«Автоцон»: Көлік рәсімдеу жеңілдей түсті Избранное

Пятница, 17 Август 2018 04:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4973 раз

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 19 маусымдағы жарлығымен Шымкент қаласына республикалық қала статусы берілгені белгілі. Содан бастап Шымкенттің құрылымдық басқаруына өзгерістер енгізіле бастады. Сондай өзгерістердің бірі – қала аумағында тұратын азаматтардың көлік құралдарына 17 санды мемлекеттік тіркеу нөмірі беріле бастағалы бір айға жуықтады. Халық арасында «Автоцон» аталып кеткен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы жаңалық мұнымен бітпейді. Адам аяғы үзілмейтін мекеменің тыныс-тіршілігімен танысу үшін орталыққа барып, бөлім басшысы Дәулет Дүйсенбековпен тілдесіп қайттық.

 DSC 2939

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы Шымкенттегі Достық шағынауданында орналасқан. Бұл орталық 2016 жылдың соңында салтанатты түрде ашылған болатын. Халқы тығыз орналасқан өңір үшін көлік иелері мен жүргізушілеріне арнайы қызмет көрсететін орталықтың ашылуы қуанышты жағдай болғаны рас. Себебі, ішкі істер департаментінің автокөлікке қатысты қызмет көрсететін тіркеу-емтихан бөлімінің жұмысы қауырт болатын. Мысалы, облыс көлемінде сол жылы 500 мыңнан астам көлік болса, 11 айда 52 мың адам жүргізуші куәлігін алған. Мамандандырылған орталық осындай үлкен көлемдегі жұмысты жеңілдету үшін ашылды.
Бұл сөзімізге дәлел керек те емес, таңертеңгі сағат 08:40, ал халыққа қызмет көрсету орталығының алды лық толған адам. Күннің сенбі екені де маңызды емес (орталық сенбі күні де жұмыс істейтінін қала тұрғындары біледі). Барлығы тірлігін ертерек аяқтап кеткісі келеді. Міне, сағат тұп-тура 9-да есік ашылды, жұмыс қызып сала берді.

Барлығы тұрғындар үшін

Мамандандырылған орталыққа келушілер бұған дейін де көп болған, енді тіпті арта түсті. Себебі, көлікті рәсімдеу жеңілдей түсті. Биылғы мамыр айынан бастап ішкі істер министрлігі автокөлікті тіркеу кезіндегі салыстыру қызметін алып тастады. Енді көлікті есептен шығару немесе тіркеу кезінде нөмірлік агрегатты тексертудің қажеті жоқ. Мұндай талап тек көлікті алғашқы рет тіркегенде қойылады.
– Біздің орталыққа келген тұрғындар бұған дейін алдымен көлігін орталық жанындағы ангардан өткізіп алатын. Ол жерде криминалды полиция қызметкерлері көліктің қаңқасындағы нөмірін тексеріп, өздеріндегі мәліметпен салыстырады. Яғни, қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын, іздеуде жүрмегенін анықтайды, – дейді Шымкент қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Дәулет Дүйсенбеков. – Содан кейін офицерлер көлікке қатысты барлық мәліметті базаға енгізіп, әкімшілік айыппұлдар секілді төлемдерді тексеріп болған соң барып көлік иесі бізге келетін. Орталықтың қызметкерлері көлікке қатысты қандай да бір берешектің бар-жоғын анықтап, бар болса, иесі осы жерде төлейтін еді. Ал биылғы жаңалықтың бірі – көлікті осы тексеру алынып тасталды. Енді криминалист мамандар тек Қазақстан аумағына алғаш рет шетелден жеткізілген көліктерді ғана тексереді. Енді тұрғындар бірден келушінің талонын алып, мамандандырылған орталықтың қызметкерлеріне келеді. Автокөлік пен оның иесіне қатысты барлық мәлімет қазір «Азаматтарға арналған үкімет» порталына енгізілген. Сол арқылы тексереміз. Әрине, бір келушіге қызмет көрсету үшін уақыт бұрынғыға қарағанда көбірек жұмсалатын болды. Дегенмен, көлік иелерінің бұрынғыдай далада, ангар алдында кезек күтпейтінін ескерсек, бұл әлдеқайда тиімді.
Электронды үкімет порталындағы бұл жаңалық Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» мақсатты бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Президент қағазбастылықты азайтып, мемлекеттік қызметке соны үрдістерді енгізуді әрдайым айтып келеді. Осылайша жаңашылдықтың пайдасын қарапайым көлік иелері де көруде. Уақыт үнемделгені жаһандық дәуірдегі мегаполис тұрғыны үшін пайда емей немене? Яғни, егер азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы немесе ІІМ тіркеу-емтихан бөлімшелеріне бармай-ақ, автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады.
«Ведомствоаралық комиссияның аясында біз мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жұмыстарын жүргізудеміз. Автокөліктерді тіркеу қызметіне деген сұраныс қарқынды түрде өсіп келе жатқандықтан, біз бұл қызметті электрондық нұсқаға ауыстыру туралы ұсыныс жасадық. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, сондай-ақ мамандандырылған ХҚО-дағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, біздің корпорация арқылы биылғы бес айда автокөлікті тіркеу және қайта тіркеу бойынша 745 592 қызмет көрсетілді» деген-ді «Азаматтарға арналған үкімет» басқармасының төрағасы Абылайхан Оспанов.
– Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау керек. Егер қарыздары болса, электрондық портал арқылы өтеуге болады. Мұнан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің ЭЦҚ-мен смарт-келісімді растаған соң мамандандырылған ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады, – дейді бөлім басшысы.
Электронды үкімет порталындағы тағы бір жаңалық – енді жүргізуші куәліктерін мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, кез келген уақытта электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыруға болады. Ол әдіс оңай әрі жылдам. еgov.kz порталына кіріп, электрондық өтінішті толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. Жеке кабинетке құжаттың дайын болғандығы туралы хабарлама келген соң (мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда хабарлама SMS түрінде келеді) мамандандырылған ХҚО-ға барып, дайын куәлікті алып кетуге болады. Ол үшін ескі куәлікті, жеке басыңызды куәландыратын құжатты, өтініш пен баж салығын төлеу туралы электронды чекті ұсыну қажет. Жүргізуші куәлігінің баж салығы бұрынғыдай 1,25 АЕК, яғни 3 006,25 теңгені құрайды.
– Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алған жағдайда медициналық тексерістен өтудің және психиатр, наркологтан анықтама әкелудің қажеті жоқ. Ал азаматтың ЭЦҚ-сы болса, жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн тәртіпте ауыстыруға болады. Ал психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткендер ғана алады, – дейді Дәулет Дүйсенбеков.
Айта кетсек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін биыл жыл басынан бері 2 мыңға жуық адам пайдаланған. Бұл, әрине, бүкіл көлік иелерімен салыстырғанда аса көп емес. Себебі, онлайн-қызметке халық толық үйреніп кеткен жоқ. Көбісі әлі де болса құжатты өз қолымен өткізіп, қызметкерден өзі алғанды дұрыс көретіні жасырын емес.

13-тен – 17-ге

Шымкент қаласы аумағында тұратын азаматтардың көлік құралдарына «17» санды мемлекеттік тіркеу нөмірі беріле бастағанын жоғарыда айттық. Бұл – Шымкенттің республикалық дәрежедегі қала атанып, еліміздің 17-өңіріне айналғанымен байланысты.
– Бұрынғы «13» санды мемлекеттік тіркеу нөмірі әлі де берілуде. Ондай нөмірлер Түркістан облысы аудандарының тұрғындарына, яғни, көлік иелеріне беріледі. Ал Шымкент қаласындағы Әл Фараби, Еңбекші, Абай және Қаратау аудандарының, Сайрам ауданынан қала аумағына өткен азаматтардың көліктеріне 17-сериалы жаңа нөмірлер берілуде, – деп жалғады сөзін Дәулет Дүйсенбеков. – Біздің орталыққа келген азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірін қызметкерлеріміз мәліметтер қорына енгізген кезде азаматтың қай мекенжайға тіркелгені, тұрғылықты мекенжайы шығады. Осылайша көлік иесіне қай сериалы мемлекеттік тіркеу нөмірі берілетінін база өзі «таңдайды».
Көлігіне «әдемі» немесе есте жақсы сақталатын нөмір алғысы келетін азаматтарға жағымды жаңалық бар. Қазір олар базадағы барлық болмаса да біраз нөмірлердің арасынан таңдай алады.
– Бізден мемлекеттік қызмет алушы азаматтар бұрын нөмір таңдай алмайтын. Ал қазір ішкі істер департаментінің тіркеу-емтихан бөлімінің қызметкерлері нөмірлерді арнайы базаға енгізген соң, біздің орталықтың қызметкерлері көлік иесінен құжаттар қабылдағаннан кейін мемлекеттік тіркеу нөмірі берілер кезде келушінің алдындағы қосалқы мониторға базадағы нөмірлер көрсетіледі. Соның арасынан өзі таңдау жасай алады. Арасында өзінің туған жылына сәйкес келетін нөмірлер бар, «зеркальный» нөмірлер бар. Ал 4-5 адам бір нөмірді таңдап қалған жағдайда кім бірінші монитордан таңдап үлгерді, сол азаматқа рәсімделеді, – деді бөлім басшысы.
«Шымкентте 17-сериалы нөмірлер беріле бастады» деген жаңалық шыққалы бірқатар тұрғындар хабарласып, ескі нөмірлерін ауыстыру міндетті ме деп сұраған. Бөлім басшысы ондай сауалдарға «Жаңа нөмірлерге ауысу міндетті емес» деп жауап берді.
...Ал осы тұста Қазақстандағы көлік иелері арасында VIP-нөмірлерге деген сұраныс арта түскен. 2018 жылдың соңғы 6 айында тұрғындар жалпы сомасы 2 миллиард теңге «крутой» нөмірлер сатып алған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Жарты жылда қазақстандықтар жоғары сұраныстағы 7778 нөмірді 1 913 267 539 теңгеге сатып алды» деп хабарлады. Оның сөзінше, сатылған осы нөмірлер саны өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 3 еседен аса көп. Мысалы, 2017 жылы 587 406 055 теңгеге 1574 «әдемі» нөмір сатылған. Оңтүстіктің тұрғындары VIP-нөмірлерді көп сатып алғандардың алғашқы үштігінде келеді.

...Сегізінші бағыт. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді... Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек.(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан)

Последнее изменение Пятница, 17 Август 2018 05:11
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.