«7-20-25»: Шымкентте баспаналы болуға мүмкіндік мол Избранное

Пятница, 12 Октябрь 2018 05:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3984 раз

Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бейжай қалдырмайды. Десе де, еліміздегі баспанаға деген мұқтаждықты төмендету бағытында Елбасының бастамасымен жаңа бағдарламалар қолға алынуда. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – тұрғындарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамту, яғни халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Елбасының таяудағы Жолдауында да баспана мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте Мемлекет басшысы ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажеттігін тапсырды.

5321

Баспана алуға субсидия берілуде

Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында тұрғын үй құрылысына баса назар аударды.
– Елімізде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің осы тапсырмасы бойынша өңірлерде нақты жұмыстар басталып кетті. Мысалы, Шымкентте әкімдіктің пилоттық жоба аясында 19 мұғалімге тұрғын үй сертификаты тапсырылды. Қайтарымды сертификаттар «7-20-25» бағдарламасы аясында беріліп отыр. Яғни, сертификаттарда осы бағдарлама аясында берілетін пәтер бағасының алғаш жарнасының жартысына тура келетін қаржы бар.
Сондай-ақ, Елбасы өз Жолдауында мемлекет тарапынан ешкімге тегін баспана берілмейтінін де айтып өтті.
– Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Барлықтарыңыздың алдында, бүкіл елге тағы да айтамын: қазір бізде басқа әлем, нарықтық экономика, мемлекет ешкімге де тегін баспана бермейді, – деді Елбасы.
Осы орайда Президент баспана алушыларға несиемен, жеңілдіктермен көмектесуге болатынын баса айтты.
– Еш жерде тегін пәтерге деген қандай да бір кезек болмауы тиіс, – деп ескертті Мемлекет басшысы. Елбасының айтуынша, мемлекеттік шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетсек, Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мәселелері қаралған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға кірісіп кеткенін айтты. Ол Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасын іске асыру белсенділігін ұлғайтып жатқанын жеткізді. Яғни, бағдарлама іске асырыла бастаған екі айдың ішінде банктер 25 млрд теңгеге несиелерді мақұлдаған. Президентке баяндалғандай, қазірге дейін азаматтардың 2 мыңнан астам өтінімі мақұлданған.

Үкімет жалға берілетін үй салуға тағы 10 млрд теңге бөлмек

Мемлекет басшысының Жолдауда көрсетілген міндеттерін жүзеге асыру үшін Үкімет жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін ұлғайтады.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтылғанындай, алдағы бес жылда «7-20-25» бағдарламасы аясында шамамен 103 мың адам тұрғын үй иесі атануы мүмкін. Осы бағдарлама аясында әкімдіктерге жергілікті бюджеттен бастапқы жарналарды ішінара субсидиялау механизмін әзірлеу тапсырылды. Яғни, жас отбасылар мен бюджеттік саланың қызметкерлеріне бастапқы жарнаның жартысын өтеу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Бұдан бөлек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы 71 мың әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерін үймен қамтамасыз етуге арнайы ипотекалық бағдарлама іске қосылған. Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтып өткендей, мемлекеттік қаражатқа жалға берілетін 20 мың және несиелік 56 мың тұрғын үй салынады.
Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін Үкімет жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін ұлғайтады. Сондай-ақ, Үкімет салынып жатқан үйлерді желілерге қосу үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 100 млрд теңгеге дейін қаржы салу мәселесін қарастыруда. Бөлінген қаражат ауылдардың 80%-ын сапалы сумен қамтамасыз етеді және ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартады.

«7-20-25»: 50 мың адамға 1 млн теңгелік сертификат тапсырылады

Елбасының Жолдауда берілген тапсырмаларына сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады.
«Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстан халқына жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ. «7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады.
– Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Аталған шаруаны қызу дөңгелетіп, осы аптадан бастап әр өңірлерде «7-20-25» сертификаттарын бере бастаймыз, – деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
«7-20-25» сертификатының орташа номиналы 1 млн теңге болмақ. Демек, жергілікті атқарушы органдар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына қатысуды ынталандыру үшін кем дегенде 50 млрд теңге бөлінбек. Естеріңізде болса, қыркүйек айында «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаны арзандату мақсатында «Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері әзірленіп, олар өңірлерде іске асырыла бастаған еді. Енді өнімдер біріктіріліп, алғашқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік жұмыс «7-20-25» сертификаттары аясында кеңінен жүргізілмек.

Шымкент әкімдігі тұрғындардың баспаналы болуына жағдай жасауда

Қазіргі таңда қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың қолдауымен шымкенттіктердің баспаналы болуға мүмкіндігі жоғарылай түсті. Таяуда ғана Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес, бұдан былай шымкенттіктер «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін баспана құнының бастапқы 20% жарнасын жинап отырмайды. Енді шымкенттіктер пәтер бағасының 10% жинаған соң-ақ баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Қалғанына әкімдік қайтарымды негізде субсидия бермек.
Субсидия III және IV класты, шаршы метрінің құны 140-180 мың теңге аралығындағы үйлерге ғана беріледі және кейін қайтарылады. Артықшылығы – қала тұрғындары дер кезінде баспанаға қол жеткізеді. Бұл ретте үшінші мегаполистің дамуына «Баспана» ипотекалық компаниясы да мейлінше үлес қосуға ықыласты.
Қуаныштысы сол, биылдың өзінде Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы арқылы 500 отбасы жаңа пәтерге кіреді деп күтілуде. Ал келесі жылы – 1 500 отбасы. Бұл ретте Шымкент қаласындағы тұрғын үй құрылысына «Баспана» ипотекалық компаниясы тарапынан 20 млрд теңге бөлінбек.
Шымкент қаласының әкімдігі мен «Баспана» ипотекалық компаниясы арасындағы меморандум аясында «Жас Арман» және «Қамқор» тұрғын үймен қамту жобасы қолға алынды. Ондағы ерекшелік – «Жас арман» арқылы қала жастары және 21-36 жас аралығын қамтитын отбасылар баспанаға қол жеткізе алады. Ал «Қамқор» мемлекеттік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналады.

Түйін сөз:

Бала туу көрсеткіші жоғары Шымкент шаһарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің саны артып келеді. Мәселен, былтыр Шымкентте 25 тұрғын үйге тапсырыс берілген болса, биыл 58 тұрғын үй салынды. Яғни, екі еседен аса көбейіп отыр деген сөз. Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламаларын іске асыруға Шымкентте сегіз тұрғын үй кешенінің 136 пәтері дайын, ал екінші жартыжылдықтың соңына дейін 275 пәтер пайдалануға беріледі. Олардың көбі 2-3 бөлмелі пәтерлер. Демек, алдағы уақытта қоныс тойын тойлайтын шымкенттіктердің қатары көбейетіні анық.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:

корзина аким

– Біздің мақсат – Елбасымыз бекіткен «7-20-25» бағдарламасын орындау және Шымкент қаласының тұрғындарына тиімділігін арттыру. Таяуда «Баспана» ипотекалық компаниясымен меморандумға қол қойдық. Бұрын азаматтар жарнаның 20%-ын жинауға қиналатын. Енді тек 10%-ын жинайды, қалғанын әкімдік қайтарымды негізде субсидиялайды. Осы мақсатта әкімдік тарапынан 2 миллиард теңге қаржы қаралды. Оның 500 миллион теңгесі 2018 жылы жұмсалады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

1511246035 article b

– Шымкент әкімдігі «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2018-2019 жылдарға арнап 2 млрд теңге субсидия бөледі. Қаланың екі мыңға жуық тұрғыны бастапқы жинақ бойынша қолдау шараларымен қамтылады. Сонымен бірге, республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына байланысты Шымкенттегі тұрғын үйдің шекті құны 15 миллионнан 25 миллионға дейін өсті. Менің ойымша, бұл бастаманы басқа өңірлер де іліп әкетеді. Осындай шараларды қазір Ақтөбе облысының әкімдігі қолға алып жатыр.

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы туралы қайдан білуге болады?

«7-20-25» жеңілдетілген ипотека бойынша Қазақстанда бірыңғай call-орталық жұмыс істейді. Тұрғындар +7(727) 227-20-25 тегін нөміріне қоңырау шалып, баспана алу шарттарын, мемлекеттен субсидия алу туралы біле алады.
Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсесінде» (Т.Рысқұлов көш., 8, фронт-офис) «7-20-25» бағдарламасы бойынша ақпараттық орталық ашылған.
Онда екінші деңгейдегі банктер («Банк центр кредит» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «RBK» Банкі» АҚ, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ), сондай-ақ «Отау строй» ЖШС, «Ақ мойнақ» ЖШС, «Оңтүстік құрылыс» ЖШС және «Баспана ИҰ» АҚ өкілдері қызмет көрсетеді.
Жауапты мамандар азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие беру шарттары, әкімдіктен субсидия алу мүмкіндіктері, сондай-ақ осы бағдарлама бойынша үйлерге қойылатын талаптар, үйлердің қайда орналасқаны және т.б. туралы кеңес береді.

Последнее изменение Среда, 17 Октябрь 2018 05:38
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.