Дендросаябақ жаңа кейіпке енбек Избранное

Среда, 15 Август 2018 04:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3706 раз

Шымкенттің көркіне көрік қосып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған дендросаябақ енді жаңа кейіпке енбек. Қазір мұнда күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Құрылысты бастаған екі мердігер компания «Humann» ЖШС мен «Кереге А» ЖШС барлық жұмысты қазан айының соңында аяқтауды жоспарлап отыр.

 DSC1082

Жалпы, саябақтың құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына мемлекеттен 295 млн теңге бөлінген. «Кереге А» ЖШС негізгі кіреберіс арканы қайта жөндеп, алаңшасын заманауи үлгіде қайта жасауда, оған қоса көлік тұрағын ұлғайтады. Сонымен қатар мұнда жаңа автопаркомат пен касса бекеттері орнатылмақ. Көл жағасындағы тірек қабырғалар жаңарып, жас жұбайлар аллеясындағы субұрқақ пен сарқырама жөнделеді.
Саябақтағы тағы бір жаңалық – Бәйдібек би даңғылында негізгі кіреберіс қақпасынан бөлек тағы «Самал» шағынауданы, Қазыбек би көшесінен және Қ.Төлеметов көшелері арқылы кіретін екі қақпа пайдалануға беріледі. Бұл қақпалар алдында кіреберіс арканың шағын нұсқасы бой көтеріп, автотұрақ қарастырылған.
Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары барысында дендросаябақта абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады. Бұл жұмыстарды «Humann» ЖШС атқарады. Абаттандыру барысында аяқжолдар, шахмат алаңшасы, үш жерден жаттығу алаңы салынады. Сонымен қатар саябақ телескоп, Wi-Fi секілді заманауи технологиялармен толықпақ. Бақ ішінде шағын архитектуралық мүсіндер де орналастыру қарастырылған. Саябақ басшылығының айтуынша, құрылыс пен абаттандыру жұмыстарынан бөлек ағаш-бұталарды да қайта толықтыру жоспарланып отыр.
– 1986 жылы дендросаябақ ресми түрде ашылған сәтте бес аймаққа бөлініп, бақта ағаш пен бұтаның 1360-тан астам түрі бар еді. Ал 2000 жылғы санақ кезінде ағаш пен бұтаның 560-қа жуық түрі қалған. Ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының мәліметі бойынша, қазір Шымкенттегі дендросаябақта талдың 213 түрі ғана қалған. Соңғы екі жыл ішінде қосымша ағаштар әкеліп егіліп, қосымша түгендеу арқылы бүгінде саны 253-ке жетті. Алдағы күзде ағаш-бұта түрлерін алдырып, келесі жылға 500 түптен асыруды көздеп отырмыз. Ол үшін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне, Ақсу-Жабағылы қорығына,
Алматы ботаника ғылыми зерделеу институтына және Ресейдегі Кемиров ұлттық паркіне хат жазып, ағаш түрлерін сұратып жатырмыз, – дейді денросаябақ директорының міндетін атқарушы Бейбіт Нашқолов.
– Саябақтың жалпы аумағы 117 гектар болса, оның 100 гектары толық орманмен көмкерілген. Қалған 17 гектарына орталығында демалушылар үшін аяқжол мен дәмханалар кіреді. Және солай болуы да тиіс. Барлық жерге аяқжол салып, құрылыс жүргізе берсек, табиғи орманды сақтап қала алмаймыз. Табиғатқа да тыныштық керек. Сонда ғана жайқалып, табиғи қалпын сақтап қалады, – дейді маман.
Жалпы, дендросаябақ құрылған жылдары географиялық тәртіппен 5 флористикалық зонаға бөліп отырғызылған:
1. Қазақстан, Орта Азия;
2. Еуропа, Қырым, Кавказ;
3. Қиыр Шығыс, Сібір;
4. Шығыс Азия;
5. Солтүстік Америка.
– Осы зоналар бойынша ағаш-бұталардың гендік қорын көбейту қажет. Бүгінгі таңда дендросаябақтың гендік қорында 200-ден астам ағаш-бұта түрлері бар. Оның ішінде саны бір данадан қалған ағаш-бұта түрлері де кездеседі. Мысалы, отаны Оңтүстік Америка болып саналатын қызғалдақ ағашы, жылан жиде, лапина және т.б. Сондықтан, саябақ аумағында сирек кездесетін ағаш-бұта түрлеріне арнайы коллекциялық тұқымбақ жасау қажет, – дейді Бейбіт Мырзабайұлы.

 DSC1098

Алдағы жылы Шымкент дендрологиялық саябағының құрылғанына 40 жыл толады. Көпшіліктің көз қуанышына айналған дендросаябақ тұғырлы тұлға Асанбай Асқаровтың тікелей атсалысуымен халық игілігіне берілген. Жуырда дендросаябаққа қоғам қайраткерінің атын беру мәселесі бірауыздан оң шешімін тапқан болатын. Енді қоғам қайраткерінің атын беру жұмыстарын «Кереге А» ЖШС басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде атқармақ.