Ипотекалық несиенің тиімді тұстары таныстырылды Избранное

Пятница, 12 Октябрь 2018 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 242 раз

Елбасының 5 қазанда жариялаған Жолдауына байланысты Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратында актив отырысы өтті.

IMG-20181010-WA0010

Аудан әкімі Ғ. Мәуленқұловтың төрағалығымен өткен жиында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын халық арасында насихаттау, түсіндіру, жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүзеге асыру жайы сөз болды.
– Елбасы өзінің Жолдауында ел алдындағы 6 негізгі міндетті атады. Ең әуелгі тапсырма – халық табысының өсуі. Тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру міндеттемесін жүктеу барысында да Мемлекет басшысы ең маңызды мәселелерге тоқталды. Төртінші, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат халықтың күнделікті тіршілігінде маңызды рөл алады. Ал тиімді сыртқы саясат бізге кәсіпкерлікті дамыту мен өркениетке жол ашып, бәсекелестік қабілетті арттырары сөзсіз. Соңғы әрі маңызды міндет – әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы. Яғни, Жолдауды әрбір азамат өзі оқып, біліп, айқын мақсат құруы тиіс және Мемлекет басшысы берген тапсырмалар негізінде баршаңызды бір кісідей жемісті еңбек етуге шақырамын, – деді Ғабит Патшаханұлы.
Жолдаудың басты басымдығы «Тұрмыс сапасын арттыру», педагог мәртебесі, сапалы білім алу жайлы №45 мектеп гимназиясының директоры Роза Пак пікір білдірді.
Ал ҚР Ұлттық Банк өкілі Абылғазы Қалназаров «7-20-25» бағдарламасын тереңірек таныстырып, ғаламтордағы «0-20-25», «5-20-25» атауларымен баспана алуға жасалып жатқан ұсыныстардың мемлекеттік бағдарламаға қатысы жоғын атап өтті.
– Көптеген азаматтар «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиені тек 25 жылға алу шарт деп ойлайды. Одан кем немесе артық уақытқа берілмейді деу қателік. 25 жыл – несиенің шекті мерзімі. Ал одан аз төлеймін десе, оны 1 жылға, 5 немесе 10 жылға да азайтуға болады. Несие төлеу мерзімін пәтер алушының өзі белгілейді. Сондай-ақ, негізгі қарызды қайтаруды да белгіленген уақыттан бұрын төлеуге болады, – дейді банк өкілі.
А.Қалназаровтың айтуынша, құны 12 млн теңгеге бағаланған пәтерді 25 жылға сатып алса, ай сайынғы төлем 68 мың теңгені құрайды. Осы соманы 25 жыл бойы төлесе, қорытындысында артық төлем мөлшері 10,7 млн-ды құрайды. Ал 3 жылдан кейін несиені мерзімінен бұрын жабу мүмкін болса, үстеме ақының құны небәрі 1,9 млн теңге болмақ. Есесіне 22 жылдың пайызын төлемейді және алдын ала несиені жабуға Банк тарапынан ешқандай санкция талап етілмейді.
«Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» тақырыбында өрбіген баяндаманы жиынға қатысушылар ұйып тыңдады. Бұдан кейін қала қауіпсіздігі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту жайына Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Қайрат Мұратов тоқталды.
Аудан жастарының атынан ОҚМУ-дың «Басқару және бизнес» факультетінің Баймырза Адамбек есімді 4 курс студенті сөз алды.
– Жастар жылы тарихта жалынды атауымен таңба болып қалуы үшін біз, жастар, білек сыбана еңбек етуіміз керек, – деген жалынды жас аудан әкіміне өзінің ұсыныстарын жеткізді. – Пайдасыз флешмобтар мен жиналыстарға кететін уақытты қаладағы қараусыз ғимараттарды қайта қалпына келтіруге, коворкинг орталықтары мен спорттық клубтарды көбейтуге және уақытты тиімді пайдалануға жұмсасақ дейміз. Сонымен қатар, жас та болса кәсібін ашқан студенттерді салық төлеуден босатса, мұның өзі үлкен қолдау болар еді.
Баймырза Бекайдарұлының «Жаны жақсы ағаның етегін баспа, жолын қу.
Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ынталы ұранын жиынға қатысушылар қолдап, қол соқты.
Елбасы Жолдауын талдап, талқылаған жиынды аудан ардагері Шерім Медеуов қорытындылады.

Последнее изменение Пятница, 12 Октябрь 2018 06:12
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.