Мегаполис ретсіз саудадан арылуы тиіс Избранное

Среда, 01 Август 2018 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 442 раз

Үлкен көшелер тарылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдар жабылып қалады. Осындай көрініс «Қырғы базар» аумағында қалыптасқаны соншалықты, мұндай тәртіпсіздікке сатып алушылар да үйреніп, тіпті бейімделіп-ақ кеткен. Бәрі қалыпты сияқты. Алайда, жергілікті тұрғындар күні бойғы кептелістен шаршаса, қаланың осы тұсындағы қоқысты жинау Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты тазалыққа жауаптыларға да оңай тимеген. Әл-Фараби ауданына қарасты Төле би көшесіндегі ретсіз сауданы жоюға байланысты сот шешім шығарды. Сол арадағы 34 дүңгіршек сүріліп, сатушыларға орталық базар ішінен 150 орын ұсынылды. Бұл мәселе қалай және қай кезден бастап қолға алынғаны туралы ауданы әкімі Ғабит Мәуленқұловтан сұрап білдік.

DSC 4166

– Жасыратыны жоқ, ретсіз сауда орталық қырғы базардың айналасында ғана емес, қаланың әр түкпірінде, адам көп жиналатын жердің бәрінде бар. Оны ретке келтіру жұмыстары қай кезден бастап қолға алынды?
– Ретсіз сауданы болдырмау мақсатында соңғы 4-5 жыл көлемінде тұрақты жұмыс жүргізіліп келді. Қазіргі таңда қарқын алған себебі, біріншіден, биыл жазда
Елбасы Жарлығымен
Шымкент қаласы Қазақстандағы үшінші мегаполис атанды. Екіншіден, 2020 жылы Шырайлы шаһарымыз ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Біз осы абыройлы әрі жауапты сын сағатқа ел болып дайындық жасауымыз қажет. Үшіншіден, қазір сот шешімі бар және ол күшіне енді. Осыған байланысты дүйсенбі, 30 шілде күні сот орындаушылар «Қырғы базар» аумағындағы заңсыз салынған дүңгіршектерді алу ісін бастады.

000488

Сот ісі 2015 жылы басталған

– Сатушылар «бізге ешкім ескертпеді», «неге жайғасуға уақыт бермеді?» деп реніш білдіруде? Оларға ретсіз сауданың жойылатыны туралы бұған дейін ескертілді ме? Жалпы, сот ісі қашан басталды? Кім арызданды?
– Сотқа талап-арызды «Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2015 жылы түсірген. Бұл мекеме Шымкент қаласындағы Төле би көшесін көріктендіру және абаттандыру жұмыстарына жауапты. Алайда, аталған жер учаскесін бүгінге дейін заңсыз пайдаланып келген жауапкер Б.Қонысбаев пен А.Сапарова дүңгіршектерін алу тұрмақ сот отырысына қатыспағаны, олардың ешқандай қарсы дәлел келтірмегені туралы 2018 жылдың 27 ақпанындағы сот шешімінде айтылған. Жалпы, сот шешімінің орындалатыны туралы дүңгіршек иелеріне ескертілді. Ал ондағы әрбір сатушыға ескерту сот орындаушының міндетіне қарамағанымен, бұған дейін бірнеше рет парақша таратылып, әр сатушыға жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

121122

– Сонда сот шешімі ақпанда шықты ғой?
– Иә, соңғысы Әл Фараби аудандық сотында қаралып, 2018 жылдың 27-ақпанында сот шешім шығарды. Апелляциялық шағымға байланысты Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қайта қарап, 27 маусым күні қаулы қабылдады. Сот шешімі күшінде қалды. Бұған дейін дүңгіршектерді өз қаражатына бұзып алу жауаптыларға бірнеше рет ескертіліп, сатушыларға да тиісті орындарды босату айтылғанымен, күні кешеге дейін орындалмады. Мемлекет меншігіндегі жер телімін босату жұмыстары 18 шілде күні сот орындаушыларға тапсырылды.
– Сонда, ретсіз сауда қызыл сызықтың бойында орналасқаны ма?
– Қызыл сызық деуге де болады. «Қырғы базар» аумағындағы ретсіз сауда орнығып алған жер учаскесі – Төле би көшесінің жалғасы және тротуар. Ол – мемлекет меншігіндегі көпшілік ортақ пайдаланатын жер телімі болып табылады. ҚР Жер кодексінде ортақ пайдаланылатын жер телімі туралы нақты айтылған. Бұл заңды жағы. Ал біз қаламыздың көркін бірінші орынға қойып қарағанымыз абзал. Мәселен, сол «Қырғы базар» маңындағы тұрғындардан аудан әкімдігіне түрлі арыз-шағымдар тіркеледі. Олардың басым бөлігі сол тұстағы жол кептелісіне шағымданса, бірқатары тазалықтың сақталмайтынын, тағы біразы ретсіз саудадан аяқ алып жүрудің мүмкін еместігін айтып, арызданады. Біз осының бәрін дұрыс түсінуіміз керек.

Жалған ақпарат... дүрліктірді

IMG-20180728-WA0018

– Дегенмен әлеуметтік желіде, «ескертілмеді, көшуге мұрсат бермеді» деген ақпарат тарады. Бұған не айтасыз?
– Әрбір блогер, әрбір журналист өзінше жұмыс істейді. Оған ешкім тыйым сала алмайды. Бірақ, Заң талабы бәрімізге ортақ. Бұл жөнінде құқық қорғау органдары өздері жұмыс жасар. Ал әкімдік тарапынан БАҚ өкілдеріне бір өтініш айтқан болар едік. Қандай да бір мәлімет қажет болған жағдайда алдымен әкімдікке хабарласып, мән-жайды біліп алса екен. Мысалы, facebook әлеуметтік желісіне осы мәселе туралы пост шығарған кейбір қолданушылар әкімдікте жұма күні брифинг өткенін де білмейді. Брифингте БАҚ өкілдеріне қандай мәліметтер ұсынылғанын да білмейді. Тіпті, қандай мәселе қаралғанынан да бейхабар. Ақпаратты біржақты таратып, екінші жақтың уәжіне ізденіс жасамаған. Соның салдарынан ыңғайсыздықтар туындады. Екі ортада зардап шегетін – қарапайым халық. Оларды барып дүрліктіріп кетті. Соның салдарынан сүру жұмыстары басталғанша сатушылар тауарын алып кетудің орнына журналистің уәдесіне сеніп, сол маңда жүрді. Қандай да бір жағдайдың алдын алу үшін полиция қызметкерлері, психологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем қызметі және басқа да мамандар «Қырғы базар» аумағынан табылды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.

Сатушыларға 1 айға орын беріледі

– Қанша дүңгіршек бұзылды? Оған тек Б.Қонысбаев пен А.Сапарова жауапкер ме? Сатушылардың жағдайы не болады?
– Сот «Қырғы базар» маңындағы Төле би көшесінің жалғасын босату туралы шешім шығарды. Мұндағы 34 дүңгіршектің иесі – Б.Қонысбаев пен А.Сапарова. Дүңгіршектердің барлығы бұзылды. Ал сатушыларға базар әкімшілігі «Қырғы базардан» 150 бос орын ұсынды. Тауарды түріне қарай жеміс-жидек, күнделікті тұтынатын киім-кешек, аяқ киімдер қатарына жайғастырды. Айта кетейін, базар сыртындағы ретсіз сауда қатарында мектеп формасын сататын орын болған жоқ. Базар ішінен берілетін орындар үшін әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес 1 айға ақысыз және осы сатушылар салық төлеуден де уақытша босатылды.
– Сатушылар қатарында 2-3 сағатқа келіп, жеміс-жидегін жол бойында отырып сатып кететіндер де бар. Дүңгіршекті жалға алмайды. Олар қайтпек?
– Әрине, ретсіз сауданың негізі де осы маусымдық сатылымнан туындауда. Жаз маусымында өз бақшасында өніп-өскен көкөніс пен жеміс-жидегін көлікке тиеп әкеліп, 2-3 сағатта тротуар маңайында сатып қайтатындар көп. Тіпті, сондай азаматтарға «Қырғы базардың» кіреберіс дәлізінен орын қарастырылған. Осыны халық түсініп, келісіммен әрекет жасаса дейміз. Сатушы 2-3 сағатта сатып кетеді. Ал тротуар бойындағы санитарлық тазалыққа ешкім қарап жатқан жоқ. Себебі, көше мен тротуар тазалығына әкімдік жауапты. Дегенмен, әкімдік тек көше тазалығымен айналыспайды. Белгілі бір меже бар. Мәселен, 1 көшені 2 күнде барып тазалауы мүмкін немесе 1 күнде 2 рет. Ал ретсіз сауда шоғырланған жерде тазалық сақталмайды. Күнде қоқыс, шіріген көкөніс, жеміс-жидек қалдықтары. Кеше қоғамдық талқылауға түскенде де байқасаңыз, пікірлер екіге бөлінді. Бірі сатушыларға жанашырлық таныста, екіншісі тазалықты жақтады. Дегенмен, біз мейлінше әкімдікке санитарлық тазалық сақталсын деп талап қойған сол аумақ тұрғындарының өтінішін орындауға қызмет етеміз. Осыны басқа да қала тұрғындары түсінуі тиіс.

Базарларда 4 564 бос орын бар

– Базар әкімшілігі кешегі сүру жұмыстары барысында БАҚ өкілдеріне бос орындардың 3 айға дейін тегін берілетінін мәлімдеді. Ал, меморандум бойынша 1 ай ақысыз дедіңіз. Бұл қалай болады?
– Ретсіз саудаға байланысты жұмыстардың соңғы 4-5 жылдан бері жүріп жатқанын айттық. Бұл – тек Әл Фараби ауданы бойынша емес, тұтас қала көлемінде қолға алынған шара. Бұл жауапты қызметке мен келмей тұрып-ақ қаладағы 8 базар басшысымен аудан әкімі аппараты меморандум түзген. Меморандум аудан көлемінде ретсіз сауда орындарын жою, қала көшелеріндегі санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында түзілді. Осыған орай әр базар иесі бос орындар ұсынып, мейлінше жеңілдіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Алаш» базары жеміс-жидек сатуға 12, басқа тауарларға 35 орын ұсынды. Меморандум аясында сатушыларға «Айна» базары – 45, «Бекжан» базары – 4000, «Әсел» базары – 160-тан астам, «Автонұр» базары – 50, «Самал» базары – 52 бос орын ұсынса, «Акбар» базарының басшысы Б.Акбаров таяу күндері 60 кәсіпкерге өз ісін дамытуға орын табылатынын және 180 адамды осы салада жұмыспен қамту мүмкіндігі барын айтқан. Қазір «Акбар» базарында құрылыс жүріп жатыр. Ал тағы да басқа жеңілдіктер қарастыруға базар басшылығы құқылы.

Мәдени астананың дайындығы зор

36474437 652370598450012 5975172052817018880 n

– Сонымен, «Қырғы базардың» болашағы қандай?
– Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатыны белгілі. Оған байланысты өзгерістер орталық қырғы базарда да жүруі тиіс. Базар басшысына қала әкімдігі тарапынан базар келбетін жаңарту туралы тапсырма берілді. Енді базар басшысы 1 ай көлемінде жобалық-сметалық құжат әзірлеп тапсыруы тиіс. Қалғаны болашақтың еншісінде.
– Қалай болғанда да, тақырыптың басы Шымқала сәулетіне келіп тіреледі. Ретсіз сауда тек орталық базардың айналасында шоғырланбаған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба ма?
– Шымкент үшінші мегаполис болғандықтан бұл жұмыстар міндетті түрде жалғасады. Еліміздің Астана, Алматы қалаларынан бөлек, шетелдің үлкен шаһарларымен салыстырып қараған дұрыс шығар. Қала көркін қалыптастыру, тазалық сақтау жұмыстары тек қала басшылығының немесе құзіретті мекемелердің араласуымен шешімін таппай, әрбір тұрғынның ерекше жанашырлығымен жандана түссе деген тілегіміз бар.

Последнее изменение Среда, 01 Август 2018 10:28
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.