Жаңғырту жұмыстары: жетістіктер жетерлік Избранное

Среда, 05 Сентябрь 2018 04:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2689 раз

Шымкенттегі «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС – коммуналдық қызмет көрсету нарығында 20 жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Бүгінде жаңғырту жұмыстары қарқын алған: су құбыры және кәріз шаруашылығы негізгі қорларының құрылысы, тазарту құрылғылары қайта жаңғырып, жұмыс алға басып келеді. Осы бағытта ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау Комитетінің облыстық Департаментімен бірлесе 2016-2021 жылдарға сомасы 11,4 млрд теңгені құрайтын инвестиицялық бағдарламасы бекітілген еді.

IMG 1902 - копия 2

инвестициялық бағдарламаның барысы қалай?

Қазіргі таңда инвестициялық бағдарлама өз деңгейінде атқарылуда. Таяуда «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС басшылары БАҚ өкілдеріне, мәслихат депутаттарына арнайы баспасөз-турын өткізді. Яғни, мекемедегі кәріз жүйелерін, шайынды суларды тазарту құрылғысының жұмыс барысымен таныстық. Былтыр Орта Азияда алғаш рет биогаз өндірісінен электр энергиясын алатын кешен іске қосылғаны үлкен оқиға еді.
Шымкент қаласының су құбыры және кәріз шаруашылығы негізгі қорларының құрылысы, қайта құру, жаңғырту және жаңарту бойынша 2016-2021 жылдарға сомасы 11,4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама бекітілді. Оның ішінде Еуропалық Қайта құру және даму банкінің заемдік қаражаты – 1,9 млрд теңге, Үкіметтің көмек қаржысы есебінен – 1,6 млрд теңге.
Инвестициялық бағдарлама іс-шараларының орындалу барысымен кеңінен таныстық. Мекеменің бас директорының экономика жөніндегі орынбасары Жанатбек Тұрдалиев негізгі жұмыстарды атап берді. Жалпы, тұтынушыларды инвестициялық бағдарламаға салынған қаржыларының қайда бағытталып жатқаны, салынған қаражаттан қандай нәтижелерге қол жеткізетіні, көрсетіліп отырған қызметтердің сенімділігі мен сапасына қалай әсер ететіні туралы хабардар ету міндеттелген.
Инвестициялық бағдарламаға сәйкес 90,2 шақырым су құбыры және 24,8 шақырым кәріз желілерін қайта құру, тазалау ғимаратын жаңғырту (кеңейту), 40 дана сорғы, 6 дана бақылау нүктелерін орнату, 26 дана ұңғыманы автоматтандыру, 58 дана жаңа технологиялық құрал сатып алу қарастырылған.
Салынған инвестиция нәтижесінде мынадай жетістіктерге қол жеткен:
– тұтынушыларға үздіксіз су беру қамтамасыз етілді;
– нормативті-техникалық шығындар 16,93 пайыздан 15,44 пайызға азайды;
– су құбырының тозу деңгейі 39,5 пайыздан 33,4 пайызға және кәріз желісі 63,7 пайыздан 58,15 пайызға азайды;
– есептегіш құралдармен жүз пайыз қамту тұтынушылардың бір адамның күніне 456 литрден 118 литрге (4 есе) дейін тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Жалпы, есептегіш құралдарын жаңғырту нәтижесінде бір жанұяның отбасылық бюджеті орташа алғанда жылына 34 700 теңгеге үнемделеді екен. Шын мәнінде қазіргі уақытта тұтынушылар адам басына айына 218 теңге төлейді. Бұл – республика бойынша өте төмен көрсеткіш.
Инвестициялық бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асқан нәтижелі жұмыстарды айтсақ. 2001-2017 жылдары Шымкент қаласының су құбыры және кәріз шаруашылығы негізгі қорларының құрылысы, қайта құру, жаңғырту және жаңартуға сомасы 20,6 млрд теңгеге инвестиция салынған. Оның ішінде Еуропалық Қайта құру және даму банкінің заемдік қаражаты 10 жыл мерзімге 9,1 млрд теңгені құрайды. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар орындалды.
2001 жылдан 2017 жылға дейін инвестиция есебінен 896 шақырым, оның ішінде ЕҚҚДБ заемдік қаражаты есебінен 262 шақырым тозған су құбыры желілері қайта құрылды. Сумен жабдықтаудың барлық процесінде су қабылдағыштарда су өндіруден тұтынушыларға су жеткізуге дейін цифрлық технология қолданылады. «Пульсар», «Энергия», «Вавиот» цифрлық тенологиялардың көмегімен есептегіш құралдардың көрсеткіштерін автоматты алу жүйесі енгізіліп отыр.
Сондай-ақ, апатты-қалпына келтіру бригадаларының жұмыстарын шұғыл ұйымдастыру үшін «МББАЖ» (мобильді бригаданы басқарудың автоматты жүйесі) бағдарламасы енгізілді. Апатты-қалпына келтіру жұмыстарына қатысты барлық көліктерде «PILOT» және «МББАЖ» бағдарламалары бойынша GPS жүйесі орнатылды. Бұл да жүйедегі ерекше жаңалықтың бірі.

Орта Азиядағы алғашқы цех

IMG 2091 - копия - копия - копия

Тазалау ғимараты польшалық компанияның заманауи цифрлық технологиясын қолданумен толық жаңғыртылды. Қазір электр энергиясын алу үшін биогаз өндіру мен лай тұнбаларын қайта өңдеу бойынша кешен жұмыс істеп тұр. Биогаз өндіру цехы Орта Азияда алғаш рет қолданысқа енгізіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Былтыр өңдеу цехының салтанатты ашылу рәсімі өткен. Биогаз қондырғысының құрылысы нәтижесінде кәріздік тазарту құрылғыларының қуаты тәулігіне 100 мың текше метрден 150 мың текше метрге дейін кеңейді. Тазалау ғимаратының барлық қондырғылары польшалық компанияның цифрлық технологиясын қолданумен жетілдірілген және тиімділеріне ауыстыру есебінен электр энергиясының шығыны 30 пайызға төмендеді.
«Жасыл» электр энергиясын өндіру сағатына – 400 кВт-қа жетіп отыр.

Жоспарлар ауқымды

Шымкентте жаңа көп қабатты үйлерде есептегіш құралдардың көрсеткіштерін алудың автоматтандырылған жүйесі орнатылуда. Бүгінде 103,7 мың жеке үйлердің 97,6 пайызында шығын келтірілген құбырлар қайта жаңғырыпты. Ал 1806 көп қабатты үйлердің 37,1 пайызында үй ішілік құбырлары қайта құрылған.
Бас директордың экономика жөніндегі орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтің айтуынша, алдағы жоспарлар ауқымды.
– Біз үнемі инвестициялық бағдарламаны ұзақ мерзімге жоспарлаймыз әрі сапалы орындауға көңіл бөлеміз. Инвестиция салуды бастағалы қаланың тозған су жүйелерінің 986 шақырымын алмастырдық. Біздің соңғы бағдарламамыз 2016-2021 жылдар аралығында бекітілді. Осының көлемінде біз 114 шақырым құбырларымызды алмастырдық. Одан кейін биогаздан электр энергиясын өндіретін кешенді іске қосудың нәтижесінде біздегі жалпы пайдаланатын электр энергиясының шығынын 40 пайызға дейін өзіміз өндіріп отырмыз. Мұның тарифтің аспандап кетпеуіне үлкен әсері бар.
Бүкіл қаланы сумен қамтамасыз ететін негізгі 36 бақылау нүктесі бар. Орталық диспетчерлік пунктке орнатылған бағдарлама цифрлық технология негізде жасалған. Енді бақылау нүктелерінің санын биыл 100-ге дейін жеткізсек деп отырмыз. Жаңа шағынаудандар қосылды. Бұл судың уақтылы, қажетті мөлшерде барып тұруы үшін қажет, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары.
Қала жылдан жылға ұлғайып келеді. Кәріз жүйесіне қосылатын тұтынушылардың саны артуда, жаңа шағынаудандар қосылуда. Мемлекет есебінен кәріз жүйелері салынып жатыр. Оған қоса жауыннан, қардан түсетін ағын сулардың да көлемі жылдан жылға артып келеді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына зор үлес қосып жатқан мекеменің бірі де осы кәсіпорын. Жалпы, көшеде, көпқабатты үйлерде орналасқан су өлшегіш құралдар бар. Қазір тоқсандық су өлшегіш құралдарының барлық көрсеткіштерін автоматты түрде орталық серверден алу үшін цифрлық технология қолданылуда. Былтыр жоба іске қосылды. Осы арқылы су және кәріз жүйелеріндегі апатты жұмыстарды уақтылы әрі сапалы қадағалау да шешімін тапты. Ол ресейлік «Пилот» деген бағдарлама жұмысы екенін атап өттік. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша апатты жағдайлардың шығыны 38 пайызға төмендеген.
Саладағы тағы бір жаңа технологияның бірі – гидравликалық модельдеу. Жалпы, қаланың су құбыр жүйесіне судың қалай тарап жатқанын талдайтын технологияны өндіріске кеңінен енгізу мақсаты бар. Алда осы бағытта да жұмыстар қарқын алмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.