Версия для печати

Н.Назарбаев: Шымкент Орталық Азияның экономикалық және мәдени орталығы болуы тиіс Избранное

Среда, 03 Октябрь 2018 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2915 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттің мегаполис ретінде дамуға мүмкіндіктері мол. Бұл туралы ҚР Президенті Н.Назарбаев Шымкентке жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Мемлекет басшысының еліміздің үшінші мегаполисіне жұмыс сапары алдымен қаладағы мұнай өңдеу зауытынан басталды. Президент «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының жұмысымен танысты. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы 2011 жылы Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында басталған болатын. Жобаның қуаттылығы жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Инвестиция көлемі – 580 млрд. теңге.

a28ab44016f5874160e54cd8b9ab6f13

Айта кетейік, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жобасы екі кезеңде жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде компанияда Кеден одағы аумағында қабылданған К4 және К5 экологиялық класты (аналогы Еуро-4 және Еуро-5) бензин және дизель отынын шығару өндірісін құрылды. Ал 15 тамыздан бастап зауытта жоғары сапалы өнім шығарыла бастады. Бұған қоса қуаттылығы жылына 2 млн тонна шикізат өндіретін RFCC каталитикалық крекинг қондырғысын орнату жоспарланып, UOP американдық компанияның технологиясымен жүзеге асырылды. 28 қыркүйек күні мұнай өңдеу зауытында RFCC кешені іске қосылды. Ол зауыттың айналымын ұлғайтып, К-4 және К-5 класты сапалы бензин мен дизель өндіруге мүмкіндік береді.
Зауыттан шыққаннан кейін Елбасы Шымкент қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Жаңадан құрылған «Shymkent» ӘКК төрағасы Рашид Аюпов Мемлекет басшысына үшінші мегаполисті цифрландыру жобалары туралы баяндады.
Айта кетейік, Шымкентте цифрландыру жүйесіне қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, білім беру жүйесінде білім беру сапасын жақсартуға және ашықтық қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған 4 жоба іске қосылған. Олар – бүлдіршіндерді балабақшаларға автоматты түрде қабылдау, 1 сынып оқушыларын мектепке қабылдауға арналған Sakura жобасы,оқушылар арасындағы құқық бұзушылық санын азайтуға бағытталған I-mektep және мұғалімдерді қабылдауға арналған t-hunter жобалары. Енді қала әкімінің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін де жұмысқа қабылдауға қажет осындай бағдарлама әзірленуде.
Сәтті іске асырылып жатқан тағы бір жоба – «Damumed». Бұл мобильді қосымша дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және емдеу мекемесінде есепке тұруға мүмкіндік береді. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында мегаполистегі зияткерлік қиылыстар саны 21-ге дейін артты. Қала аумағында 479 бейнекамера орнатылған. Енді Астана қаласының тәжірибесі бойынша «Сергек» жүйесі орнатылуда.
«Қоғамдық көлік» жобасы аясында 2019 жылы 30 автобус электронды билет жүйесімен жабдықталады деп күтілуде. Сонымен қатар 2019 жылдың бірінші тоқсанында 300 жаңа автобус, 2019 жылдың соңына дейін тағы 700 автобус сатып алу жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және агро-өндірістік кешен саласында да цифрландыруға арналған жобалар бар. Сондай-ақ, қаланы басқару жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жоба жасалған. Қазір үш бағытта жұмыс жүргізілуде: ақылды экономика, әлеуметтік сенім және АӨК бағалау бойынша модуль құру. Стартап жобаларды жүзеге асыратын "Shymkent TechGarden" цифрлық орталығын құру жоспарда тұр.
Жұмыс сапарының соңында Мемлекет басшысы мегаполистің əлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жиын өткізді. Онда Елбасы Шымкенттің дамуының басты бағыттарын айқындап, бірқатар тапсырмалар берді.
– Болашақ – ірі қалаларда, – деді Н.Назарбаев. – Мегаполистер арасындағы бəсекелестік арта түседі. 
Шымкенттің де даму көшінен қалып қоймауы үшін əлеуеті жеткілікті. Қаладағы халық саны миллион адамнан асты, мегаполис Астана мен Алматы сияқты дамуы тиіс. Шымкенттің өзінің дамуы стратегиясын қалыптастыру керек.
Президент миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең бірінші, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.
– Ташкент Шымкентке жақын, Өзбекстанмен байланыс нығая түсуде, – деді Мемлекет басшысы. – Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, замануи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс. Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес. Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек.
Екіншіден, Елбасының сөзінше, Шымкентте медицина, фармацевтика, құрылыс индустриясы секілді экономиканың əлеуетті салалары дамуы тиіс. Ал үшінші тапсырма ретінде Мемлекет басшысы жастарды қолдау мен білім беруді жақсартуды тапсырды.
– Жастар халықтың 42 пайызы немесе 420 мың адамды құрайды. Экономиканы дамыту үшін білікті мамандар қажет. Ондай мамандарды Шымкентте әзірлеуге болады, ол үшін білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев бұған қоса мегаполистің сəулеттік келбеті туралы да айтып өтті.
– Шымкенттің өзіндік қайталанбас сəулеттік стилі болуы керек, – деді Президент. – Астананың стилін көшірудің қажеті жоқ. Өздеріңіздің мəдени ерекшеліктеріңіз бар. Ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу керек. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламамыз бар. Ретсіз сауда орындарынан арылу керек. Шымкент ақылды қала болуы тиіс. Қала аумағының кеңеюі емес, тығыз орналасуы өзекті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2025 жылы Шымкент халқының саны 1,3 млн адамға жететінін, осыған орай мегаполиске жаңа балабақшалар, мектептер мен ауруханалар қажет екенін атап өтті. Оларды салу үшін инвесторларды жұмылдыру керек деді Елбасы.
– Биылғы 8 айда Шымкент қаласындағы өндіріс көлемі 102,1 пайызға өсіп, 300 миллиард теңгеге жетті, – деп мәлімдеді Н.Назарбаев. – Үшінші мегаполиске тартылған инвестиция көлемі жаман емес. Шағын және орта бизнес дамыған. Қаланың жанынан халықаралық Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі өтеді. Шаһардың дамуы үшін бұдан артық не керек?
Жиынға қатысушылар да қаланың дамуы туралы пікірлерімен бөлісті. Нақты айтқанда қалалық мəслихаттың хатшысы Н.Бекназаров Шымкент бюджетінің көлемі 180 млрд теңгеге жеткенін айтса, депутат Т.Сұлтанова мегаполистегі медицинаның дамуы туралы, жас кəсіпкер Аят Азимов стартаптарды қолдау қажеттігін жеткізді.
Ал Шымкенттің əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Мемлекет басшысына Қала күні мерекесі ретінде 19 маусым күнін ресми бекітуді ұсынды. Айта кетейік, дəл сол күні Елбасы Шымкентке республикалық қала мəртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Жиын қорытындысында Президент Шымкент тұрғындарына сәттілік тіледі.

Әзірлеген:
А.Сәдуәлі

Последнее изменение Среда, 03 Октябрь 2018 09:13
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.