мәдени жетістіктерінің көптігімен ерекшеленеді. Мәселен, мұнда ел аумағындағы ең биік ескерткіш – Бәйдібек би ескерткіші орналасқан. Ескерткіштің ұзындығы – 10 метрді, тұғырымен қоса алғанда 23 метрді құрайды. Сонымен қатар, ел аумағындағы бірден-бір триумфалды баған Тәуелсіздік саябағына келушілердің қатары бір сәт сиреген емес.

10. Күнгей өңірдің табиғаты жанға жылу, шаруаға қолайлы. Шымкент қаласының да табиғаты ерекше. Орташа есеп бойынша бұл шаһарда 365 күннің 300-дей күнінде күн беттен сүйіп тұрады. Шымкент атауының өзі жасыл қала дегенді білдіреді. Шымкенттіктер жылдың төрт мезгіліне де куә болып, жағымды таза ауасымен, жасыл желегімен де мақтана алады.

011

11. Елімізде ҚМДБ-ға қарасты 2000-нан астам мешіттің 800-ге жуығы ОҚО-да орналасқан. Оның ішінде Шымкент қаласында 103 мешіт мұсылман жамағатына қызмет етеді. Соңғы жылдардың бедерінде облыстық орталық мешіт пайдалануға берілсе, тарихы тереңнен тартатын қалалық Абдулхамид Қаттани мешіті күрделі жөндеуден өтті.

Ен узын адам

12. Бұл қала туралы «не шықса да, Шымкенттен шығады» деген стреотип қалыптасқалы бірнеше жылдың жүзі болды. Шынында осы қағидамен күн кешкен күнгейлік ағайынның арасынан топты жарғаны бар ма? Солардың әуелгісі, сірә, Қалдыбай Атажанов шығар. Есімі Орта Азияға мәшһүр, жасы алпысты алқымдаған ел ағасы - Қазақстандағы ең ұзын адам. Сандармен сөйлесек, оның бойының ұзындығы – 2 метр 14 см, ал салмағы 100 келіден асады. Спортшы ел ағасы ұзақ жылдар бойы жоғарғы оқу орнында студенттерге ұстаздық етіп келеді.

13. Рекордтар қаласы. Жуырда ғана Шымкент халқының саны миллионға жетті. Осыған орай қала халқы қуанышты жаңалықты өзіндік ерекшелігімен қарсы алды. Шаһардың әкімі бас болып, қала тұрғындары мен жастар спорттық рекорд орнатты. Ұзын-саны 5000 адам денені жерге түсіріп-көтеру жаттығуын миллион рет жасады. Бұл – қала тұрғындарының сүйікті шаһарына деген сый-тартуы еді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.