Басты тренд – цифрландыру Избранное

Пятница, 17 Август 2018 05:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3122 раз

Коммуналдық қызметтердің әр айдағы тұтынған көлемін бақылаушылар жазып алып кететіні әдеттегі жағдай. Әліге дейін солай.

1517292521 ict

Егер үйде ешкім болмаған жағдайда «есептегіш құралдың тұтынған көлемін хабарлаңыз» деген өтінішін тілдей қағазға жазып, тастап кетеді. Кейде есікті ашпай қоятын тұрғындар да бар. Мұндайда бақылаушылар есепті ойдан жазып кете ме, қайтеді?! Көптеген түсініспеушіліктер содан шығады. Өткен айда мынадай есеп келген. Бұл айда былай. Бұл мәселені шешудің бірқатар жолдары бар, әрине. Ол – басқарушы компания құру, жаңа есептеуіш құралдар орнату, энерго менеджерлерді даярлау, халықтың санасын өзгерту, т.б. жұмыстар.

Халықтың сауатын арттыру керек

DSC 0046

Шымкент – Қазақстандағы пилоттық жобаның қатарына кірген 7 қаланың бірі. 2015 жылы Шымкент қаласының әкімдігі мен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері арасында түзілген меморандумға сәйкес, 2018-2020 жылдар аралығында экология саласы мен қалада төмен көміртекті жобаларды дамыту, сол арқылы қала инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шара жоспары қолға алынған еді.
Көпқабатты үйлердегі жылу тұтыну, су, электрмен жабдықтау қызметі жүйесін жетілдіру – басты бағыттардың бірі. Тұрғын үйде энергияны бақылау және басқарудың арнайы автоматтандырылған жүйесін енгізу, энергия мен суды есепке алу құрылғыларын жаңғырту уақыт күттірмейтін мәселе.
Былтыр қала әкімінің шешімімен құрылған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы «Шымкент тұрғын үй қызметі» мекемесі жұмысты бастап кеткен. Яғни, жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау жұмыстары қолға алынуда.
Бұрын жылудың ақысын үйдің шаршы метріне төлейтін болса, енді пайдаланғаны бойынша ақы төлейді. Құрылғылар 2017-2018 жылы салынған үйлердің бәріне орнатылады. Бұл – жаңа тиімділік.
Қаладағы тұрақты дамуды үйлестіру орталығының жетекшісі Әбдімәлік Балбаевтың айтуынша, басқарушы компания негізінен, мемлекеттің қатысы бар жалдамалы үйлерді басқару үшін құрылып отыр. Үкімет пен тұрғындардың мүддесін қорғайды.
Дегенмен, үшінші мегаполисте бір ғана басқарушы компания аздық етеді. Бұл бағытта көптеген мекемелер құрылуы қажет. Қала – бәріміздің ортақ үйіміз. Төрт аудан әкімдігі халықтың осы тұрғыдағы сауатын арттыру жұмыстарын ширататын сәт қазір.

Цифрлы жүйенің игілігі көп

Қазір банктен алатын зейнетақының, жалақының есеп-шотымызға аударылғанын телефон арқылы біліп отырамыз. Уақыт үнемделеді. Енді коммуналдық салада да осындай тиімділікке жету көзделіп отыр. Цифрлы технологиялар бұл салаға енген жағдайда барлық төлем автоматты түрде қолжетімді болмақ. Бүгінде медицина, білім салалары осы жүйеге көшкен. Коммуналды шаруашылық саласы да өзекті – қала тұрғындары пайдаланатын қызметтерінің есебін біліп отыруы тиіс.
Цифрлық жүйеге көшкенде автоматты түрде мұның бәрі орталықтандырылған диспетчерлік пунктке беріледі. Тұрғындар жеке коды арқылы су, газ, электр энергиясын қанша тұтынып жатқанын, бәрін бақылап, көріп отырады. Яғни, бәрі ашық ресурста. Ондайда өзіміз үнемдеуге көшеміз. Сонда халық та үнемділікке үйренер еді.
– Жаңадан беріліп жатқан үйлерде де нақты есеп жоқ. Үй комитетінің төрағалары қаржының нақты қайда жұмсалғанынан бейхабар. Негізінен, әркімнің қосқан үлесі есепте тұруы тиіс қой. Жалпы айтқанда, Шымкентте еліміздің ең патриот халқы тұрады дер едік. Бізде үйлерді басқару жүйесі әлі жолға қойылмаған. Мемлекеттік немесе жеке кәсіпкерлік мекемелері жоқ. Көпшілік үйлерді сыйлы апаларымыз, ағаларымыз басқарып отыр. «Сіз осы үйдің үлкенісіз, сізді тұрғындар сыйлайды» деген өтінішпен тегін қызмет етіп келеді халыққа. Ол кісілерге ешкім ақы төлемейді, – дейді Әбдімәлік Балбаев базынасын жеткізіп.
Әрине, монополистер коммуналды төлемақыны әр шаршы метріне ала берсек дейді. Ал қанша жылу беріліп жатыр? Қаншасы бізге жетіп жатыр? Оның нақты есебі жоқ.
Сала мамандары бұл ретте жаңа цифрлық технологияны ұсынып отыр – ол автоматтандырылған жылу энергия жүйесі. Жаңа цифрлық технологияның игілігі көп. Мәселен, бұл технология даладағы температураға қарап, үйдегі жылуды реттеп отырады. Әрі үйге қажетті жылуды ғана береді. Сонда біз алған жылу көлеміне ғана ақы төлейміз. Осының нәтижесінде жылу ақысы да екі есе төмендейді. Қыста күн жылып кеткен кезде терезені ашып тастауды ұмытасыз.
Тағы бір мәселе – ескі үйлердің жартысы жылыса, жартысы жылымай жатады. Бір «стояк» істейді, бірі істемейді. Ал автоматтандырылған жүйеде әр «стоякқа» реттегіш қойылады.
Тұрақты дамуды үйлестіру орталығы жетекшісінің айтуынша, биыл қала әкімдігінің жоспары бойынша 21 үйге осындай жүйе қойылуы тиіс. Ол мемлекеттік арендалық үйлерге орнатылады.
Мәселені, жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Қарағандыда 2016-2017 жылу маусымында осы жүйе арқылы 1 млн 300 мың теңге үнемделіпті. Тұрғындар ақшасын 3 жылда қайтарып алған.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін тек су, газға есептегіш қойылған-тын. 2 жылдан бері жылуға да өлшегіш құралдар қолданыла бастады. Қаладағы үй комитеті төрағалары да мұның өзі тиімділігін көрсетіп жатқанын айтады. Есептеуіш құрылғысын қойғандардың өзі жылудың қаржысын үнемдеуде. Мәселен, бір бөлмелі пәтерде жылуға 3 мың теңгеден асырып төлесе, қазір бұл баға 1800-ге азайған. Автоматты жүйенің бір артықшылығы – жылу беруді даладағы температураға қарап реттеп отыруында.
Жалпы, бүгін-ертең міндетті түрде бұл жүйеге көшетініміз анық. Басқарушы компания құруды әкімшілік қолдап отыр. Басты мақсат – цифрлы жүйені кеңінен енгізу.

Әрбір тұрғын энергоменеджер болатын сәт келді

Қалада жаңа цифрлық жүйелерді ендіру, басқарушы компаниялар құру бойынша үй комитеті төрағаларын ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының халықтық кеңсесінде 3 күн, 5 күндік семинар өткізу қолға алынған. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық істері комитеті, «Tanpira» ЖШС-мен бірлесе ұйымдастырылған семинарда біліктілікті арттыру жөнінде сертификат беріледі.
«Кондоминиум нысанын басқарудағы ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық және энергия сақтау аспектілері, сонымен бірге көп пәтерлі тұрғын үйлерде интелектуалды басқару жүйесін қолдану» тақырыбындағы дәріс 40 сағатты қамтиды. Әзірге төрт ауданнан үй комитеті төрағалары білім-біліктіліктерін арттыруда. Семинар күніне төрт сағат өтіледі.
2015 жылы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, қалада үйлестіру орталығы ашылды. Басты мақсат – Елбасының саясатын халыққа жеткізу, көпқабатты үйлерде өзін-өзін басқару жүйесін бірқалыпқа келтіру, әрі қарай жасыл экономикаға үлес қосу. Тұрғындар өздерінің коммуналдық қызметтерін, басқа да қызметтерін цифрландырып, тиімді пайдалана білуін жеткізе білген жөн.
Техникалық мамандарды оқыту – маңызды мәселе. Сондай-ақ, мектепте, денсаулық сақтау мекемелерінде «завхоз» деген сөзден арылу қажет. Әбдімәлік Балбаев оның орнына «энергоменеджер» деген термин қолдануды ұсынады.
Яғни, саладағы мамандар энергия деген сөзді түсінбей, менеджментті түсінбей, ол ғимараттың үнемділігін, тиімділігін ешқашан арттыра алмайды. Үй комитеті төрағалары да үйдің тиімді басқару жолдарын тетігін біліп, өз-өздерін дамытқаны жөн.
Бүгінде энергетик мамандарды даярлау, тың жобаларды қолға алу маңызды екенін айттық. Алда – шетелдің, Еуропаның жобаларын ендіру мақсаты тұр.
Нарық заңы осылай. Монополистер өз пайдасын ойлайды. Ал біз үнемдеуге ұмтылуымыз керек. Әрине, қазіргі заманауи технололиялар бойынша оны іске асыруға әбден болады.
Елбасы да бүгінгі ғаламдық дамудың басты бес мегатренді – адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және жаһандық еңбек нарығының өзгеруі екенін айтты.
Шымкент қаласы қазба байлықтарымен мақтана алмайтыны мәлім. Есесіне адами ресурстардың, IТ орталықтардың, цифрлық технологияларды ендірудің үлкен базасы болуға мүмкіндігіміз бар.
«Ақылды қалалар» тұжырымдамасын енгізу – өзекті мәселенің бірі. Шымкент қаласының жылдан-жылға әлеуеті артып келеді. Көлік кептелісін шешу, экологиялық мәселелерді оңтайландыру, халықтың миграциясы, қызмет көрсету, коммуналдық қызмет түрлерін тиімді басқару...тізе берсек көп-ақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.