«Таза қала»: Жеңімпаздар марапатталды Избранное

Среда, 21 Ноябрь 2018 04:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3398 раз

Шымкентте биыл жетінші рет ұйымдастырылған «Таза қала» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жыл басында байқауға қатысу үшін қаладағы 4 ауданнан 517 үміткер өтініш білдірсе, оның 345-і «Үздік аула», ал 174-сі «Үздік көше» номинациясы бойынша сынға түсті.

102

 

«Таза қала» акциясының мақсаты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында бастау алған. 

Байқау Шымкенттің әр тұрғынын өз үйінің ауласын, көшесін таза ұстауға, ағаштарын әктеп, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына ықыласты болуға шақырады.
– Биыл 19 маусымнан бастап Шымкент шаһары Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар қалалардың қатарын толықтырды. Демек, қала тұрғындарын алдағы жылы бұдан да ауқымды шара күтіп тұр, - деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай. – Өзіміз еккен ағаштың жапырақ жайғанын, гүлдегенін көру керемет әсер сыйлап, жан сарайыңды байытады. Рухани демалыс сыйлайтын осы бір еңбек – патриоттық сезімді оятатын тәрбиенің бастауы. Келесі жылы байқауға қатысуға өтініш білдірген үміткерлердің көшелері мен ауласын абаттандыру жұмыстарына басымдық беріледі. «Таза қала» акциясына қатысушылардың барлығына қала әкімінің және қала әкімдігінің атынан алғыс айтамын.
Байқауда «Үздік аула» және «Үздік көше» номинациясы бойынша әр ауданнан 1, 2, 3 орынға 12 жүлде қаралған. Ынталандыру сыйлығы тағы 8 қатысушыға тағайындалған.
Сонымен, 1 орынның 8 жеңімпазын қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нұртай құттықтап, әр қатысушыға арнайы диплом мен 200 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты тарту етті. ІІ орын жеңімпаздарына 150 000 теңгелік сертификаттарды Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғ.Ташқараев тапсырды. «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті Ш.Жамалбек ІІІ орын жүлдегерлеріне тағайындалған 100 000 теңге сертификаттарын үлестірді.
– Келесі жылы «Таза қала» байқауына тұрғындарды ғана емес, кәсіпкерлерді де жұмылдыру керек. Себебі, кейбір аулалар кәсіпкерлік нысандармен іргелес орналасқан. Ондағы автотұрақ, үйдің қасбетін жаңарту, басқа да шаруаларға қаланың патриоты ретінде кәсіпкерлерде де қызығушылық болуы тиіс. Ал әр жылы белсенділігімен көзге түсіп, ауласын ел қызығатындай кейіпке енгізген қала тұрғындарына «Азаматтық альянс» қауымдастығы атынан алғыс білдіремін, - деді Шәріпбек Жамалбек.
Іс-шара соңында байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына белсенділік танытқан аудан әкімдіктері мен полиция инспекторлары марапатталып, үлгілі мектеп оқушылары алғысқа бөленді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.