Версия для печати

Шымкенттің көрсеткіші Орта Азияның ірі қалаларынан жоғары Избранное

Среда, 28 Ноябрь 2018 05:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3262 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жан басына шаққан кезде жалпы өңірлік өнім Шымкентте 5,5 мың АҚШ долларын құрады. Осы көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы Ташкент, Бішкек және Душанбе секілді қалалардан алда келеді. Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деп мәлімдеді.

136

Экономикалық даму бойынша алда

Шымкенттің даму көрсеткішінің әлеуетін анықтау үшін Орта Азиядағы ірі қалалардағы жағдайға талдау жасалған. Анық болғаны – орташа жалақы бойынша да Шымкент қаласының көрсеткіші Ташкент, Бішкек, Душанбе және Ашхабад қалаларынан жоғары. Мысалы, Шымкенттің жалпы өңірлік өнім көлемі 5,3 млрд АҚШ долларын құрап отыр.
Жалпы, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіші бойынша жыл басынан бергі 10 айда өсім байқалады, деді әкім. Атап айтқанда өнеркәсіп көлемі 383 млрд 600 млн теңгеге жетіп, 104 пайызға өсті. Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, Шымкентке құйылған инвестиция көлемі 24 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артты. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республикада бірінші орында келеді.


Тұрғындармен жаңа форматта кездесу

Шымкент қаласының әкімі, бұған қоса, мегаполистегі тың жобалармен таныстырды. Сондай жаңалықтың бірі – қала әкімі тұрғындарды енді айына бір рет емес, апта сайын қабылдайды.
– Әкімдік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында мен азаматтарды жеке қабылдауды айына бір рет емес, апта сайын, әр жұма күні сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін өткізу туралы шешім қабылдадым. Азаматтарды қабылдауға жазылу онлайн режимде қала әкімдігінің сайты арқылы жүзеге асырылады. Азаматтардың ыңғайлылығы үшін әкімдік ғимаратының бірінші қабатында заманауи кабинет жабдықтадық, - деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Қала әкімі Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да баяндап берді.

Сәбилерді балабақшаға онлайн қабылдаудың Indigo жүйесі, балаларды бірінші сыныпқа қабылдайтын Sakura жүйесі, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға арналған T-hunter жүйелері ең алдымен Шымкенттің білім беру саласында қолға алынған. Ал қазір еліміздің барлық өңірлерінде енгізілуде.

Дубайға тура жол

29 желтоқсаннан бастап Шымкент және Дубай қалалары арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл бағытта «Fly Dubai» компаниясының ұшақтары аптасына 2 рет қатынайды. Ғабидолла Әбдірахымов бұған қоса «Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион УЕФА талаптарына сай болады» деп мәлімдеді.
– Биыл Шымкенттің «Ордабасы» командасы футболдан Қазақстан чемпионатында 4-орын алды. Соның нәтижесінде біздің футболшылар Европа лигасының келесі маусымында өнер көрсетеді. Осыған орай біз қаладағы орталық стадионды толық жөндеуден өткіземіз. Қазір словакиялық компаниясымен келісім-шарт жасап жатырмыз. Бұл жұмыстар алдағы 1,5 жылда аяқталады деп жоспарлануда, - деді әкім.
Ал 2020 жылға қарай Шымкенттегі ескі қалашықта музей бой көтермек. Шымкенттің тарихын сақтауды мақсат тұтқан әкімдік көне қалашық аумағындағы цитадельді сақтап қалмақ. Қазір мұнда екі жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.