Жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі бақылауда Избранное

Среда, 03 Октябрь 2018 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2716 раз

Шымкентте еңбек қауіпсіздігін ескермеген 79 жұмыскердің өміріне қауіп төнген. Бұл – соңғы 8 айда қаладағы ірі кәсіпорындарда тіркелген жазатайым оқиғалар.

IMG 20180928 172717

Жақында құрылған Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының қызметкерлері алдағы уақытта шаһардағы кәсіпорындармен бірге өндірістегі жазатайым жағдайлардың алдын алмақ.
Өткен жылдың 8 айында шымкенттік 89 жұмыскер нәпақа айырамын деп жүріп кәсіпорында зардап шексе, оның 13-і бақилық болған. Бұл көрсеткіш биыл да азаймай тұр. Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың мәліметінше, бүгінге дейін 79 оқиға тіркеліп, соның ішінде 12-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Осы олқылықтың алдын алу және өндірістегі жазатайым оқиғаларды төмендету мақсатында сала мамандары тарапынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері әр тоқсан сайын жиын өткізіп, аталған мәселеде кінәлілерге шара көрмек.
– Бұл – жұмыс берушілер мен билік, жұмысшылар арасындағы үш жақты комиссия. Еңбек қауіпсіздігі Ата заңымызда айқын көрсетілген. Еліміздегі азаматтар қай салада болмасын жеке басының қауіпсіздігі жоғары маңызға ие. Алайда қаладағы біраз коммуналдық мекемелерде бұл жағдай әлі де бақылауды қажет етуде. Атап айтсақ, өткен жылы «ЛТД-тұрмыс» ЖШС-інде - 4, ал «Бәйтерек ЛБ» және «Юкосервис» ЖШС-терінде бір-бір оқиға тіркелген. Жалпы жол қозғалысының ережелерінің бұзылуы, зардап шегушінің абайздығы, белгіленген еңбек режимінің бұзылуы, жеке қорғану құралдарын дұрыс пайдаланбау, жұмысты дұрыс ұйымдастырмау, ғимараттың техникалық дайын емес болуы салдарынан жұмыскерлердің өміріне қауіп төніп, жазатайым оқиғаға алып барған, – дейді Б.Қалжанов.
Сала мамандарының айтуынша, кәсіпорындарында жұмысшылар арнайы көлікпен тасымалданбайды. Ал зардап шегушілердің арасындағы ең көбі – құрылыс саласындағы қызметкерлер.
– Басқарма құрылғалы күнделікті жазатайым оқиғаларды тіркеп отырамыз. Көлемі, мерзіміне қарай жеңіл, орташа және ауыр деп 3-ке бөлінеді. Жеңіл дене жарақатын алған немесе соған ұқсас жағдайлар болса, тек жараны таңу сынды алғашқы көмекті көрсету керек. Егер бір жұмыскердің абайсыздығынан оқыс оқиға орын алса, арнайы комиссия құрып, өзіміз тексереміз. Ал үлкен немесе топтық жағдай тіркелсе, тергеп-текеру амалдарына министрліктің өзі араласады. Коммуналды мекемелер кейбір жағдайларда өз міндеттерін орындамай жатады. Мысалы, санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысатын қызметшілерін мекеме басшылығы арнайы жабдықталған автокөліктермен тасымалдамай, қарамағындағы жұмысшылардың өмірін қауіпке итермелейді. Жол-көлік оқиғалары болса, алдымен зардап шегетін сол жұмысшылар. Бұл – еңбек қауіпсіздігін өрескел бұзу, – дейді басқарма басшысы.
Шымкентте 20 ірі кәсіпорын, мыңға жуық орта және шағын компания, ал ұсақ 20 мыңнан аса мекеме бар. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды төмендетуге бағытталған шараға қатысқан қалалық үш жақты еңбек комиссиясының төрағасы Юрий Колесников кәсіпорын басшылары аталған жағдайларда жауапкершіліктен қашып, мәселені жылы жабуға тырысатынын айтады. Бұл жастардың техникалық мамандық таңдауда жолына тосқауыл болып, кадр тапшылығына алып келетінін атап өтті маман.
Ал Бауыржан Қалжанов жазатайым оқиға тіркелген мекеме басшылары ірі көлемде айыппұл арқалайтынын, егер ол жағдай 2 немесе одан көп қайталанса, заңға сәйкес жауапқа тартылатынын айтты. Жиын соңында кәсіпорындағы жауапты мамандар мен басқарма қызметкерлері сұрақ-жауап арқылы басқа да түйткілді мәселелердің басын қайырды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.