Версия для печати

Жеделсатының жағдайы қалай? Избранное

Среда, 25 Июль 2018 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4406 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Республикадағы үшінші қалада ғимарат саны көбейіп, тұрғын үйлер биіктей бастады. Ғимараттар зәулім болған сайын тұрғындардың лифтіге деген қажеттілігі артады. Шымқалада 2000-ға жуық көпқабатты үй бар десек, соның 200-ге жуығына ғана жеделсаты қойылған. Ал олар қауіпсіз бе? Өркениеттің бір белгісі саналатын, қала тұрғындарына қажетті құралдың жағдайын сараптап көрсек.

DSC 0529

Шымкентте 188 көпқабатты тұрғын үйде жеделсаты жұмыс істеп тұр. 16 лифт – 12 қабатты үйде, алтауы – 11 қабатты, ал 46-сы 9 қабатты үйде орналасқан. Соның ішінде 68 лифт Кеңес үкіметі кезінен келе жатқандықтан, арасында пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткендері бар. ГОСТ 22011-95 талаптарына сәйкес қажетті құрылғының пайдалану мерзімі 25 жылға ғана есептелген. Дегенмен қаладағы лифтілерлің арасында 28-40 жылға дейін пайдаға асып жатқандары кездеседі. Сондай-ақ, 4 үйдегі (Желтоқсан, Ілияев көшелері, Тәуке хан даңғылы, Темірлан тасжолы бойындағы) лифт мүлдем істен шыққан, апатты күйде. Қалған көпқабатты 42 үйдегі лифттер ауыстыруды қажет етеді. Әзірге оның отызы сараптамалық тексеруден өткізіліп, пайдалану мерзімі 3 жылға ұзартылыпты.
– Көрсетілген лифт қондырғыларының 120-ы 2000-жылдардан кейін салынған жаңа көпқабатты үйлер мен тұрғын үй кешендеріне орналастырылған. Оның ішінде 5 лифт қондырғысы – қала әкімінің коммуналдық меншігі болып табылатын Ә.Молдағұлова көшесіндегі №44 үйдегі 3 лифт, Желтоқсан көшесіндегі №8,9 үйлердегі 2 лифт апатты жағдайда болуына байланысты ауыстырылды, – дейді Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ұлжан Тұрсынбекова.
Тозығы жеткен 68 жеделсатының 21-і «Өңірлерді дамытудың 2012-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жаңартылған. Мамандар соңғы жылдары елімізде жеделсатыға қатысты туындап жатқан мәселелерден кейін сапаға мән беруді дұрыс санайды. Қазір бұрынғыдай ағаштан жасалған емес, заманауи, берік әрі сапалы материалдардан жасалған лифтілер Беларуссия, Түркиядан жеткізіліп отыр.
Осы орайда айта кетейік, қаладағы үйлерде тұрғындардың кіріп-шығуын оңайлататын құрылғыны жаңарту тұрғындардың құзырына кіретіні тағы бар. Жергілікті билік қажетті құралдың сақталуына ғана жауапты, ал бұзылғанда жөндеу, ауыстыру, жарамды-жарамсызын сараптамадан өткізуді тұрғындар өз қаражатымен жүргізеді. Айталық, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 39-бабында «Егер үй-жайдың (пәтердің) меншiк иесi ортақ мүлiктiң кез келген бөлiгiне немесе кез келген басқа үй-жайға залал келтiрсе, ол залалды өз есебiнен жоюға, не оны жою жөнiндегi шығындарды өтеуге мiндеттi» делінген.
Ұлжан Тұрсынбаева «Өңірлерді дамытудың 2012-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жергілікті бюджеттен пайызсыз, қайтарымды негіздегі қаржыға үй тұрғындарының өтініші бойынша пайдалану мерзімі өткен жеделсаты қондырғыларының бөлшектерін ауыстыруға, қалпына келтіруге мүмкіндік бар екенін айтады.
– Көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатының қауіпсіз болуы тұрғындардың өзіне байланысты. Сондықтан бағдарламаның тиімділігін пайдаға жаратқаны дұрыс. Өйткені, қауіпсіздік бірінші кезекте болуы тиіс, – дейді маман.
Шымшаһардағы бірқатар үйлердегі жеделсатылар демеушілердің көмегімен жаңартылған. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын облыстық әкімдік пен «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түзілген меморандумға сәйкес қаралған қаржы есебінен 5 лифт қондырғылары ауыстырылыпты.
Қаламызда арнайы лифт қондырғыларына қызмет көрсететін бірнеше мекеме жұмыс істейді. Атап айтқанда «Шымкентлифтмонтаж», «Элитлифтсервис», «Қазақлифт», «Лифтинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Олар үй тұрғындарымен келісім-шарт түзу арқылы қызмет көрсетеді.
Мысалы, «Шымкентлифтмонтаж» ЖШС Шымкенттегі 188 желедсатының 81-не қызмет көрсетеді. Серіктестіктің құзырына электронды картаны сату, жеделсаты ішінде келеңсіз жағдай не апат болғанда көмек көрсету кіреді.
– Тұрғындар арнайы қызмет көрсететін мекемемен келісімшартқа отырғаны дұрыс. Өйткені, мекеме қызмет көрсету үшін лицензиясы болуы қажет еді, қазір ешқандай рұқсаттың қажеті жоқ. Техника болған соң түрлі оқыс оқиғалар болмай тұрмайды. Келісім түзілгенде мамандар қажетті уақытында жылдам жетеді. Бұл салаға қатысы жоқ мамандарды шақырып, тұрғындар алданып қалған жағдайлар кездесуде. Жеделсатымен көтерілгенде аяқ астынан жағдай туындағанда кімнен көмек сұрайтынын білмей дал болады, – дейді серіктестіктің техникалық директоры Рысқұлбек Дауырбаев.
Көпқабатты үй тұрғындары техникалық қызмет көрсетін мекемемен келісе жұмыс жасағанда жеделсаты кабинасының іші-сыртына міндетті түрде құрылғыны пайдалану ережесі, маманның және апатты қызметтің телефоны жазылады.
Мегаполистің сәулетінен көпқабатты тұрғын үйлер ойып тұрып орын алатын анық. Ал шаһарымызда «Шымкент-Сити», ескі қалашықтың орнына салынатын үйлер және бұдан өзге үлкен жобалар бар. Оларға жаңа лифті орнатылатыны белгілі. Ал ескілерін жаңалатуға демеушілердің табыла бермесін ескерсек, «Өңірлерді дамытудың 2012-2020 жылға дейінгі бағдарламасы» ғана тығырықтан шығармақ. Себебі, қай кезде де адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі маңызды.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:12
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.