Шымкент халқы 10 жылда 400 мың адамға көбейді Избранное

Среда, 13 Июнь 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 8891 раз

Шымкент халқының саны осыдан 10 жыл 600 мың адамның төңірегінде болған. Қаладағы демографиялық көрсеткіш жыл санап артуда. Яғни қалада туылғандар мен көшіп келушілердің саны едәуір ұлғайып келеді. Бұған қоса соңғы жылдарда ішкі көші-қон мәселесінде де оң өзгерістер байқалуда.

DSC 3963

Шымкент миллионды қала атанды. Оған халық санының тікелей қатысы бар екенін айтпаса да түсінікті жағдай. Өткен жылдарға кері шегініп, соңғы онжылдықта демографиялық өсім қаншалықты деңгейде артып жатқанына статистер берген деректеріне сүйене көз жүгірттік.
2009 жылы шаһарымызда 602 344 адам тіркелген болса, 16 019 сәби туылып, 4 088 адам дүние салған. Бұл жылы қаладан көшіп кеткендер саны 9 мың адамды құрап, 10 мың адам қоныс аударып келген. Осылайша көші-қон айырмасы мың адамды құрады.
2010 жылы шаһар тұрғындарының саны тағы 12 700 адамға өскен. Бұл тұста туғандар мен қайтыс болғандар саны өткен жылдың көрсеткішімен шамалас. Яғни, 17 146 сәби жарық дүние есігін ашып, халық санының артуына ықпал етіпті. Тағы мың тұрғын шымкенттік атанған.
2011 жыл. Халық саны 629 113 адамға жетті. Бұл жылы туылғандар мен көз жұмғандар айырмашылығы 13 699 тұрғынға өсіп, көшіп кеткендер саны 166 адамға кеміген.
Ал 2012-13 жылдары қала тұрғындарының саны 33 196 адамға артқан. Тура осы жылдары алыс-шалғай елдімекендерде тұратын өңір халқын көшіру жұмыстары қарқынды жүрді. Көші-қон айырмасы мен демографиялық табиғи өсім бірнеше есеге өсті. Нәтижесінде 2014 жылы халық саны 20 228 адамға артты. Бұл жылы шымшаһарда 23 332 сәби туылды. Шымкентке қоныс аударушылар 26 мыңнан асты, ал қаладан басқа географиялық аймаққа көшкендер 15 мың адамды құрады.
2015 жылы халық саны рекордтық көрсеткіште өсіп, 175 518 адамға ұлғайды. Бұл жылы 24 031 сәби жарық дүние есігін ашып, шаһардың жас тұрғыны қатарына қосылды. Дәл осы жылы Шымкенттің аумағы кеңейіп, жаңа шекарасы бекітілгені белгілі. Сайрам ауданынан – Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Қарасу, Бадам, Орманшы, Айкөл, Ақтас, Абдулабад, Базарқақпа, Тұрдыабад, Қаратөбе, Қарабастау, Бадам-2, Жұлдыз, Жалын, Ақтас, Сайрам, Исфиджаб, Қызылсай, Достық, Тәжірибе стансасы, Қайнарбұлақ, Мәртөбе, Шапырашты және Өтеміс ауылы; Төлеби ауданынан – Ақжар, Елтай, Текесу, Маятас, Тоғыс және Жыланбұзған ауылы; Ордабасы ауданынан Көкбұлақ пен Алтынтөбе ауылын қоса алғанда жалпы 35 елдімекен қала аумағына кірді. Соның нәтижесінде Шымкенттің бұрынғы территориясы 40080 га болса, елдімекендер қосулы нәтижесінде 117 мың гектарға ұлғайды.
2016, мешін жылы шырайлы шаһарлықтар саны 886 276-ға жетті деген дерек бар. Бұл жылы қалада 25 386 сәби туылған. Ал көші-қонда айтарлықтай өзгеріс орын алып, теріс айырмашылық 3000 адамға кеміген. Табиғи өсім 20 мың адамға артты.
Өткен жылы қала халқының саны 912 300 адамға жетті. 68 965 отбасы шымшаһарға қоныс аударған.
Ал биыл Шымкент халқының саны миллион адамды құрады. 17 мамырда дүниеге келген Еламанова Айсұлу есімді бүлдіршін мегаполисіміздің миллионыншы тұрғыны атанды. Жалпы, Оңтүстікте соңғы 4 айда 31 мың сәби дүние есігін ашса, олардың 35-40 пайызы Шымкент тұрғындарының үлесіне тиесілі дейді дәрігерлер.