Версия для печати

Жаңа жобалар: Шымкент қалай дамиды? Избранное

Пятница, 24 Август 2018 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3831 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Еліміздің Солтүстік өңірінен Шымкентке қонақ боп келген бір әріптесіміздің айтқаны бар еді: «Жер шарын жеті айналып шықсаң да, Шымкенттей көркем қаланы, ондағы ыстық ықыласты табу қиын». Айтқаны рас шығар. Шымкент шаһары, қазақ жеріндегі ең қонақжай, меймандос қаланың бірі ретінде кеңінен танымал ғой. Бұған ешкім шүбә келтірмес. Күні қандай ыстық болса, тұрғындарының пейілі де сондай дархан. Шымкентке қадам басқандардың қайта келгісі кеп тұратыны да сондықтан шығар, бәлкім.

4e6f0bfdf440951f333340ea0a4238b1

Сағынтаевтың Шымкентке сапары

Осыдан оншақты жыл бұрын небәрі 500 мыңнан сәл ғана астам тұрғыны бар Шымкент шаһары бүгінде – миллиондар мекені. Өндірісі өркендеп, кәсіпкерліктің жандануы нәтижесінде Шымкент ірі орталыққа айналды. Мегаполистің тұрғындарына қажетті нысандар қазіргі таңда қаламызда бірінен соң бірі іске қосылып келеді. Қала мен елдімекендерді жалғайтын жолдар жөнделіп жатыр. Бала туу көрсеткіші жоғары шаһарда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің де саны артуда. Мәселен, былтыр Шымкентте 25 тұрғын үйге тапсырыс берілген болса, биыл 58 тұрғын үй салынды. Яғни, екі еседен аса көбейіп отыр деген сөз. Сондай-ақ былтырдың өзінде қала аумағында 5 бірдей саябақ бой көтерді. Бәрі де халықтың игілігі үшін! Өндіріс, кәсіпкерлік, құрылыс саласының қарқынды дамуы нәтижесінде соңғы 3-4 жылда қала қазынасы екі есеге жуық өсіп отыр. Тұжырып айтсақ, Шымкентті әлемдік түсініктегі мегаполиске ұқсаттыру үшін қазір қолдан келетіннің барлығы жасалуда.
Осы жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентті Астана мен Алматыдан кейінгі еліміздегі миллион тұрғыны бар қалалардың қатарына қосты. Президенттің бұл мәлімдемесі Шымкентке деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, бұл қала «мегаполис» ұғымына сәйкес келе ме деген сауалдың шетін шығарды. Әрине, мегаполис атану үшін халық санының сәйкес келуі мен құқықтық мәртебесінің ресімделуі жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті.
Ел ішінде қазір «Шымкент мегаполис болса не өзгереді?», «Мегаполистің мүмкіндіктері қандай болмақ?», «Қаланың инфрақұрылымы мегаполиске сай ма?» деген сұрақтарды естіп қалып жүрміз. Көпшіліктің көкейінде бұл сауалдардың тууы да заңдылық. Мегаполис дегенде, ең алдымен, халық санына қарай туындайтын қажеттілік пен әлемдік стандартқа сай келетін инфрақұрылымдық жағдайды жасау маңызды екені белгілі. Әрине, 15 млн-нан астам халқы бар Мәскеу немесе 35 млн халық тұратын Токио мегаполисі секілді Шымкент ә дегеннен әлемдік түсініктегі «мегаполис» қалалардың қатарына еніп кетпес. Десе де, еліміздегі үшінші қала қазір сол алып мегаполистерге бет түзеп, өзіндік келбетін қалыптастыруға кірісіп кетті.
Бүгінде Шымкентті республикалық маңыздағы қала ретінде дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Таяуда ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет мүшелерімен бірге Шымкентке арнайы келді. Онда Шымкент шаһарының ірі серпінді жобалары, алға қойып отырған мақсат-міндеттер таныстырылды. Кеңес барысында жаңа мегаполисті дамыту мәселесіндегі қазіргі жағдай, агломерацияны тиімді, үйлесімді әрі теңгерімді дамытуды қамтамасыз етудің жоспарлары мен әлеуеттері қаралды. Сондай-ақ, қаланы дамыту жоспары, нақтырақ айтқанда, 2018-2019 жылдары іске асырылатын ірі жобалар талқыланды. Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде Елбасының Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесін беруі кезінде өңірдің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстар тарту орталығы болуы үшін барлық қажетті жағдайлары мен әлеуеті бар екенін атап өтті.
Осы жиында жаңа қала мәртебесі тұрғысынан Шымкент агломерациясын дамыту бойынша әкімдік атқарып жатқан жұмыстар мен мақсатты индикаторлар туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндама жасап, Үкімет басшысына жобаларды жан-жақты таныстырды. Сол жобалардың бірқатарына қысқаша тоқталайық.

Туризмді түлетуге барынша маңыз берілуде

photo 258450

2200 жылдық терең тарихы бар Шымкент шаһары туризмнің де ордасы. Тіпті Шымкентті Түркістан облысының туризмдегі қақпасы десек те артық емес.
Шымкент бір замандарда «Ұлы Жібек жолының» ең бір күре тармақтарының бірі есебінде танылғанын тарихтан білеміз. Сол себепті саяхатшыларды көбірек тартып, Шымкент туризмін түлетуге барынша маңыз берілуде.
Еліміздің әр аймағынан, шетелден де арнайы саяхаттап келетін туристердің бәрі ең алдымен Шымқалаға кеп тоқтайды. Бұл орайда келімді-кетімді адамдарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімдігі әуежай, темір жол тасымалы бойынша жаңа жобаларды қолға алып жатыр.
Атап айтсақ, 2020 жылға дейін Шымкентте әуежайдың жаңа терминалы мен теміржол вокзалының жаңа ғимараты салынады. Құрылыс әуе компаниялары мен ҚТЖ қаражаты есебінен жүргізілмек. Қазіргі таңда SCAT компаниясының қаражаты есебінен әуежайдың жаңа терминалын салу бойынша келісімге қол қойылған. Шымкент әуежайында бой көтеретін жаңа терминалдың құны – 17,5 миллиард теңге. Әуе компаниясы $50 млн көлемінде инвестиция салуға әзір. Қала әкімдігі терминал құрылысы мен оған апаратын жолды салу үшін 2,8 гектар жер телімін бермек.
Жасыратыны жоқ, 1968 жылы ашылған Шымкент әуежайы қазір заманауи талаптарға сай келмейді. Біріншіден, ол жерде әскери базалар бар. Екіншіден, келіп-кететін ұшақтардың барлығы қала үстімен ұшады. Оның үстіне қонақтарға қызмет ету үшін тарлық етеді. Әзірге онда кеңейту жұмыстары жасалынбақ. Бұған дейін Шымкентте жаңа халықаралық әуежай салу жоспары қарастырылған болатын. Ол жобаға сәйкес, қазіргі қолданыстағы әуежайдың Қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың 3 жаңа нобайы әзірленген. Алғашқы нұсқа бойынша біріншісі қазіргі әуежайдың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасса, екінші нұсқада Ордабасы ауданының аумағында, ал үшінші нұсқада Шымкент қаласының солтүстік жағындағы аумақта орналасатыны көрсетілген. Бұл жобаның да жүзеге асатын сәті алыс емес секілді.
Шымкент теміржол вокзалын қайта құру мақсатындағы жоспарға келсек, «Қазақстан теміржолы» компаниясы бұл мақсатқа 1,6 миллиард теңге қарастырып отырғаны белгілі болды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында салынуы тиіс жаңа теміржол вокзалы Шымкент қаласының 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай пайдалануға берілмек.

«Шымкент-Ташкент» жүйрік теміржол экспресі іске қосылуы мүмкін

Сондай-ақ, Шымкенттегі ірі жобалар қатарында А2 айналма жолы мен Қонаев даңғылының жалғасы бар. Алматы-Ташкент бағытындағы транзиттік жол қайта жаңғырса, ал даңғыл арқылы қаланың солтүстігі мен оңтүстігі байланысады. Сондай-ақ, оңтүстік көршімізбен іскерлік байланысты нығайтып, туризмді дамыту үшін «Шымкент-Ташкент» бағытындағы теміржол экпрессінің құрылысы жоспарланған. Бұл жоба бойынша Шымкент пен көршілес Ташкент қаласының арасында шойынжолмен небәрі жарты сағатта жетуге болады.
Кәсіпкерлік тұрғысынан айтар болсақ, қалада «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Аталған аймақтарға 58,5 млрд теңге инвестиция салынып, 66 кәсіпорын іске қосылды, 4 890 жұмыс орны ашылды. 2018 жылдың соңына дейін осы аймақтарға 38,3 млрд теңге инвестиция салып, 2 047 жұмыс орны бар 14 кәсіпорын ашу жоспарланған.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша агро-өнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға АГРО – индустриалдық аймақ құру жоспарланып отыр. Онда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақ үй орналасатын болады. Шымкентте өткен жиында аталған жобаны Үкімет басшысы Бақытжан
Сағынтаев қолдап, көмек көрсетілетінін айтты.

«Шымкент СИТИ» – шаһар шырайы

шым сити

Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму жоспары аясында жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан аумақта қазір жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары аяқталған. Жоба толықтай аяқталғанда жаңа қалашықта 50 мың адам қоныстанады.
«Шымкент СИТИ» – бүгінде қаланың басты құрылыс алаңы. Жаңа қалашықта тұрғын үйлер салуға «Highvill» (51 га) «BAZIS-A», «Bi Group» (5 га), «Отау Строй» (14 га) компанияларымен келісім жасалған. Бұл аумақта 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Сонымен қатар, «Highvill» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 49 гектар алаңға құны 5 млрд теңге тұратын саябақ салуға дайын.
Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қала әкімдігінде өткен кезекті жиында «Шымкент СИТИ-дің» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, «Шымкент-сити» – қаламызды үшінші мегаполиске айналдыру бойынша қолға алынған ерекше жоба. Қалашықтың құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталған жағдайда, бұл мекен барша қала тұрғындарының мақтанышына айналатыны сөзсіз.
Жалпы, бүгінгі таңда Елбасымыздың Бес әлеуметтік бастамасын орындау аясында Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 175 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл баспанаға мұқтаж тұрғындардың мәселесін шешуге жол ашады. Баспана тапшылығын азайту үшін келер жылы 56 млрд теңгеге 8 арендалық және 68 несиелік көпқабатты үй салу жоспарлануда.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ірі жобалар талқыға салынды, салиқалы пікірлер айтылды. Жиында Премьер-министр шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың көрсеткен жобаларының тұшымдылығын айтып, қолдау білдірді. Алайда қаржы мәселесін шешуде барлық қажетті құжатты даярлау керегін де айтты. Сонан соң республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралатын болады.

Түйін сөз:

Шымшаһар ежелден бірлік пен достықтың қаласы ретінде ерекше танымал. Қаламызды түлетуде қолға алынып жатқан жоғарыдағы ірі жобалар шаһардың одан сайын көркейіп, дами түсуіне жағдай жасары сөзсіз. Қала басшысы болып екінші рет тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымовтың тәжірибесі мол, іскерлігі басым екенін жұртшылық біледі. Әкімнің Шымкент жайлы «Қазір қалаға жер-жерлерден көп қонақтар келеді. Біз оларға Шымкенттің нағыз шырайлы келбетін көрсете білуіміз керек. Қала тұрғындарымен қатар, жан-жақтан келген азаматтар да Шымқаланы тек жақсы қырынан танып, әрдайым мақтанышпен еске алуы тиіс», деп пікір білдіргені бар. Осы бағыттағы жұмыстарды шаһар тізгінін ұстаған
Ғабидолла Рахметоллаұлы мен ол бастаған елшіл азамаматтардың сәтімен жүзеге асыратынына сеніміміз мол.

Шымкент қаласында...

Жеті айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 250,8 млрд теңгені құрады, НКО 2017 ж. осы кезеңіне шаққанда — 102,1%. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға 2018 ж. 1337,7 млн теңге бөлінді, оның ішінде жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін — 247,2 млн теңге, әлеуметтік жұмыс орындарын құру үшін — 184,8 млн тг, жастар іс-тәжірибесіне — 618,3 млн тг, қоғамдық жұмыстарға — 284,4 млн тг және т.б.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыру аясында 2018 ж. қаңтар–маусым айларында 829 млн теңге сомасына 64 шағын несие берілді. 2018 ж. қаңтар–шілде айларында қала бюджеті 63,8 млрд теңгеге орындалды. Қалалық бюджеттің өз кірісі 32,7 млрд теңгені құрады, болжамның орындалуы — 106,9%. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджетке түсімдер 5470 млн теңгеге артқан.
Қаланың солтүстік бөлігін электр қуатымен қамтудың негізгі көзі болатын 220 киловольт «Бозарық» шағын станциясының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 250 мың қала тұрғыны сапалы электр қуатымен қамтылады.
Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары 2014 жылы басталған. Зауыттың өнім көлемі қыркүйек айынан бастап 6 млн тоннаға жетеді. Бұрын 4,5 миллион тонна болған. «Петро Қазақстан» компаниясы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін және Орта Азия нарығына шығу үшін, Шымкент зауытын кеңейтуді және мұнай өңдеу мүмкіндігін жылына 10 млн тоннаға жеткізуді ұсынып отыр.
Шымкент әуежайында құны 17,5 миллиард теңге болатын жаңа терминал салынады

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.