Құрылыс – қала экономикасының күретамыры Избранное

Среда, 15 Август 2018 04:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3906 раз

Тамыз айының екінші жексенбісі Елбасының Жарлығымен құрыш қолды құрылысшыларға арналды. Төл мерекесін атап өткен құрылысшылардың бүгінгі жағдайы қалай? Құмырсқаның илеуіндей күн сайын шаруасы асып-тасып жататын салаға қызығушылық қай деңгейде? Шымкент қаласының құрылысшылары жайлы деректерді сарапқа салып көрелік.

DSC 8117

Олар салған нысандар

Шаһар құрылысшылары Шымкенттегі құрылыстың барлығының басы-қасында жүр. Қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен 6 жаңа мектепті салуда. Биыл бұған қоса тағы 4 мектеп пен 1 балабақшаны қайта құрудан өткізді. Сондай-ақ, зообақтағы қайта құру кезеңдік жұмыстары мен қолданыстағы саябақта субұрқақ салу жұмыстарына қатысты. Бадам өзенінің мұнай өңдеу зауытынан Забадам елдімекеніне дейінгі аралығын абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Құрылысшы күшімен шаһарда 60 көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 1 410 пәтерден тұратын 25 үй биыл пайдалануға берілмек. Бұл – қалалық құрылыс басқармасы тарапынан жасалған тапсырыс негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстар.
Бұдан бөлек 8 мектепті күрделі жөндеу, білім ошақтарының ағымдағы жөндеу жұмыстары, қаладағы жол салу, құбыр жүйесін жүргізу, бағана орнату, көшелерді көріктендіру, абаттандыру және Арбат салу жұмыстары да қара күш пен дәлдікті асқан ыждағаттылықпен үйлестіре білетін құрылыс саласының мамандарына жүктелгені белгілі.

DSC 0323

Мегаполистің алғашқы мерекесі

Шымкенттік құрылысшылардың бүгінгі жағдайын білу мақсатында біз «Жол құрылысы, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, жобалау және техникалық қадағалау жөніндегі жеке кәсіпкерлер заңды тұлғалар қауымдастығының» төрағасы Сұлтанбек Сүгірбаевты сөзге тарттық.
– Биылғы құрылысшылар күні ерекше қуаныш сыйлап отыр. Себебі, Шымкент республикалық маңызы бар ірі мегаполистер қатарына қосылғаннан кейінгі атап өткен алғашқы мерекеміз – құрылысшылар күні, біздің төл мерекеміз! Осы тұрғыда қауымдастық атынан қала тіршілігінің күретамыры болып саналатын құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтаймын. Бұл жай ғана сәйкестік емес, келешектегі тіршілігіміздің жандануы дәл осы саладан бастау алатынының шынайы көрінісі, – деді төраға.
Сұлтанбек Шойынбайұлы құрылыс саласында да өзіндік күрделі тұстар бар екенін жасырмады. Мысалы, тексерудің көптігі, бекітілген жобаның қайта өзгеріске ұшырауы, қаражаттың уақытылы бөлінбеуі немесе әр тараптан бөлінуі түрлі қиындықтар туғызғанын айтады.
– Бұрын қаланың алдында облыс болатын. Қалаға бөлінетін қаржы, құрылыс жүргізілетін нысандардың барлығы облыс арқылы өтетін. Облыс бекітетін. Қазір қуанатын да жағы бар, зор жауапкершілікті сезінетін жағы да бар. Қуантатыны – Шымқала өз бюджетін өзі басқаратын, өзі бақылайтын мәртебеге ие болды. Шаһар билігі бұдан былай жобаны бекітіп, қаражатты бөлу жұмыстарына тікелей жауапты. Осы тұста қаланың сәулеті артып, құрылысы жандана түссе, түрлі жаңа нысандар халық игілігіне беріліп жатса, қала жаңа дәрежесін абыроймен алып шығады. Құрылыс жүріп жатқан жерде жаңалық болады. Бұл экономикалық тұрақтылықты, жұмысбастылықты білдірсе, жаңа ғимараттардың, көпқабатты үйлер мен саялы орындардың пайда болуы, жаңа жолдар салынуы қала әлеуетінің артқанын білдіреді. Осы тұрғыда айтатын екі тілегіміз, қаражат бөлініп тұрсын және құрылысшылар түрлі қауіп қатерден аман болсын, – дейді қауымдастық төрағасы.
Қауымдастық жетекшісі құрылысшылардың шешілмеген мәселесін алға тартып, олардың құқығын қорғап, беделін арттыруға жұмыс істейді. Алайда, қауымдастыққа мүше болу тұрмақ өмір бойы қайнаған құрылыстың бел ортасында жүргенімен «жұмыссыз» атанғандар да аз емес. Неге?

Жұмыспен қамту және маман даярлау

Халықты жұмыспен қамту орталығы берген соңғы мәліметтер 2018 жылдың 7 айында 12 919 адам жұмысбасты болғанын айқындайды. Оның ішінде 1825-і құрылыс саласына орналасқан. Сонымен, 1825 адамның 663-і құрылыс саласындағы тұрақты жұмысқа орналасса, 24-і әлеуметтік жұмыстарға тартылып, 1138-і уақытша жұмыспен қамтылған.
Құрылысшы-мамандарды даярлау жөніне келсек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Құрылыс және көлік» факультетінде 6 мамандық бойынша 1226 студент білім алып жүр. Факультет деканы Жеңіс Садықовтың айтуынша, оның 570-і білім грантымен оқиды.
– Алты мамандықтың үшеуі – «Сәулет», «Құрылыс» және «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» бойынша құрылысшы-маман оқытамыз. «Сәулет» факультетінде 5 жыл оқып, бакалавр біліктілігін алған түлек жобалау және құрылыс мекемелері мен бөлімдерінде, кәсіби-технологиялық мекемелерде, білім беру (педагогикалық) орта кәсіптік оқу орындарында, сәулет құрылыс саласындағы педагогикалық училищелерде қызмет ете алады. Ал құрылыс мамандығы бойынша «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы», «Ғимараттар мен ғимараттарды есептеу және жобалау», «Жолдар және аэродромдар құрылысы», «Газ-мұнай құбырлары және газмұнай сақтағыштардың құрылысы», «Сумен қамтамасыз ету және канализация» салаларына маманданады. Диплом алғаннан кейін жобалау, ғылыми-зерттеу, құрылыс ұйымдары мен мекемелері, коммуналды құрылымдар, қала құрылысы басқармалары, департаменттері, жол құрылысы, пайдалану және жөндеу ұйымдары мен мекемелері, мемлекеттік автомобиль инспекциясы басқармалары, су арналары, су бұру және сумен жабдықтау жүйелерінің эксплуатациясын ұйымдастыратын және басқаратын мекемелерде, жылу және энергетикалық орталықтарда (ТЭЦ), су-электр станцияларында, газбен қамтамасыз ететін мекемелерде, су және ауа бассейндерін және қоршаған ортаны қорғау департаменттеріне жұмысқа орналаса алады, – дейді факультет деканы.
Ж.Садықовтың сөзінен ұққанымыз, «Құрылыс және көлік» факультетіндегі тағы бір мамандық – «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» бакалаврларын 4 жыл даярлайды. Түлектер темір-бетон бұйымдарын өндіретін зауыттар мен құрылыс материалдар комбинаттарында, құрылыс материалдарын сынайтын мемлекеттік стандарт мекемесінде, құрылыс материалдарының сапасын анықтайтын мемлекеттік сараптама мекемелерінде кәсіби қызмет атқара алады.

Құрылыстағы қауіптен қорғау үшін...

DSC 8128

Құрылыс саласында жүріп «жұмыссыз» атанады. Неге? Осы сұраққа қайта оралсақ. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Ғ.Шариповтың айтуынша, еңбек шартын жасамай-ақ, ешбір құжатсыз жұмысқа тартылатындар құрылыс саласында аз емес.
– Құзырлы органдардың мәліметі бойынша өңірімізде 33 240 мемлекеттік және кәсіпкерлік мекеме бар. Субъектілер ірі, орта, шағын болып тағы бөлінеді. Бұлардың қатарында Шымкент қаласының құрылысына қатыстылардың нақты санын атау қиын, ай сайын өзгеріп отырады. Ал мемлекеттік еңбек инспекторлары тек жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қатынастың заңдылығын реттеп, бақылаумен айналысады, – дейді Ғалымжан Жасұзақұлы.
Дегенмен, еңбек инспекциясының өкілі мынадай қызықты деректерді атап өтті. Қазірге дейін Шымкент шаһарын қоса алғанда Түркістан облысы аумағында 71 мекеме шетелдіктердің қатысуымен жұмыс істеп келеді. Басым бөлігі инвестициялық жобамен қолға алынған құрылыс нысандарында қазір 2173 шетелдік және 19 мыңнан астам жергілікті азамат жұмыспен қамтылған. Құрылыс нысандары көбіне өндірістік орындарында, зауыт салу, газ-мұнай құбырларын тарту сынды жұмыстар болып келеді. Сондықтан мұндай жобаларға білікті шетелдік құрылыс мамандарын тарту үшін мемлекет арнайы квота да бөлген.
– Құрылыс саласында жұмыс істейтін азаматтардың санын нақты айту қиын. Себебі, көптеген мекемелер азаматтық келісім-шартпен жұмысқа тартады. Құрылыс саласындағы күрделі болып тұрған мәселе де осы – бригада-бригада етіп жұмысқа алу. Одан әрі әр бригадир ауызша келісіммен тағы 5-10 адамға дейін жұмыс күшін тартады. Мұндай заңдастырылмаған жұмыс күші алдымен бюджетке түсетін салықтан қағады. Сосын әр жұмысшы әлеуметтік қорғау мен мемлекеттік кепілдіктен шетте қалып қойып жатады. Мәселен, әр жұмысшыға аударылуы тиіс зейнетақы мен салық, МӘМС пайызынан бөлек, олардың әрқайсысына жасалатын жағдайда назардан тыс құтылады. Құрылысшының басында болуы тиіс арнайы киімі, қорғаныс құралымен қамтамасыз етілмейді. Жұмыс уақытында келген зардаптың шығынын өтемейді, – деді Ғ.Шарипов.
Шынында да құрылыс басында жүрген әрбір құрылысшы мердігер тарапынан заңды түрде жұмысқа тартылса, «жұмыссыздар» қатары азаяр ма еді? Биіктен құлап немесе басына ауыр зат түсіп кетпеуі үшін және аяқ-қолын жарақаттап яки уланып қалмауы үшін сақтық шаралары қаралар еді. Әрбір жұмысшының еңбек адамы ретінде қауіпсіздігі бағаланар ма еді... Шағын субъект ретінде тіркелу, бәлкім, жай ғана құрылысшының үлкен кәсіпкерлік өмірінің бастауы шығар? Құрылыс саласындағы осы бір мәселенің салмағы бар. Құрылысшы өз қызметін еңбек шартымен заңдастырса, еңбегіне қай кезде де ақы алатынына кепілдік бар. Сонымен қатар жұмыс барысында төнген қауіп-қатердің шығынын өндіруге жағдай жасалады. Құқығы қорғалады.
Құрылыс жай ғана бір мамандық яки бір сала емес, құрылыс – ел экономикасын алға сүйреуші негізгі локомотивтің бірі. Сондықтан, біз бұл салаға ерекше құрмет танытамыз.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.