Шымкент қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Астана күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов барша қала тұрғындарын маңызы ерек мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарға мерекелік медаль тапсырды.
– Барлықтарыңызды Астана күні мерекесімен құттықтаймын! Бүгінде Астана қаласы сәні мен салтанаты келіскен, 20 жылда әлемдегі озық қалалардың қатарына кірген, айбыны асқан шаһар. Елорда күні Тәуелсіздігімізді танытатын мерекеге айналды. Таяуда ғана Астана қаласының әкімімен кездесіп, меморандумға қол қойдық. Жақын арада біз елордаға өз мамандарымызды жіберіп, ондағы жаңалықтарды өзімізде де енгіземіз. 19 маусымнан бері шымкенттіктер үшін де жаңа өмір басталды, – деді қала әкімі.
Ғабидолла Рахматоллаұлы жиында бірқатар азаматтарды «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаев, қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров, қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бейсенбек Жанбосынов, «Бал текстиль» ЖШС директоры Талғат Ысқақов, ақын Ханбибі Есенқарақызы, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры Айгүл Қапбарова, «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева, Шымкент қалалық №1 спорт мектебінің директоры Оңғарбай Үндемесов, сондай-ақ, ұстаздар, еңбек ардагерлері де мерекелік медальді кеудесіне тақты.
Жиында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әсем әнді әуелетіп, мерекенің ажарын кіргізді.