106 жер телімі мемлекетке қайтарылады Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 04:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2761 раз

Бәйдібек би даңғылының оң жағынан Ташкент – Алматы айналма жолына дейін, одан әрі Алматы тасжолының оң жағынан 3 шақырымға дейінгі аумақты алып жатқан Тұран шағынауданында 12 көшенің құрылысы басталмақ. Оның екеуі – ірі магистральді көшелер.

13

Жалпы, Тұранда 30 көше бар. Қазіргі таңда оның 5-іне асфальт, 12-сіне шағал тас төселген. Ал қалған 13 көше топырақ күйінде жатыр. Шағынауданда 1 528 пәтер орналасқан 28 көпқабатты тұрғын үй бар. Ал жекеменшік үй саны – 744 ғана. Жер телімінің басым бөлігі бос жатыр.
Ірі магистральді көше құрылысының басталуына орай Тұран шағынауданындағы 106 жекеменшік жер телімі мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы мен мемлекет мұқтаждығы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын учаскелердің тізімі қыркүйек айында «Шымкент келбеті» газетінде жарияланды. Қалалық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Сұлтан Мұратов жер телімі үшін өтемақы төленетінін айтты.
– Төлемақы төлеу тәртібі ҚР Жер Кодексіне және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі. 106 жер телімінің 102-сі бос жатыр. Ал Тұран шағынауданындағы инженерлік-коммуникация жүйелерін тартуға және көпшілік пайдаланатын көше құрылысын жүргізуге қажетті қызыл сызық аумағына 2 үй және 2 қоршау түскен. №2 көшеде1 қоршау, 1 үй орналасқан, №7 көшеде де дәл солай, - дейді С.Мұратов.
Маңызды жол құрылысына қажетті қызыл сызықтың ені 60 метрді құрайды. Ал ұзындығы №2 көшеде – 2,149 шақырымды, №7 көшеде – 2,380 шақырымды қамтиды. 6 жолақты кең көшенің ортасы мен екі шетінен көгалдандыру жұмыстарына 3 метрден жер белгіленген. Одан бөлек, жолдың екі жиегінен де ені 3 метрлік аяқжол, дәл осы көлемде веложол салу жоспарланған.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:47
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.