Шымкент тұрғындары еңбекқорлығымен ерекше Избранное

Пятница, 29 Июнь 2018 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 500 раз

Қазір қалалар бәсекеге түскен кезең. Елбасы атап өткендей, мегаполис дәуірінде қалалар инвестиция, білікті мамандар мен технологиялар бойынша тартысқа түспек.
Ресми түрде үшінші қала мәртебесін иеленген Шымкент шаһарына қандай жауапкершілік жүктеліп отыр? Қаланың ендігі даму бағыты қандай болмақ? Бұл – көпшіліктің көкейіндегі сауалдар.
Белгілі саясаттанушы, «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков ендігі ретте Шымкенттің іскерлік тұрғысынан қаржы орталығына айналуына мүмкіндігі мол дейді. Өнеркәсіп өндірісі өрлемек.
Белгілі саясаттанушы ғалыммен мегаполис қаланың алдағы келешегі жайлы сұхбаттасқан едік.

1e0312aa8575a72bf874ac31923398b5

«Ақылды қала» болуға ұмтылуымыз керек

– Сәкен Аралбайұлы, Елбасы Жарлығымен Шымкент республикалық маңызы бар қала статусын иеленді. Енді қаланы қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Шымкент тұрғындары үшін қала бұрыннан мегаполис қой. Негізінен, мемлекеттік деңгейде бұл мәртебе Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтыла бастады емес пе?! Қазір әлемдегі үрдістің бір қыры осылай. Әлем халқының 74 пайызға жуығы қалада тұрады. Дамыған елдердің өзін алар болсақ, оларда 80-90 пайызы қала халқы. Мәселен, Еуропа елдері. Азия құрлығындағы біз сияқты елдерде әлі де болса ауыл халқы басымдау. Дегенмен, олар да өзгеріске ұмтылып жатыр.
Мегаполис деген – керемет атақ. Миллионды қала атанғанда бәріміз де шын көңілмен қуандық. Әлемдегі миллионды қалалардың топ 500-не 432-ші болып кірдік. Шүкір дейміз, әлемдік деңгейдегі қалалардың қатарындамыз.
Әрине, мегаполис болудың қуанышымен қатар міндеті де бар. Қала тұрғындарынан талап етілетін жауапкершілік артып отыр. Қазір әлемде тағы бір үрдіс шықты. «Ақылды қалалар» дейтін. Онда шенеунік деген болмайды. Ол жер компьютермен, бағдарламамен басқарылады. Біз технологиялық тұрғыдан бұл бағытқа енді қадам басып жатырмыз. Соған ұмтылуымыз қажет.
Жалпы, енді қала тұрғындарының өзі жете түсінуі керек. Осындай мегаполис шаһарда тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттігін жанымен ұғынатын сәт. «Тазалық тазалықты сақтаған жерде болады». Осындай сана қалыптасуы керек.
Республикалық статус алу – инвестиция тартудың кең мүмкіндігі. Мен Шымкенттің тұрғындарын әлдеқайда іскер, еңбекқор деп есептеймін. Алматы мен Астанадан еш кем емеспіз. Енді жұмысты жүйелей білсек, қала тек дами түседі. Біздегі ресурстарға қызығып отырған иневесторлар да көп.
Даму бағытымыз да айқын – ол «ақылды қалалардың» қатарына кіру. Мұндай шаһарларда жасанды интеллект дамиды. Ендігі кезекте қаланың ішіндегі жолдарды кеңейту, қаладағы тазалықты сақтауға мән беріледі. Шымкенттің кемшілігінен артықшылығын көп көреміз ғой. Кемшілік уақыт-сәтімен жойылады. Оны жоятын, оған атсалысатын қала тұрғындарының өзі.

Қаржы орталығына айналуға мүмкіндік бар

– Шымкенттің әлеуеті қаншалықты? Елбасының өзі атап өткеніндей, бұрынғы облыс орталығында өндіріс орындарының 60 пайызы орналасыпты...
– Әрине, бізде ресурс көп. Қазақылығымыз басым. Қай құндылықтың да сапасын арттырсақ, заман көшінен қалмаймыз. Кез-келген өзгеріске бейім екеніміз де рас. Аумағы да ең үлкен қала – Шымкент. Туризм жағынан өте бір тартымды аймақта тұрмыз.
Қаржылық тұрғыда инвесторлардың келуімен таяу уақыттың ішінде Алматы мен Астананы қуып жетеміз деген ойдамын. Іскерлік тұрғысынан қаржы орталығына айналуымызға әбден мүмкіндік бар. Туризм дамиды. Өндіріс орындары көбейеді. Түркістан облысы ауылшаруашылығы, жылыжай, жаңа технологияларды ендіру, қарқынды бау бойынша республикада ең алдыңғы қатарда тұрған өңір ғой. Ендігі кезекте Шымкентттің аумағында да өнеркәсіп орындары көптеп салынады. Бұрын алдыңғы қатардан көрінгеніміздей, енді осы сатыдан түспеуіміз керек. Ет, азық-түлік өндірісін дамытуда да әлеует бар.
Келешекте адам баласының басым бөлігі қалаларда өмір сүреді дедік. Бізде де «Бөрте милка» сүт өндірісі ашылды. Онда бәрі роботтандырылған. Меніңше, қалада осындай нанотехнолгиялар, жасанды интеллект дами түседі деп ойлаймыз.
Шымкентте туризмді дамытуда қандай жобалар керек?
– Рас айтасыз, ресурстардың молдығына сай енді оның әр түрлі механизмдерін ойластыра білсек. Әр түрлі фестивальдар ұйымдастыруға болады. Мысалы, қызғалдақ фестивалі. Жапонияда жылына келетін туристердің 70 пайыздан астамы шие гүлдеген мерекесін тамашалаушылар екен. Бір апта ғана уақыт. Бізде де неге осыны қолға алмасқа?! Туризм деген өзі маусыммен ғой. Бізде де түрлі жобалар жасауға болады. Мәселен, жүзім піскен уақытты туристерді тартатын маусым етсек. Мәселен, Францияда жүзім жинайтын маусым әлемге танымал. Туристердің өзі жинайды. Әрі шаруамен бірге жұымс істейді, әрі ақша табады. Өте тамаша жоба.
Келесі жобаның бірі – этнотуризм. Қай саласы болса да насихаттай білсек. Қолөнеріміз бар. Экотуризмді дамытуға де мүмкіндік мол. Қазір адамдар қаланың тіршілігінен шаршайды да этноорталықтарға барып демалады. Саумал ішу сәнге айналды. Біз шетелдіктерді жол салып немесе ғимаратымызбен таңдандыра алмаймыз. Олардың қызығатыны – бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақтың қалай өмір сүріп жатқаны. Осы тұрғыда да көптеген жобаларды іске асыра білсек.

Шымкенттің бренді болуға лайық дүние көп

DSC 7530

Бүгінде Шымкенттің символы жайында көптеген құндылықтар айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, қаланың бренді болуға не лайық?
– Меніңше, қызғалдақ дұрыс деп ойлаймын. «Шым» деген көгеріп тұрған, көк майса деген мағына береді. Көк майсаның ішінде біз үшін ең бағалы нәрсе – гүл. Сол себепті қызғалдақты ұсынар едім. Кейде біз өзіміздің құндылықтарымызға мән бермей жатамыз. Ол құндылықтарымыздың қадіріне, әсіресе, сыртта жүргенде көз жеткізетініміз бар.
Еуропада Люксембург дейтін шағын қала бар. Сол қалада көшенің бәрінде гүл өсіп тұрады. Қала тұрғындары көше бойын күнде таңертең кезекпен тазалайды. Біздің мұндай көзқарасқа жету үшін уақыт керек. Түрлі жобаларды қолға алу қиын емес, жасағанды күтіп-ұстау қиын. Біз осыны түсінуіміз керек.
Екінші бір ұсынысым – Шымкенттің жүзімі де бренд болуға лайық. Қазығұрттың бөктерінде Испаниядан алып келген жүзімнің сорттары егіліп жатыр. Дәмі керемет. Ол жағын да ойлап қойған жөн.
Қошқар ата бұлағы да бренд болуға әбден лайық. Қазір абаттандырылып, қандай керемет жобалар ашылып жатыр. Жалпы, қазір бір керемет ғимарат салып ешкімді таңдандыра алмайсыз. Біздің қаламызда ескерткіштер жетеді. Солардың өзін күтіп-ұстау, халыққа жете түсіндіру, осы бағытта жұмыс істесек, ұтарымыз көп. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да осы тұрғыда бағыт бар.
Ал егер бұл тұрғыда сәулет ғимаратын салар болса, менің ұсынысым дайын: бізде шығыс пен батыстың үйлесімділігін таба білген ерекше ғимарат салынуы тиіс. Біз Батыстың немесе Шығыстың бір ғимаратын соғып, әлемді таңдандыра алмаймыз. Екеуін біріктіре, үйлесіммен жоба жасау тамаша идея болмақ.
Жалпы, түйіндей айтқанда, Шымкент – жастардың қаласы. Қазіргі студенттерге қызғанып қараймын. Біздің кезімізде қандай еді? Қазір салынып жатқан сауда үйлері, кинотеатрлар қандай керемет! Серуендеуге барлық жағдай жасалған. Жастар осындай қалада өмір сүріп жатқанын тек бағалай білуіміз қажет.
Қазір құндылықтарды бағалайтын кезең. Енді үшінші мегаполис қаланың жақсылығын айқындап, кемшін тұстарын таразылап, барымызды баянды ете білсек. Өндірісімізбен, білім-ғылым, жастарымыздың мәдениетімен өзге қалаларға үлгі болатын жауапкершілік жүгі екі еселенбек. Қала тұрғындары бұл тұрғыда жұдырықтай жұмыла, өз қаласына деген сүйіспеншіліктерін көрсетуі тиіс.
Қарапайым ғана ұсынысым: біз өзіміздегі бар жобаларды, құндылықтарымзды анимациялық тұрғыдан да дәріптей білуіміз керек. Жас балалар кішкентай кезінен құндылықтарымызды танып білсе, игі іс емес пе?! Сүйіспеншілігі оянады. Оның көлемін ұзақ етудің де қажеті жоқ. Ең бастысы – тартымды етуде. Бізге ой салатын, қысқа-нұсқа бейне роликтер көптеп дайындалса деген тілегім бар. Ол – қала тұрғындарына, шетелдік туристерге біздерде мынадай бар деп таныстыруға керемет мүмкіндігі болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Последнее изменение Пятница, 29 Июнь 2018 05:07
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.