Жолайырық құрылысы қыркүйекте аяқталады Избранное

Среда, 01 Август 2018 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2924 раз

Шымкенттегі «Бекжан» базары маңында, Темірлан тасжолының бойындағы жолайырық құрылысы бітуге жақындады. Соңғы меже қараша айы деп жоспарланып отыр.

DSC 2703

Мердігер мекеме – «ЖБИ-С» ЖШС құрылысты ертерек, яғни қыркүйек айында аяқтауға күш салуда. Қазір негізінен ұсақ-түйек жұмыстар қалған. Жалпы, бұл жобаның пайдалануға берілуінің нәтижесінде көлік кептелісі біршама азаймақ. Есептеулер бойынша, бұл нысаннан тәулігіне 150 мыңға жуық көлік өтеді деп жоспарланып отыр.
Халқы миллионға жеткен Шымқалада көлік қозғалысы да аз емес. Қалада соңғы кездері автомобиль жолдарын кеңейту, қала көшелеріндегі кептелістерді азайту және үшінші мегаполистің ажарын аша түсу мақсатында жолайырықтарды көбейту назарда тұр.
Таяуда ғана Астана даңғылының бойынан жаңа жолайырық салынатыны мәлім болды. Соның нәтижесінде қаланың орталық көшелеріндегі көлік қозғалысы біршама азаймақ. Болашақта ұзындығы 6 шақырымға жететін бұл көше Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығы мен Тассай тұрғын алабын байланыстырады.
Былтыр қалада 7 ірі айналма жол салынатыны жоспарланған-тын. Халық көп шоғырланған аумақта 2017 жылдың шілде айынан бері көшелер жабылып, құрылыс басталып кетті. Мұнда «Бекжан» базары, автобекет, облыстың орталық мешіті және басқа да халық көп жиналатын нысандар орналасқан. Облыс әкімі
Ж.Түймебаев пен қала әкімі Ғ.Әбдірахымов та нысанды аралап, құрылыстың сапалы орындалуын міндеттеген.
– Жалпы, жолайырықтары мен жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерді пайдалануға беру арқылы көлік кептелістерінің алдын алуға мүмкіндік бар. «Бекжан» базары маңындағы жолайырық құрылысының бірінші кезеңі аяқталуға жақын, - дейді қалалық жолаушылар көлігі және атвомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қайрат Баймендиев. - Мердігер мекеме қыркүйек айында-ақ жолайырықты тұрғындар игілігіне беруді жоспарлап отыр. Ал жобаның екінші кезеңін жүргізу бойынша да жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Қазір қаржы бөлуге ұсыныс жасалуда. Екінші кезең бойынша оң жақ, сол жақ өткелдерінің құрылысы жүргізіледі. Дегенмен, бұл жолайырықпен қыркүйектен бастап көліктер жүре береді, Алматы-Ташкент бағытындағы Темірлан тасжолының Ахунбабаев көшесімен қиылысқан тұсынан тәулігіне 109 000 көлік жүріп өтетін. Жолайырық пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш тағы 41 000-ға артады. Айта кететіні, құрылыс кестеге сай, өз уақытында аяқталғалы отыр. Жобаға 1 737, 508 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлінген.

Алты жоба кезең-кезеңімен іске асады

Рисунок2

Қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарланған 6 жолайырықтың құрылысы кезең-кезең бойынша жүргізіледі. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Жалпы, көлік кептелісінің алдын алатын жолайырықтардың жобалық құны әр түрлі. Құрылыс кезеңі 2018-2020, 2020-2022 жылдарды қамтиды.
Бәйдібек би – Арғынбеков – Назарбеков – Астана көшелерінде, Жібек Жолы – Сайрам, Рысқұлов – Қонаев, Бәйдібек би – Кіші айналма жолы аралығында салынатын жолайырықтардың көліктерді өткізу мүмкіндігі де әр түрлі. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және атвомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі
Қайрат Баймендиевтің айтуынша, жоба толығымен іске асқан сәтте Бәйдібек би – Арғынбеков көшесіндегі жолайырықпен тәулігіне 175 мыңға дейін, Бәйдібек би – Астана көшелерінің қиылысында орнатылған жолайырық арқылы көлік қозғалысының қамту көрсеткіші 75 мыңнан 130 мыңға дейін ұлғаяды.
Құрылыстарды жобалау жұмыстарымен «Антал» ЖШС және «ПК Арнай» ЖШС айналысып жатыр. Жалпы, жылдың соңына дейін жобалар мемлекеттік сараптамадан өткізілуі тиіс. Төрт жолайрықтың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржы бөлуге ұсыныс беріледі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.