Пандустар талапқа сай ма? Избранное

Среда, 15 Август 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5755 раз

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында биылдың өзінде 185 нысанға пандустар орнатылған. Мобильді топ мүшелері 271 нысанның иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар негізінен мүгедектерге қолжетімді орта құруға кәсіпкерлерді жұмылдыру мақсатындағы «Біз біргеміз» атты акция аясында жүзеге асып отыр.

DSC 5450

Жалпы, ауданда 64 мемлекеттік мекеме және 1011 жекеменшік нысан бар. Сәйкесінше, 64 мемлекеттік нысанға және жекеменшік 971 нысанға толықтай пандус орнатылыпты. Аудандағы әлсіз топтағы азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру, олардың мемлекеттік және жеке меншіктегі нысандарға еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін акция ұдайы өткізілуде. Бүгінде жеке меншіктегі 185 нысанға пандус қойылса, қалған 40 нысанға жыл соңына дейін орнатылады. Жалпы, ауданда мүгедектердің саны – 3961 адам. Оның ішінде 360 адам арбаға таңылған. Олардың ғимараттарға кіріп-шығуына оңтайлы жағдай жасалуда.
Ауданда мүгедектерге қолжетімді орта құру үшін жекеменшік нысандарға методикалық көмек көрсететін және зерделеу жұмыстарын жүргізетін мобильді топ құрылған. Оның құрамында білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері бар. Талаптарды орындамаған жеке кәсіпкерлерге мобильді топ мүшелері ескерту жасап келеді.
Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Босымбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер тек қана пандус емес, өз жағдайларына қарай жеделсаты да орнатып жатыр.
– Жалпы, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сапасын жақсарту бойынша 2012-2018 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспарда қоғамдағы әлсіз топтағы азаматтардың мемлекеттік мекемемелерге кіруі, көшеде жүріп-тұруына жағдай жасау көзделген. Бұл мақсатта арнайы топ құрылып, тиісінше ескерту жұмыстары жүргізілді. Жалпы, тек мүгедектерге ғана емес, жасы 80 нен асқан қарияларымыз, балаларын ерткен жас аналарымыз да пандустың көмегін пайдаланады. Егер орнатпаған мекемелер болса, оларға арнайы хатпен шығамыз, үш ескерту береміз. Онда да әрекет байқалмаған жағдайда шара қолдану бойынша құзырлы органдарға ұсыныс беріледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

90 пайызға жуық қолжетімді орта қалыптасқан

DSC 5556

«Біз біргеміз» акциясы аясында мобильді топ пен БАҚ өкілдері аудандағы пандустардың жағдайымен танысты. Негізінен сауда орындарындағы жағдайға куә болдық. Мәселен, Тәуке хан көшесінің бойындағы «Ақ дастархан» сауда орны жаңа үлгіде жеделсаты орнатыпты. Арбаға таңылған азаматтарға қолайлы. Зырылдап істеп тұрған жеделсатының көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар осы нысанға еркін кіріп-шыға алады.
Келесі нысан – «Биоклиник» медицина орталығына пандус орнатылған. Бірақ азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайсыз. Мобильді топ мүшелері меншік иесіне ескерту жасады. Кәсіпкерлер межелі мерзімде талапты орындауға уәде берді.
– Жалпы айтқанда Әл-Фараби ауданы бойынша әлсіз топтағы азаматтарға жағдай жасалған. 90 пайыз қолжетімді. 2012 жылдан бастап ай сайын акция өткізіліп келеді. Мектеп, балабақшаларда, сауда ғимараттарында барлығы сәйкес. Дегенмен, кейбір талапқа сай емес жекеменшік нысандар да бар. Салондар, дүкендер де сай емес деп айтуға болады, – дейді қалалық мүгедектер қауымдастығының мүшесі Бейіржан Қазыханов.
Мобильді топ осылайша әр ай сайын акцияны жалғастыра бермек. Ал пандус орнатпаған немесе ескертуге пысқырмай жүрген жүрген кәсіпкерлерге талап күшеймек.