«7-20-25» қалай жүзеге асуда? Избранное

Пятница, 16 Ноябрь 2018 05:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2533 раз

Шымкентте жуырда «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асу барысы туралы мәжіліс өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы қоғамдық кеңесінің және қала әкімдігінің тұрғын үй бойынша жауапты мамандары, банктердің өкілдері қатысты.

96

 

Алғаш рет «7-20-25» бағдарламасы туралы Елбасы Н.Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» айтқан болатын. Осыдан кейін көп ұзамай Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Халықтық кеңседе» (фронт-офис) бағдарлама бойынша арнайы ақпараттық орталық ашылды.
«Нұр Отан» партиясы  Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбековтың мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасы басталғалы бері Шымкентте 77 азаматтың өтінімі банктер тарапынан мақұлданған. Оның ішінде 43 азамат қазіргі таңда баспаналы болған.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Утенбаев қазіргі таңда Шымкентте 184 тұрғын үй салынып жатқанын мәлімдеді. Онда 791 пәтер бар. Жауапты маман жыл соңына дейін Шымкентте 1546 пәтер нарыққа шығарылатынын мәлімдеді. Аталған пәтерлерді «7-20-25» бағдарламасымен үлестіру бойынша алдағы кезде арнайы жоспар түзілмек.
Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй қатынастары басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әшірбаеваның айтуынша, бүгінде Шымкентте тұрғын үй кезегінде 37 мың азамат тұр. Олардың 20 мыңға жуығы бюджеттік мекемелердің қызметкерлері.
«Баспана» ипотекалық ұйымының өкілі Қасымбек Мәліков Елбасының бастамасын жүзеге асыру бойынша «7-20-25» бағдарламасына биыл 5 млрд, келесі жылы 15 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.
Жиында белгілі болғандай, «7-20-25» бағдарламасының Шымкентте іске асыру барысы туралы халыққа түсіндірме жұмыстары күшейтілмек. Сондай-ақ, енді әр аптаның жұма күні арнайы жиналыс өткізіліп, қорытындысы шығарылып отырады.
Еске сала кетсек, бүгінде Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсесінде» (Т.Рысқұлов көш., 8, фронт-офис) «7-20-25» бағдарламасы бойынша ақпараттық орталық жұмыс істеуде. Онда екінші деңгейдегі банктер («Банк центр кредит» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «RBK» Банкі» АҚ, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ), сондай-ақ «Отау строй» ЖШС, «Ақ мойнақ» ЖШС, «Оңтүстік құрылыс» ЖШС және «Баспана ИҰ» АҚ өкілдері қызмет көрсетеді. Жауапты мамандар азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие беру шарттары, әкімдіктен субсидия алу мүмкіндіктері, сондай-ақ осы бағдарлама бойынша үйлерге қойылатын талаптар, үйлердің қайда орналасқаны және т.б. туралы кеңес береді.

Последнее изменение Понедельник, 19 Ноябрь 2018 08:24
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.