ТАРИФТЕР қайта қаралады Избранное

Пятница, 16 Ноябрь 2018 05:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3001 раз

Бүгінде Шымкенттегі табиғи монополия субьектілері өз шығындарын талдап, тарифті төмендету бағытында жұмыс істеуде. Жалпы, тариф қалыптастыру жүйесі айқын және ашық болуы тиіс. Қалалық әкімдікте өткен жиында бұл мәселе кеңінен талқыланды. Белгілі болғаны – монополистер жылдың соңына дейін тарифтерін қайта қарамақ. Ал қала тұрғындары да табиғи ресурстарды үнемді пайдалануы тиіс.

95

 

Мемлекет басшысы 5 қазан күнгі халыққа арнаған Жолдауында тарифтердің ашық болу қажеттігін қадап айтқан еді. «Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық пен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. Коммуналды қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес» деді Елбасы.
Жиында энергетика және коммуналды қызмет көрсету саласындағы тарифтердің белгіленуінен бөлек жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы, қоғамдық көліктердегі және медициналық дәрі-дәрмектердің бағалары, тағы басқа бірқатар мәселелер талқыға түсті. Табиғи монополия субьектілерінің басшылары тарифтерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралардан хабардар етіп, Елбасының тапсырмасын орындайтынын мәлімдеді.
Алдымен басқарма басшылары баяндама жасады. Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов тарифтердің жағдайына тоқталып өтті. Оның айтуынша, қаладағы коммуналды қызметтердің бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда орташа деңгейде. Электр энергиясы, жылу энергиясы, табиғи ғаз, судың тарифіне салыстырмалы кесте бойынша талдау жүргізілген. Мысалы, Шымкенттегі электр энергиясының тарифі жеке тұлғаларға – 14,149 теңге, заңды тұлғаларға 27,17 теңге. Салыстырмалы кесте бойынша Шымкент қаласы 8 орында тұр, дейді басқарма басшысы. Ең жоғары тариф Ақтау қаласында – 19,42 теңге.
Ал газ бағасы бізде жеке тұлғаларға 34,4 теңге, заңды тұлғаларға 36 теңге. Салыстырмалы кесте бойынша ең қымбат тариф Алматы облысына тиесілі – 36,4 теңге. Біз бұл кестеде үшінші орында тұрмыз. Шымкентте табиғи газ Өзбекстаннан сатып алынатынын айта кеткен жөн.
Жылу энергиясы қуатына қойылатын тариф құны жеке тұлғаларға 6055 теңге/Гкал. Заңды тұлғаларға – 17319 теңге/Гкал. Жылу тарифінің 73 пайызын газ бағасы құрайды. Жылу тарифінің өсуі табиғи газдың бағасымен тікелей байланысты дейді мамандар.
Ауызсу бойынша да көрсеткіш орта деңгейде. Мәселен, қалада жалпы сумен қамтудың тарифі – 137 теңге. Салыстырмалы кесте бойынша Шымкент 10-орында тұр. Тариф бағасының жоғары болуына негізінен «Су ресурстары – Маркетинг» мекемесінің инвестициялық бағдарлама аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің алдындағы несиелік міндеттемесі, реттелетін қызметтердің көлемінің төмендігі себеп болып отыр.

Баяндама жасағандарды тыңдаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тарифтерді төмендетуге барынша терең талдау жүргізіп, түрлі мүмкіндіктерді қарастыру қажет екенін айтты.

– Салыстырмалы алып қарағанда бізде энергетика, коммуналды қызметтердің бағалары орта деңгейде, тіпті одан төмен. Баға төмен болғанымен, қызмет көрсету сапасын жоғарылату керек. Тарифтердің барлығы ашық түрде белгіленуі тиіс. Қалада биылғы жылу маусымында тарифтер көтерілмейді. Негізінен, 3 пайызға көтерілу керек еді. Бірақ меморандум бойынша оны тоқтаттық - жылу тарифі сол күйі қалады. Қала аумағында газды тұтыну көлемі де арта бермек. Сол себепті оның тарифін белгілеу өте маңызды. Тұрғындар да көп шағымданады. Бізде ауызсу да қымбат. Оның бағасын түсірудің қандай жолдары бар? Тиісті мекеме талдау жүргізуі керек. Қалада барлық тұтынушы өлшеу құралдарымен қамтылғанын айта кектен жөн. Жалпы айтқанда, әлі де жаңа технологияларды енгізіп, тарифті төмендету керек. Осы жылдың соңына дейін тарифтер қайта қаралады. Біз қала тұрғындарының көңілінен шығатындай тариф қалыптастыруымыз керек деп ойлаймыз. Бұл ретте үнемдеуге көшу қажеттігін де естен шығармаңыздар, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы, сондай-ақ, коммуналды мекеме қызметкерлерінің жалақысын жоғарылатуға тапсырма берді.

Үнемдеу де өзекті

Жалпы, ірі кәсіпорын басшылары атқарылған негізгі жұмыстар мен мәселелерден хабардар етті. Бүгінде барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қоғамдық қабылдаулар өтуде. Онда тұрғындар коммуналды шаруашылық саласындағы түйткілді проблемаларды мәлімдеп, сұрақтарына жауап алуда. Қазіргі таңда Энергетика министрлігі бұл мақсатта қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жұмыс тобы құрылған. Электр энергиясы мен газдың бағасы қайта бекітіледі.
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС басшысы Анарбек Орманның айтуынша, тұрғындар суды үнемдеуге көңіл бөлуі тиіс. Суды үнемдей білсек, төлемақыны да төмендетуге қол жеткізер едік дейді.
– Біздегі судың тарифі – бір текше метрге қойылған көрсеткіш. Ал нақты төлемақы, халықтың пайдаланған суына, кәріз қызметіне төлемі республика деңгейінде ең төменгі деңгей болып есептеледі. Өйткені, кей қалаларда өлшегіш құрылғыларымен толық қамтылмаған. Ал Шымкентте барлық жеке және көпқабатты үйлер, коммерциялық құрылымдар, кәсіпорындар өлшегіш құралдарымен 100 пайыз қамтылған, – дейді мекеме басшысы.

Әлеуметтік карта жасалады

Жиында, сонымен қоса, жоғары оқу орындарындағы оқу бағасына мониторинг жүргізу, қоғамдық көлік саласындағы тарифтің жағдайы сөз болды. Шымкентте жекеменшік жоғары оқу орындарында оқу бағасы 90-150 мың арасында. Қалада 10 жоғары оқу орны, 10 мемлекеттік колледж бар. Колледждерде оқу құны әр түрлі. Саз колледжінде оқу ақысы 250 мың теңге деп белгіленген. Орташа баға - 150 мың теңге. Әрине, республика бойынша салыстырғанда біздегі оқу құны әлдеқайда төмен.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан осылай дейді. Оның мәліметінше, қаладағы екі мемлекеттік университет ұстаздардың жалақысын көбейткен. Мәселен, ОҚМУ ұстаздардың жалақысына 30 пайызға үстемақы қосса, ОҚМПИ 15 пайыздан 50 пайызға дейін көтеріліп отыр.
Ал Қуатжан Жұматаевтың мәліметінше, тасымалдаушылар өткен айда тариф есептемелерін ұсынған. Оған сәйкес, қосалқы бөлшектер 2016 жылғымен салыстырғанда 20-30 пайызға өскен. Дизель отыны қазір 186 теңге. Дегенмен, көлік компаниялары нақты өздерінің кірісін-шығысын көрсеткен жағдайда субсидия беруге мүмкіндік бар.
– Қоғамдық көлік саласы бойынша бағаны көтеруге негіз жоқ. Қала әкімдігі субсидия беруге дайын. Біз барынша қолдау көрсетеміз. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 1000 автобус әкелуді жоспарлап отырмыз. Тасымалдаушы компанияларға лизинг арқылы беруге мүмкіндік бар. Өзінің талаптары да бар. Бірінші жарты жылдықта 300 автобус, екінші жартыжылдықта 700 автобус келеді. Сол кезде қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешіледі. Сондай-ақ, «Шымкент» ӘКК келесі жылы әр қала тұрғынының картасын жасайды. Ол картаны коммуналды шығындарды төлеу бойынша да, жолақысы бойынша да қолдануға болады, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Сондай-ақ, шаһар басшысы келесі жылы іске асырылатын бірқатар жобалардан хабардар етті. Жаңа құрылыстар басталып, қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынатынын мәлімдеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.