Версия для печати

Арбат – көрікті мекен

Среда, 26 Декабрь 2018 05:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7797 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент шаһарында осы айдың басында жұрт көптен күткен тағы бір демалыс аймағы ашылды. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай шымкенттіктерге жасалған үлкен сый болды. Қала халқының қыдырыстап, тынығуына арналған үлкен алаңды жұрт қазір «Арбат» деп атап кетті. Шымшаһарда бұған дейін де Қошқарата өзенінің жағалауы, Бекет батыр көшесі бойынан жаяу жүріп қыдыруға арналған саябақтар ашылған-ды. Десе де, жаңа Арбаттың жөні бөлек. Себебі, бұл саялы мекеннің аумағы кең. Бейбітшілік көшесінің бойындағы Арбаттың ұзындығы – 430 метр, ені 35 метр. Арбатқа осы күндері қай уақытта келсеңіз де адам аяғы үзілген емес.

DSC 8544

«Арбат» атауы тарихымызбен тамырлас

Арбат туралы айтпас бұрын бұл атаудың шығу тарихына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн секілді. «Жетісу» газетіне 2003 жылғы 29 қараша күні шыққан «Арбат – қазақтың сөзі» атты Иманғали Құдайбергеннің мақаласында бұл атауға мынадай түсініктеме беріледі: «Жошының Ордадан кейінгі екінші ұлы Сайын хан билікті қолына алады. Ол әкесі Жошының жер қайысқан әскерімен жол-жөнекей барлық ірілі-ұсақ мемлекеттерді бағындырып, орыстарды жаулап алуға бел байлайды. 1116 жылы Мәскеуге жақындап келгенде өзінің екі баласымен 25 татар, қыпшақ, қоңырат, керейіттерді тыңшылыққа барлауға жіберді. Үш тәулік қалада болып келген тыңшылар Бату ханға Улуг жирчинганы жіберіп болған жайды баяндап айтқызады:

Урташинда қаланың биік күрең бел икән,
Қоршап биік қамалмен кузет койган жер икән.
Жұряди икән адамдар арбаминән, атпинән
Тунимэнэ әскери болады икән мәскунәм.

Бату хан көп кедергісіз-ақ Мәскеуді жаулап алады. Жошының Орда мен Сайыннан кейінгі үшінші ұлы Есен (Әсен) Мунфорд (Мәскеу қаласының көне атауы) қаласын жаулап алғанда аралап жүріп, қаланың ортасындағы қамал салынған биіктеу жерді көреді. Бұл жерді халық арбалы атпен келіп, сауда-саттық жасағандықтан «Арба-ат көшесі» деп атаған. Кейіннен қала басшылары тас төселген үлкен көшеде арбаның жүруін тоқтатып, жаяу жүргіншілердің бір мезет дамылдап демалатын орнына айналдырады. Бұрынғы «Арбалы ат» атауы «Арбат» болып қысқартылып, бүгінгі күнге дейін сақталған»...
Сонымен, Шымкенттің жаңа Арбатына оралайық. Демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды.
Жаңа Арбаттың ашылуына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, қала әкімі
Ғабидолла Әбдірахымов, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкенттен сайланған сенаторлар Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров, қалалық мәслихаттың депутаттары мен тұрғындар қатысқан еді.
– Әлемдегі барлық дамыған қалаларда тұрғындарға арналған қоғамдық демалыс орындары бар. Міне, қала тұрғындары үшін өте қажетті демалыс аймағы ашылып отыр. Бұл өнер адамдарының бас қосып, шығармашылығын дамытуына себепкер болатын орынға айналады. Жастар көңіл көтеріп, түрлі кештер, кездесулер өткізуіне қолайлы аймақ болады, – деген еді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов салтанатты шараның ашылуында.
Арбаттың бойында 7 субұрқақ бар. Шіліңгір шілдеде шымкенттіктердің сая іздеп келетін нағыз демалыс орны болатыны анық. Велосипедпен жүруге ыңғайлы арнайы жол, қала қонақтары үшін естелікке суретке түсуге арналған селфи-аймағы да қарастырылған. Оның жанында шынымен қапталған сарқырама бар. Арбаттың басталған тұсынан соңына дейін төбесіне сәулеттік мүсін мен қолшатыр пішіндегі жарық инсталляциялар ілінген. Арбаттың Республика даңғылынан басталатын тұсына арка орнатылды.
Гранит тастан жасалған Қазақстанның атлас-картасы да Арбатқа ерекше көрік беріп тұр. Көшенің екі қапталына сәндік плиталар төселіп, 150-ден астам жарық шамы мен орындықтар орнатылған.

Сәулеттік мүсіндерде не бейнеленген?

Шаһардағы жаңа Арбаттың көркіне көз тояды. Демалыс аймағына келіп жатқан қала тұрғындары мен қонақтардың пікірі осындай. Бүгінде Арбат аумағында заман талабына сай кірпіш төселіп, бей-берекет өскен ағаштары кесіліп, орындықтар орналасқан. Ашылғанына аз ғана уақыт болса да әсем саябақтан адамның қарасы үзілмейді. Дегенмен, осы Арбаттың сәулеттік мүсіндеріне әлеуметтік желілерде сын айтушылар да жоқ емес. Олар көкте қалықтаған періштелер сұлбасы ретінде бейнеленген 12 сәулелі мүсіннің халқымыздың тарихына, мәдениетіне жат екенін айтқан.
Біз осы орайда Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаевқа жолығып, осы мәселеге қатысты анық-қанығын сұрап едік.
– Шымкентте қазір қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындары көбейіп келеді. Шаһарда қандай да бір нысан немесе саябақ салынса, ол қала тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатыр. Рас, жаңа Арбатқа қатысты сыни пікірлерді өзім де естіп қалдым. Бірақ, сәулеттік мүсінді періште бейнесінде болғанынан ешқандай әбестік көріп тұрғаным жоқ. Періште ұғымы халқымыздың аңыз-әңгімелерінде ежелден бар. Мұндай сәулеттік нысандар бүкіл әлемде бар тәжірибе, ол сол қалалардың ажарын ашып, брендіне айналып, туристерді тартуда. Сосын жаңа Арбаттың айналасында тұрғындардың тынығуына керемет жағдай жасалды. Яғни, Арбаттың мына бетінде «Қиял әлемі» мен «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығы бар, оған қарсы бетте Аквапарк орналасқан. Соның қасында орын тепкен «Шымкент» қонақ үйіне алыстан келген туристер келіп тоқтайды. Жалпы, жаңа Арбат қала тұрғындары мен қонақтары үшін әдемі мәдени орынға айналады деп ойлаймын, - дейді сәулетші.
Арбаттағы сәулеттік мүсіндерге қатысты ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары Мұхамеджан Естеміровке хабарласып, пікірін тыңдадық.
– Діни жағынан қарасақ, жалпы, пайғамбарлар мен сахабалардың, періштелердің бейнесін мүсін ретінде жасауға болмайды. Әрине, қаламызда Арбаттың ашылғанына қуанамыз. Менің ойымша, ол жерде періштелер дегеннен гөрі халқымыздың тарихымен сабақтастырып, елдігімізді нығайтқан кешегі Тұмар ханымнан бастап Домалақ ана, Әлия, Мәншүктерге дейінгі әзиз аналарымыз бен аруларымыздың образдық бейнесі жасалса, сол ұтымды болар еді. Тіпті олар туралы қысқаша анықтама беретін тетіктер қарастырылса да артық емес. Сонда ол жерге келген туристер де жай серуен құрып қана қоймай, еліміздің бай тарихымен танысар еді.

28-002

Қазақ жылқыға жақын халық, Арбаттың кіре берісінде пырақ аттың немесе барыстың бейнесі сомдалса, ол тіпті керемет еді. Мүмкін, ол болашақта жасалатын жоспардағы дүние шығар. Олай болса бұл халқымыздың бірлігін бекемдеп, ұлт ретінде ұйыстыра түсер еді, – дейді Мұхамеджан Естеміров.
Сәулетші Н.Архабаевтың айтуынша, алдағы уақытта жаңа Арбат осы күйінде қалмайды. Ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, тұрғындардың көңілінен шығатындай игі істер атқарылмақ. Онда арнайы дүкендер мен ашық аспан астындағы көркемсурет көрмесі, көптеген тамақтанатын орындар ашылады һәм көңіл көтеретін мәдени кештер ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар бұл жерден заманауи музыка мен классиканың орындаушыларын да кездестіретін боласыз. Бұл маңайда өнер фестивалы мен жастар арасында түрлі флешмобтар да өткізіліп тұрмақ. Қысқасы, жолыңыз түсіп сол маңнан өте қалсаңыз, талай дүниеге тәнті болатыныңыз сөзсіз.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.