Мерейі де, межесі де биік мегаполис Избранное

Пятница, 28 Декабрь 2018 05:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3296 раз

Мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде де өсім байқалады. Шымкентке құйылған инвестиция көлемі 24 млрд теңгені көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге артты. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республикада бірінші орында келеді. Сондай-ақ, баспана бойынша былтыр Шымкентте 25 тұрғын үйге тапсырыс берілген болса, биыл 58 тұрғын үй салынды. Яғни, екі еседен аса көбейіп отыр деген сөз. Жалпы, Шымкент – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан үш ірі мегаполистің бірі. Осы орайда халқы еңбекқор құтты қаланың биылғы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік.

666

Қаланың дамуы моделі өзгереді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қыркүйек айында Шымкентке келген сапарында бірқатар нысандарда болып, шаһардағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген болатын. Президент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие шаһардың ендігі даму бағыты қалай боларын, қай бағытта, қандай көрсеткіштерді жақсарту керегі жөнінде міндеттер жүктеді. Қала активімен кездесуінде Елбасы мегаполистің дамуының басты бағыттарын айқындап, бірқатар тапсырмалар берген еді.
– Шымкентте болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет. Болашақ – ірі қалаларда. Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс, - деді Президент.
Президент миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең біріншіден, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс. Осы орайда қазіргі таңда Шымкентте ірі серпінді жобалар қолға алынған, нақты жоспар аясында қызу жұмыстар жүріп жатыр.

«Шымкент Сити»: қала ішіндегі қала

006

Елбасының қолдауымен қаламызда жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент Сити» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан аумақта бүгінгі таңда жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары аяқталып қалды. Келер жылы оңтүстіккореялық компания Шымкент шаһарының осы аумағынан зәулім үйлер салатын болды. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов биыл Сеулге жасаған сапары барысында осындай келісімге қол жеткізді.
Меморандумға сәйкес кореялық компания 10 жылдың ішінде 130 миллиард теңге инвестиция саламыз деп отыр. Шымкент үшін бұл – өте үлкен инвестиция. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, енді Шымкентте 2019 жылдан бастап жыл сайын 320 мың шаршы метр үй салынбақ. Оның ішінде төрт жоба – жиырма қабаттан отыз төрт қабатқа дейінгі алып ғимараттар.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Елімізде екінші жыл қатарынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама аясында қазір Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталық пен «Шымкент Сити» аумағында жаңа үйлер салынып жатыр. Тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы миллионды шаһардың тұрғындарына, әсіресе, жас отбасылардың пәтерлі болуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Шымкентте тұрғын үй кезегінде 34 мың адамның тұрғанын ескерсек, баспана мәселесі шын мәнінде өте өзекті. Осы орайда шаһарда мемлекеттік бағдарламалар аясында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп-ақ жатыр. Жоспар бойынша Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін 2 500 пәтерден тұратын 9, 12 және 16 қабатты 40 тұрғын үй салынбақ. 2017 жылдың тамыз айында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Бұл келісімге сәйкес жалпы аумағы 150 мың шаршы метр үй салынады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қоспановтың айтуынша, алғашқы 662 пәтерді тұрғындар биыл ала алады, осы мақсатта әкімшілік-іскерлік орталықта қазіргі таңда 12 үй салынып жатыр. Бұл үйлердің құрылысы осы желтоқсан айының соңында аяқталмақ.
Еске сала кетсек, Шымкентте биылғы пайдалануға берілетін 662 пәтердің жалпы аумағы – 50 мың шаршы метр. Ал 2019 жылы әкімшілік-іскерлік орталық пен «Шымкент Ситиде» берілетін көпқабатты үйлер саны – 28. Ондағы пайдалануға берілетін пәтерлердің саны 1816 болмақ.

Инвестицияға тартымды қала

Таяуда ғана Шымкентте өткен «Shymkent Development forum-2018» алғашқы халықаралық инвестициялық форумының да жөні бөлек. Аталған ауқымды іс-шара өз нәтижесін берді. Форум аясында жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылды. Шетелдік инвесторлар Шымкенттің микрофиба шығару бойынша текстиль фабрикасының құрылысына, қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркін жаңарту, «Shymkent city» қалашығы аумағында тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар мен жаңа саябақ салу сияқты ірі жобаларға қаржы құймақ.
Келісіидер аясында қалалық жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңғырту үшін 13 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмылдырылмақ. Енді алғашқы 100 жедел жәрдем көлігі келесі жылдың бірінші жартысында сатып алынады. Білім беру саласында да германиялық компаниямен меморандумға қол қойылды. Индустриалды аймақта зауыт салынып, текстиль фабикасы ашылады, Қажымұқан атындағы Орталық стадион әлемдік талаптарға сай деңгейде қайта жаңартылмақ.
Айта кету керек, 2018 жылы Шымкент қаласына 524 млрд теңге инвестиция жұмылдырылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
Форум барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентте қолға алынған ірі жобалармен таныстырды. Шаһар басшысының мәлімдеуінше, Шымкенттің дамуы екі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі – экономиканың жылдам дамуы, соның нәтижесінде қала сауда және өндіріс орталығына айналады. Шағын және орта бизнес дамиды деп күтілуде. Ал екінші бағыт – қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта және мегаполиске келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта әуежайдың жаңа терминалының жобасы жасалған. Халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа әуежай 2020 жылдың бірінші жартысында ашылады деп жоспарланып отыр.

Шымкентте трансформатор зауыты ашылды

Астанада желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» жалпы ұлттық телекөпір өтті. Телекөпір барысында бірнеше кәсіпорын ашылды. Соның бірі – Шымкент қаласында қуаттылығы 220, 500 КВ болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауыт іске қосылды.
«Asia Trafo» инновациялық кәсіпорны «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Мұндай кең көлемдегі трансформатор өндірісі Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Жобаның жалпы құны 18,9 млрд теңгені құрайды. Жобаның екінші кезеңінде цифрлық трансформаторларды өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұнда Орталық Азияда теңдесі жоқ электрлі сынақ зертханасы да құрылған. Кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асырылған өндіріс орнында 220 адам жұмыспен қамтылады.
Жалпы, Шымкент қаласында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша 2018 жылы құны 9 710,7 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, жаңа 635 жұмыс орны ашылды.

Түйін сөз:

Миллион тұрғыны бар Шымшаһарды келер жылы да ауқымды жұмыстар, зор өзгерістер күтіп тұр. Яғни, алып мегаполисте жаңа жұмыс орындары көбейеді, қаланың инфрақұрылымы жаңарып, инвестицияға жол ашылады, бір сөзбен айтқанда, жұмыс қыза түседі. Қорыта айтқанда, Шымкенттің алда көздеген бағдары – айқын, мақсаты – биік. Халқымыз «Ескi жыл есiркесiн, жаңа жыл жарылқасын» дейді. Өткен жылға өкпе жоқ, ал келер жылдан үмiтiмiз де, тiлегiмiз де көп.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.

Другие материалы в этой категории: « SHYMKENT болашақтың қаласы Келер жылдан үміт көп »