Жолдан қалған жолаушылар: өтемақы төленеді

Пятница, 03 Август 2018 08:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 99 раз

Шымкентке батыс, солтүстік өңірлерден қайтатын 3 бағыттағы пойыз жолдан кешікті. Жолы бөгелген осы жолаушыларға теміржол вокзалында қандай қызмет көрсетілді?

DSC 4347

31 шілде күні сағат 08:05-те Жамбыл облысына жүк тиелген пойыздың 10-нан астам вагоны рельстен шығып кетті. Төтенше жағдай Қашқантеңіз-Жастар өткелінің Мойынты-Шығанақ бөлігіндегі Сарышаған стансасында орын алған. Соның салдарынан 5 бағыттағы пойыз жолы жабылып, мыңдаған жолаушы межелі жеріне дәл уақытында жете алмады.
Осы бес бағыттағы пойыздың үшеуі Шымкенттегі станцияға қатынайды. Қалаға келген жолаушылардан бөлек тағы 250-ден астам жолаушы жергілікті станцияға жиналды. Алайда, пойыздың кешігетінін естіген соң 150-і байланыс нөмірін қалдырып, үйлеріне қайтқан.
Түркістан облыстық «Шымкент магистральді желі» бөлімшесі филиалы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Е.Занкоев түсіндіру жұмыстарынан кейін теміржол вокзалында 100-ден аса жолаушы қалғанын айтты.
– Олар Шымкентте тұрмайды. Пойыздары келгенше қайда барады? Осы теміржол вокзалында түнеді. «Қазақстан Темір жолы» ҰК АҚ жолаушыларға тек сервистік қызмет көрсетуге міндетті.

DSC 4370-1

Алайда, кешегі жағдайға байланысты қолымыздан келгенін жасадық. Ана мен балаға арнайы жабдықталған бөлме берілді. Түнде көз шырымын алу үшін бәріне орын қарастырылды. Тамақтануға жағдай жасап, сусын жеткізіп бердік. Дегенмен, жолынан қалған, уақтылы үйіне жетіп, дұрыс тыныға алмаған адамның ашулануы заңдылық. Ондай сәттерді де түсінеміз және жолаушыларымыздан төтенше жағдайдың орын алуынан туындаған келеңсіздіктер үшін «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ атынан тағы да кешірім сұраймыз.
Бүгінде барлық бағыт бойынша кешіккен пойыздар келді, жолаушылар аман-есен жолға шығып кетті. «Ал межелі жеріне кешігіп жеткен барлық жолаушылар пойыздан түскеннен кейін вокзал станцияларынан өтемақы алды» дейді билет кассирі Бегарыс Сапарбай.
– Жолсерік акт толтырып беруі тиіс. Оның аты-жөні жазылып, қол қойған құжатымен кассаға келеді. Кассада кезек көп болса кешке, түнде немесе ертеңіне келіп алуына болады. Жолаушылар тасымалдау қызметі тек осы оқиғаға байланысты әрбір кешігіп жеткен азаматтарға өтемақы ретінде билет бағасының 3%-ын қайтарып береді, – дейді кассир.
Сондай-ақ, Бегарыс Толтайұлының айтуынша, тек сол күнгі пойыздың кешігіп келуіне байланысты жолға шыға алмаған жолаушылар да билетін теміржол кассасына тапсырып, өз ақшасын 100% толық қайтарып ала алады. Жалпы, Сарышаған стансасындағы оқиғаға байланысты уақытынан кешіккен 5 бағыттағы пойыз жолаушыларының саны 4 мыңнан асып жығылады. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелмеген. «Исткомтранс» ЖШС-не қарасты жүк пойызының рельстен шығып кетуіне 28-вагонның бүйір рамасы сынып кетуі себеп болған. 2009 жылдан бері қолданыста жүрген бұл вагондардың рельстен шығып кетуіне байланысты осымен 14-ші оқиға тіркелді. Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы бүйір рамаларды қолданыстан алып тастау туралы 2015 жылы шешім қабылдаған екен. Енді шешімге құлақ аспаған жүк вагондарының иесі, заңға сәйкес барлық шығынды өтеуге міндетті. Қазіргі таңда оқиғаны тексеру бойынша арнайы комиссия құрылып, өз жұмысын бастады.

Последнее изменение Пятница, 03 Август 2018 08:57
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.