Шырайы артқан Шымқала Избранное

Пятница, 13 Июль 2018 03:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2922 раз

Шымкенттің шырайын арттыруға бүгінде жауапты мекемелер ғана емес, әрбір қала тұрғыны ықыласты. Қалада 156 орталық көше, 8 саябақ, 32 гүлзар, 46 ескерткіш бар. Жайдары жаз кешінде олардың қайсыбірін саяласаң да салқын, таза, жасыл желек пен қызылды-жасыл гүлге оранып жатыр.

DSC 9461

Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналды-шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, бүгінде бұрынғыдай көше шамдарын сындырып кету, көгалды таптау, гүлді жұлу оқиғалары едәуір азайған. Керісінше, қала тұрғындары көріктендіру жұмыстарына бір-бірімен жарыса атсалысуға тырысады. Өз ауласы мен көшесін гүлдендіріп, «Таза қала» байқауына қатысып жатқаны қаншама?! 2018 жылы қаланың саялы орындарын Бекет батыр көшесіндегі гүлзар мен «Астана» аллеясы және Қошқар ата өзенінің абаттанған жағалауы толықтырды.
– Қаланың тазалығына «ЛТД Тұрмыс», «СМД-Құрылыс», «Бәйтерек-ЛБ», «Югдорсервис» ЖШС мердігер мекемелері жауапты. Қазір күн ыстық, жаз маусымында атқарылатын жұмыстың негізгісі – көшелерді жуу, қала аумағындағы гүл, ағаш сынды жасыл желекті күтіп ұстау, суару жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Бұл шаруалар көбіне кешкі және түнгі уақыттарда атқарылады, – дейді Нұрлан Қарабалаұлы.
Бұдан өзге қаладағы 1 146 аялдаманың бірқатары жекеменшікке берілгенімен, басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп-ұстау жұмыстары – ТҮКШ бөлімінің құзырында. Қоғамға жайлы әрі ыңғайлы болу талабына жекеменшік аялдамалар да сай болуы тиіс. Осы талап негізінде алдағы уақытта бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Талапты орындамаған жағдайда аялдама мемлекет меншігіне өтеді.
«Шатқал» бағдарламасы аясында қолға алынған «Самал» саябағында көгалдандыру жұмыстарына 2018 жылы қала тұрғындары жаппай қатысты. Бүгінде ондағы мыңдаған түп ағашты күтіп, баптау жұмыстары қолға алынған.
– «Шымсая», «Юнус Эмре», «Депутаттар» және «Нұр Отан» шатқалдары қала аумағына қарасты. Қазір мұнда жер асты су ұңғымаларын қазу, саябақтарды қоршау жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Юнус Эмре» саябағының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Келер жылы бұл шатқалда қызу құрылыс жұмыстары жүргізу жоспары бар, – дейді бөлім басшысы.
Шымқаланың аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстары мазараттарда да жүргізіледі. Олардың саны 65 болса, 44-ін тазалап, күтіп ұстауға ТҮКШ бөлімі жауапты. Ал 2014 жылы қала аумағына енген тағы 21 қорымның құжаттары заңдастырылған соң олар да аталған мекеме қарамағына өтеді.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:38
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.