Қала құрылысы қарқынды Избранное

Пятница, 29 Июнь 2018 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 69 раз

Елімізде ауқымды өзгерістер орын алуда. Бұған дейін 16 өңірі бар Қазақстанда тағы бір мегаполис пайда болды. Бұдан былай Шымкент – республикалық маңызы бар Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші қала, 17-ші өңір!

DJI 0557

1 154 пәтер пайдалануға беріледі

Шымкент тарихындағы жаңа кезеңді бастамас бұрын қазіргі тыныс-тіршілігіне көз тастайықшы, биыл 20 жылдығын атап өткелі отырған Астананың жетістігін қайталай аламыз ба?
Әрине, ол уақыт еншісінде. Ал біз қала келбетін қалыптастыратын негізгі саланың бүгінгі жай-күйіне тоқталайық. Миллионды қалада бүгінде ауқымды екі құрылыс алаңы бар. Оның бірі – әкімшілік-іскерлік орталығы болса, екіншісі – Shymkent-city жобасы. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы
Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, Шымкентте көп қабатты 60 тұрғын үй салынуда.

рабаев

– Жалпы ауданы 208 202,9 шаршы метрді құрайтын құрылыс алаңында 3 556 пәтер орналасады. Тарқатып айтсақ, көпқабатты 60 тұрғын үйдің 27-сі әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтеруде. Оның 20-сы кредиттік, 7-і арендалық (коммуналдық) бағытта беріледі. Ал 31-і
Тұран шағынауданында. Оның да 20-сы несиелік, ал 11-і арендалық бағытта беріледі, – дейді бөлім басшысы. Сондай-ақ, қаланың Гагарин көшесінде №112 және Ақназар хан көшесінде №62 5 қабатты 2 үйдің құрылысы басталған. 2019 жылға өтпелі құрылыс нысанында 70 пәтер болады.
2018 жылы шаһарда 1 154 пәтерлі 21 үйдің құрылысы аяқталады. Оның 9-ы кредиттік, 12-сі арендалық (коммуналдық) бағытта берілмек. 39 үй 2019 жылға өтпелі.

Сапаға кім жауапты?

Тұрғын үй құрылысына қосымша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу де Шымкент қалалық құрылыс бөліміне жүктелген. Жергілікті атқарушы орган – ӘІО, Тұран шағынаудандарындағы құрылысы аяқталған нысандарды газбен, электр қуаты, байланыспен қамту жүйелерінің сыртқы жұмыстарын атқарып, жылумен қамтамасыз ететін модульдік қазандық құрылыстарын жүргізеді. Ал сапа жағына құрылыс нысандарының паспортында көрсетілетін техбақылау (технадзор) мамандары жауапты. Себебі, бұл мамандар дәл осы қызметті атқару мақсатында мемлекеттік стандарттаудан өтеді. Сертификат алады.
– Құрылыс саласының мамандары «Қандай инновация енгіземіз?», «Құрылыс сапасын түбегейлі қалай жаңартамыз?» деген сұрақтар төңірегінде бірауық ойлануы керек. Жаңа мүмкіндіктер жайлы ой қорыту үшін қызметкерлердің бос уақыты болғаны абзал, – деген бөлім басшысы техбайқау қызметіне тоқталды.
Оның айтуынша, құрылыс саласында сапаны қадағалау жұмыстары үш деңгейде атқарылады. Оның біріншісі – құрылысшылар. Олар құрылыс заттарынан әлдеқайда «сапалы» болуы тиіс. Мердігер нағыз мамандарды жұмысқа тартпаса, кейін олқылықтың орнын жөнге келтіру үшін 2-3 есе артық шығынға батады. Кепілдеме мерзімі 5 жыл болса, мердігер 5 жыл бойы сол сапасыз салынған нысанның төңірегінде ғана қызмет етеді. Екінші, құрылыс заттары. Құрылыс заттарын тиісті орнына жобада бекітілгендей дәл қолдану шарт. Ал үшіншісі, техникалық сапа, оны техбайқау инженерлері жүргізеді.
– Құрылыс бөлімі – тапсырыс беруші. Біз техбайқаудан өткен нысанды «сапасыз» деп мін таға алмаймыз. Себебі, мердігерден жұмысты қабылдау кезінде техбайқау жүргізетін инженер мамандар құрылыс сапасын ҚР Заңдары негізінде құптайды. Оны қарапайым жұрт біле бермеген соң тапсырыс берушіге шағымданады. Бөлім сол кемшіліктерді түзету үшін мердігер мекемемен 5 жыл кепілдік мерзімі аяқталғанша әуре болады. Егер техбайқау саласының мамандары өз ісінің жауапкершілігін сезініп, талап қоя білсе, мердігер де шикілікке жол бермейді. Ал біздің мамандар құрылыс саласындағы басқа да ауқымды шаруаларға бас қатырып, ізденіс арттырған болар еді. Біз «кемшіліктерді кепілдік мерзімінде қалыпқа келтіреміз» деген түсініктен арылуымыз қажет, – дейді Ә. Рабаев.

4 қабатты мектептер салынады

Жыл сайын бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілгенімен, халық саны да күн санап артуда. Сонымен қатар, заман талабына сай интеллектуалды оқыту жүйесі мен сапалы әрі жан-жақты білім беру бүгінгі күннің басты талабына айналды. Демек, білім нысандарын сол бағдарламаға сай жасақтау қажет. Қосымша үйірмелерді және әр баланың еркін ізденіс жасауына толық мүмкіндік жаратуды ескерсек, жаңа мектепке деген сұраныс жуық арада өзектілігін жоғалтпасы анық. Бұл мәсәленің шешімін қалай табамыз?
Құрылыс саласының мамандары бұл сұрақ төңірегінде де ой қозғады.
– Қазір құрылыс нормаларына өзгерістер енгізілуде. Қалада жерге деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан, бос әрі тиімді жер телімін табу қажет болады. Мәселен, 1200 орындық мектепке 3 гектар жер қарастыру керек. Әр мектепке жер бөліп, оны заңдастырып, құрылысты жобалау, қаражат бөлу кезең-кезеңмен атқарылатын жұмыстар. Осы орайда құрылыс саласының мамандары бұрынғы жобаға біршама өзгеріс енгізу арқылы жүктемені жеңілдетуге болатынына көз жеткізді. Бұған дейін тек 3 қабатты мектеп салынса, ендігі жобалық-сметалық құжаттарды 4 қабатты ғимараттарға арнап жасамақпыз. Бұл жаңалық осы жылдың көктемінде қолдау тапты, – деп, Әбілсейіт Байсейітұлы жағымды жаңалығымен бөлісті.
Бөлім басшысы мұндай жобаны қолға алғанда Шымкенттің сейсмикалық ахуалы да ескерілетінін атап өтті. Қазіргі таңда Шымқала аумағында 12 мектеп пен 1 балабақша салынуда. Оның 5-і биыл пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, Таскен тұрғын алабында №103 орта мектеп жанынан 600 орындық, ал Сайрамдағы №112 мен Қарабастаудағы №99 орта мектептердің жанынан 300 орындық қосымша жаңа ғимарат салынуда. Бозарық шағынауданында 900 орындық жаңа мектеп қыркүйек айына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, №76 орта мектептің іргесінен бой көтеретін жаңа оқу блогы мен асхана, шеберхана, спортзал құрылысы да биыл аяқталады.
Жалпы, 13 нысанның 1-іне ұлттық қордан, 4-іне республиалық, 7-іне облыстық, тағы 1-іне қалалық бюджет есебінен қаржы қаралған. Сонымен бірге, тағы 4 жаңа білім нысандарының ЖСҚ-сы дайын, 9-ы бойынша жобалау жұмыстары жалғасуда.

Цифрлы құрылыс, ұтымды жүйе

Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі құрылыс барысы Кеңес одағының инженерлік-техникалық шешімдеріне сүйене отырып жүргізілген. Демек, қаншама жаңа нысан бой көтергенімен, құрылыс саласында елеулі өзгеріс орын алмаған. Мамандар шаһарда биік әрі зәулім ғимараттар тұрғызу үшін еурокодтарды енгізу қажеттігін алға тартып отыр.
Сәуір айынан бері жаңа жобаны жандандыру мақсатында қалалық құрылыс бөлімінің жанынан техникалық кеңес құрылды. Ә.Рабаевтың мәлімдеуінше, кеңес құрамында ең үздік сәулетші, жобалаушылар, тәжірибелі инженерлер, өңірге еңбегі сіңген құрылысшылармен қатар жас мамандар бар.
– Жас мамандар соңғы жаңалықтар негізінде білім алуда. Сондықтан, олардың практикасы аз болғанымен, теориялық білімі мен жаңашыл идеялары бар. Міне, соны назарға алуымыз қажет, – деген бөлім басшысы кеңседегі қызмет барысын да бір шолып өтті. – Біздің халық жер көлемі жағынан ұлы державалардан кейінгі орынға жайғасқанымен, халық саны 18 миллион ғана. Осы аз ғана азаматымыздың әрқайсысының бойындағы тек өзіне тән ерекше қабілетті көріп, оны қоғам дамуына, ел игілігіне пайдалана білуіміз керек.
Шымкент қалалық құрылыс саласының мамандары ғаламтор мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды қолданысқа енгізіп үлгеріпті. Бұл мекеме «пятиминутка», «планерка» атаулы жиындарды өткізбейді.
– Біз цифрлы Қазақстанды құру үшін санамызды жаңғыртып, Кеңес дәуіріндегі жүйеден арылуымыз қажет. Елбасы саясатына негізделген басты мақсатым – осы бөлімдегі 23 қызметкермен онлайн режимде байланыс жасау. Қазір біз «мобильді кеңседе» жұмыс істейміз, – деген бөлім басшысы қолына планшетін алды.
Ұжымдық менеджмент «канбан» жүйесінде жүзеге асады екен. Өте қызықты әрі тиімді жүйе. Әр сектордың жұмысы кезең-кезеңімен бөлек орналасқан. Мәселен құрылыс жұмыстары жер өңдеу, іргетасын қалау, қабырғасын көтеру, шатырын жабу болып бөлінген. Мұнда барлық мәліметтер сақтаулы. Кім, қалай, қашан жұмыс жасағаны дәйектермен анық көрсетілген. Құжаттар да осындай назардан өтіп, соңғы кезеңге дейін жалғаса береді. Орындалуына қарай басшы немесе жауапты маман жұмысты келесі деңгейге электронды түрде ауыстырып отырады.
– Жиналыс жасайтын сәтте мамандардың бірі құрылыс басында, бірі кеңседе, енді бірі түрлі жағдаймен үйінде, тағы басқа жақтарда болуы ықтимал. Ал жиналысты виртуалды түрде жасау арқылы әріптестер белгілі бір мәселені талқылап, шешімін табуға, ұсыныс айтуға және есеп беруге, жоспар құруға түгел қатыса алады. Мұндай жағдайда қызметкерлер мысын басатын аурадан арылып, ойын да еркін жеткізе алады. Есесіне, жиналысқа кешігіп немесе қалыс қалған адам болмайды. Жақсы емес пе? Кей жиналыстардан қойындәптерді шимайлап, сурет салып қайтатынымыз бар ғой – деп күлді Әбілсейіт Байсейітұлы.
Үшінші мегаполистің құрылыс саласында ауқымды өзгерістерді қолға алу тәжірибемен қатар ғылыми жаңалықтарды білуді, меңгеруді де қажет етеді. Ә.Рабаев мамандарына тиісті деңгейде білімін жетілдіру үшін бар жағдайды жасауға ниетті екенін жасырмады.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар Шымшаһардағы бөлім басшысымен қызықты әрі заманауи үлгіде өрбіген сұхбатта біз де тізе бүгіп отырмадық. Қойындәптерге де ештеңе түртпедік. Қабырғаны жағалай орнатылған тақтадағы мәліметтерді жүре әңгімелеген басшының сөзі сұхбаттасушысын жалықтырмады. Мегаполиске тән, тіпті еуропалық бағыттағы жаңашыл сұхбат өзге сала қызметкерлеріне де үлгі боларлықтай әсерлі өтті.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.