Версия для печати

22 аула жаңа кейіпке енеді Избранное

Среда, 28 Ноябрь 2018 05:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3714 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Алматы мен Астана қаласында сынақтан өткен балалар ойын алаңшасы Шымкент шаһарында да қолданыла бастады. Қазірдің өзінде қала орталығындағы 22 аула біркелкі, соңғы үлгідегі ойын алаңшаларымен жасақталды.

134

 

– Әл-Фараби ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің біріктірілген 400 ауласы бар. Бұған дейін соның 217-сі абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы орнатылды. Қалған 183 аулаға ойын алаңшалары мен кешенді жаттығу құрылғыларын орнату қажет. Сонымен қатар 33 ауладағы 2014 жылы салынған спортық ойын алаңшалары жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты ауданда көпқабатты үйлердің 22 ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары
Дәурен Босымбаев.
Д.Босымбаевтың айтуынша, абаттандыру жұмыстары біткен соң, жобаға сәйкес, аулаларға балалардың ойын алаңшасы және кешенді жаттығу құрылғылары орнатылмақ.
– «Кеме», «Ривьера», «Форт» сынды ойын элементтері бұған дейін Алматы, Астана қалаларындағы көпқабатты үйлердің ауласында орнатылды. Ірі қаланың тұрғындары айтқан сын-ескертпелерді ойын элементтерін орнату барысында да ескеруді жөн санадық. Сонымен қатар, аулаларда орнатылып жатқан кешенді спорттық құрылғылар бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді деп сенеміз, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары.
Тұрғындар құрылыс жұмыстары уақытша жайсыздық екенін айтса да, ауланың жаңарған кейпін көруге асық.
– Үйіміздің іргесінде түрлі ғимараттар салынып, жаңа жол түсіп жатыр. Жақында осы маңда жаңа арбат пайдалануға беріледі. Сондай көрікті көшеден үй ауласына өтсеңіз, тозығы жеткен асфальт пен аяқжолды бірден байқайсыз. Үй басқарушысы болғандықтан тұрғындарды ұйымдастырып, әкімдікке осы мәселе жайында өтініш қалдырғанбыз. Абаттандырып берсе де қуанатын едік, балалардың ойын алаңшасы мен спорттық-сауықтыру алаңшалары түсетінін естіп, қуанып жүрміз, – дейді Бейбітшілік көшесі 2а үйдің тұрғыны Бегайым Әбілшаева.
Күн суып, қарлы-жауынды маусым басталғанымен, шаһар орталығындағы үйлердің 22 ауласында қазір құрылыс қайнап жатыр. Бірқатары аяқталуға жақын.
– Жұмысшылар қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Қыс маусымында мұз болып қатпайтын арнайы қоспаның көмегімен қазір 10 аулада бетондау жұмыстарын аяқтадық. Енді аяқжол салу, сығымдалған резіңке жабынын төсеу жұмыстары бітсе, жұмысшылар аулаларға ойын элементтерін құрады, – дейді «Строй
Инжиниринг Атамекен» ЖШС директоры Тимур Барокбаев.
Әл-Фараби ауданы бойынша тағы 171 ауланы абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату және 18 ашық спорт алаңшасын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жоба құны 2,8 млрд теңгені құрап отыр.
Д.Босымбаев бюджеттік өтінім қалалық экономика және қаржы басқармасына ұсынылғанын айтты.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.