Үкімет басшысы Шымкенттегі серпінді жобалармен танысты Избранное

Среда, 22 Август 2018 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2345 раз

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шымкентке іс-сапармен келді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарды көшіру барысымен танысу үшін жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапар аясында Үкімет басшысы еліміздегі үшінші мегаполис – Шымкент шаһарына ат басын бұрып, қаланың даму жоспарын талқылаған жиынға қатысты.

DSC 8377

Әуежайға жаңа терминал салынады

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарын алдымен қасиетті Түркістан қаласынан бастады. Әкімшілік ғимараттардың құрылысы жүріп жатқанда (2020 ж. дейін) мемлекеттік органдар орналасатын коммуналдық меншік және коммерциялық нысан ғимараттарына барды. Премьер-Министрге орын ауыстыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқаны баяндалды. Мұнда 27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысты, сонымен қатар 14 аумақтық орган өкілдері бүгінде Түркістанда қызмет көрсетуде. Келесі жылы облыс әкімдігі, 24 салалық басқарма, мәслихат аппараты, тексеру комиссиясы секілді барлық ведомстволарды көшіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұдан өзге тоғыз бюджеттік ұйым көшіріледі. Бірінші кезеңде 842 адам ауысады, қалада олар орналасатын ғимараттар анықталған, қажетті коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қызметкерлерге жатақханалардан орындар дайындалған.
Сондай-ақ, іс-сапар аясында Шымкент қаласының әкімдігінде Б.Сағынтаевтың төрағалығымен және Үкімет мүшелерінің қатысуымен Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Онда Шымкент шаһарының ірі серпінді жобалары, алға қойып отырған мақсат-міндеттер таныстырылды. Мәжілісте сөз алған Премьер-Министр Шымкенттің еліміздің үшінші мегаполисі атанған тарихи оқиғамен құттықтады. Бұл жаңалық шаһарды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызып, әр қалалықтың өміріне жаңа серпін беретінін атап өтті.
– Шымкент жаңа мегаполис болып жатыр. Елбасының Жарлығымен Шымкентке республикалық мәртебе берілді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Енді қалада біраз өзгерістер болады. Жаңа жұмыс орындары көбейеді, қаланың инфрақұрылымы жаңарып, инвестицияға жол ашылады, бір сөзбен айтқанда жұмыс ауқымды бола түседі, – деді кіріспе сөзінде Үкімет басшысы.
Бұдан соң Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет мүшелерінің алдында шаһарда жоспарланып отырған жобаларды таныстырды.
– Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыз 19 маусымда Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру бойынша Жарлыққа қол қою рәсімінде Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналдыруды тапсырды. Сонымен қатар, өзіңізге белгілі, Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып анықталды, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2020 жылы Шымкент әуежайының жаңа терминалы мен теміржол вокзалының ғимараты бой көтермек. Бұл жобаға сәйкес қазір қала әкімдігі «SCAT» компаниясының қаражаты есебінен жаңа терминал салу бойынша келісім жасаған. Нақты айтсақ, «SCAT» авиакомпаниясы 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ. Ал жаңа вокзал бойынша құрылыс жұмыстарын «Қазақстан теміржолы» компаниясы өз жауапкершілігіне алып отыр.

АГРО-индустриалды аймақтар дамиды

Мәжілісте Шымкенттің көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де сөз болды. Бұл ретте Алматы-Ташкент бағытында транзитті жақсарту үшін А-2 айналма жолын (31 км) қайта құру қажеттігі айтылды. Қала әкімі, сондай-ақ екі, елдің арасындағы қарым-қатынастың бұдан әрі дамуы үшін «Шымкент-Ташкент» жүйрік теміржол экспресін іске қосуды ұсынды. Тағы бір айта кетерлігі, қаланың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыру және көлік жүктемесін азайту үшін Қонаев даңғылы жалғасының құрылысын бастау көзделуде. Бұл жобаларды қуаттап пікір білдірген Б.Сағынтаев құжаттамалардың барлығы дер кезінде дайындалуы керегін және тиісінше республикалық бюджеттен қаржы бөлінетінін жеткізді.
Шымкентте қазір «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Бұл аймақтарға 58,5 млрд тенге инвестиция құйылып, 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша агроөнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға агро-индустриалдық аймақты құру жоспарлануда. Мұнда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақүй орналаспақ.
Қала әкімінің баяндамасынан соң Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жиынды қорытып, мәжілісте талқыланған жобалардың маңыздылығына, бұл бойынша алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталды.
– Елбасы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастама ұсынған болатын. Алдағы жұмыстардың бәрі де осы жоспар негізінде жүзеге асуы тиіс. Ең алдымен тұрғындардың баспанамен қамтылуы, агросаланың дамуы, микрокредит мәселелеріне жете мән беру қажет. Сосын жоғарғы оқу орындарының көбісі қазір Шымкентте қалды. Яғни, студенттердің жатақханасын шешу де кезек күттірмейтін міндеттің бірі. Шымкенттің болашағы жарқын, тұрғындары кәсіпке бейім, алда қаланың көркеюіне ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазір қаржылық жағынан Шымкенттің бөлу балансын өз мерзіміне сай 2 ай ішінде реттейміз деп отырмыз. Елбасымыздың, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда және Шымкент қаласының дамуы жолында аянбай еңбек ете берейік, – деп аяқтады сөзін Үкімет басшысы.

Последнее изменение Среда, 22 Август 2018 06:10
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.