Версия для печати

Жаңа оқу жылына – 5 жаңа нысан Избранное

Среда, 08 Август 2018 04:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3897 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында жаңа білім ошақтары ел игілігіне берілмек.

IMG 5934

Нақты айтқанда Еңбекші ауданындағы балабақша саны тағы біреуге артса, Бозарық шағынауданының жасөспірімдері жаңа мектепке барады. Мұнда 900 орынды мектептің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда жауапты мердігер «Турахмет и компания» ЖШС сыртқы көгалдандыру, көректендіру жұмыстарын жүргізіп, құрал-жабдықтарын орналастыруда.

Құрылыс басқармасы: 12 мектеп, 1 балабақша

Аумағы 2,8 гектар жерге салынған жаңа мектептің техникалық қадағалаушысы «Мирстрой» ЖШС ғимараттың сапасын тексеруден өткізген соң қалалық құрылыс басқармасы (бұған дейін құрылыс бөлімі) нысанды қабылдайды. Ал қала бюджеті есебінен
Еңбекші ауданына қарасты Уәлиханов көшесінде орналасқан №224 қолданыстағы ғимаратты балабақша етіп қайта құру құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Қаратау ЛТД» ЖШС жүргізуде. Сондай-ақ, басқарма биыл құрылысы аяқталатын тағы 4 мектептің қосымша ғимаратына тапсырыс берген.
Атап айтқанда, Сайрам тұрғын алабындағы №112 мектеп жанынан бой көтерген 300 орынды және Таскен тұрғын алабындағы №103 мектепке қосымша - 600, Қарабастау тұрғын алабындағы №99 мектепке 300 орынды жаңа ғимараттар бой көтерді.

IMG 6459

Қазіргі таңда №99 және 103 мектептердің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Ал №76 орта мектептің оқу блогы, асхана, шеберхана және спортзалының құрылыс жұмыстарын аяқтау биылғы қараша айына жоспарланған.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ә.Рабаевтың айтуынша, шаһарда жыл басынан бүгінгі күнге дейін 12 мектеп және 1 балабақша салынған.
– 12 мектептің төртеуінде құрылыс жұмыстары аяқталды, тағы біреуі қарашада пайдалануға тапсырылады. Таскендегі №103 орта мектептің 600 оқушыға арналған жаңа оқу блогына ұлттық қордан қаржы қаралса, Бозарықтағы жаңа мектепке республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Ал құрылысы аяқталған қосымша оқу блоктары өңірлік бюджет есебінен қаржыландырылды, – дейді Әбілсейіт Байсейітұлы.

Бес жаңа мектеп салынуда

Ә.Рабаев құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі нысандардың қатарында 5 жаңа мектептің бар екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда Тұран шағынауданында «Югстройсервис-Н» ЖШС - 1200 орынды, әкімшілік-іскерлік орталығында «НТР» ЖШС - 1200, Қызылжар елдімекенінде «Тур-ахмет и компания» ЖШС 900 орынды жаңа мектептердің құрылысын жалғастыруда. Сонымен қатар бір мезетте 1200 балаға білім беруге мүмкіндігі бар жаңа мектеп Самал-3 шағынауданындағы №6 емхананың жанынан бой көтеруде. Таскен тұрғын алабына қарасты №115 мектептің жанынан да 300 орынды жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде. 2019 жылы пайдалануға берілетін жаңа мектептің бірі қала аумағына енген Шаңырақ тұрғын алабында салынып жатыр. 600 орынды орта мектептің құрылысына жауапты мердігер - «НТР» ЖШС, – дейді басқарма басшысы.
Білім беру нысандарының он екіншісі Мирас шағынауданында орналасқан. №85 жалпы орта мектепке қарасты 150 орынды қосымша оқу корпусының құрылысы келер жылы аяқталады.
Қорыта айтқанда 12 мектептің бесеуі және 1 балабақша биыл пайдалануға беріледі, қалған 7 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі.

8 мектеп күрделі жөнделуде

DSC 5051

Сонымен, Шымкент қаласында биылғы 2018-2019 жаңа оқу жылында 134 жалпы орта мектеп өз жұмысын бастайды. Құрылыс жұмыстарынан бөлек биыл тағы 8 мектеп күрделі жөнделуде. Шымкент қаласына қарасты №28, 30, 43, 47, 64, 65, 104 және 116 орта мектептер оқу жылында оқушыларды жаңа келбетімен қарсы алмақ. Сонымен қатар №40 және №118 балабақша мен Жастардың уақытын тиімді пайдалану орталығы да білім бөлімінің тапсырысымен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы уақытта Шымкент қаласы білім басқармасының бақылауында болады.
Басқарманың жауапты өкілі Махаббат Махамбеткәрімнің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары берілген кестеге сай жалғасуда.
– Шымкент шаһары ірі мегаполистер қатарына қосылды. Шілде айында қалалық білім бөлімі басқарма болып қайта құрылуына байланысты қаржы бөлу біршама уақытқа тоқтатылып, қайта жалғасты. Осыған орай мердігермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қаржы тамыз айында берілетіні ескертілген, – дейді ол.
Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталған 7 мердігер мекеме 118 мектепті ағымдағы жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтаған. Ал жылу жүйелерін сығымдау жұмыстарын тағы 6 мердігер жүргізуде. Олар жұмыстарын келісім-шарт бойынша 11 тамызға дейін аяқтауы тиіс.
– Қазандықтары қатты отынмен жылытылатын 22 білім беру мекемесіне 5 056 тонна көмір қажет болса, оның 1 500 тоннасын тиісті орындарға «KazTransSpecStroy» ЖШС жеткізіп берді. Ал қазандығы сұйық отынмен жылытылатын 3 мекемеге (№49, 95, №10 б/б) 228 тонна сұйық отын сатып алу конкурсын «Бибо$Company» ЖШС ұтып алды, -дейді М.Махамбеткәрім.
Жаңа оқу жылының басталуына 23 күн қалды. Қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс жаңа мектептердің құрылысы аяқталды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен білім ошақтары да оқушыларды қарсы алуға дайын тұр. Ендігі жерде қаладағы 8 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мен жылу жүйесінің дайындығы дер кезінде аяқталуы тиіс.

Последнее изменение Среда, 08 Август 2018 10:47
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.