Келер жылдан үміт көп Избранное

Пятница, 28 Декабрь 2018 05:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4010 раз

Доңыз – жыл санауының жəне жыл қайырудың соңғы жылы. Бұл жылды халық пəле-жала көп болады деп жақсы атамағанымен, көбіне ол жайлы, тыныштық жылы болып келетінімен мәлім. Жалпы, қазақ халқы жылға өкпелемеген. Әр жылдың өзіндік берекесі бар. Ең бастысы, адал еңбек етіп, дұрыс мақсат қоя білсең, жетістікке жетерің анық. Расын айтайық, ит жылы да несібеміз молайды-ақ.

patriot

Халықтың тұрмыс сапасы артпақ

Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Ендеше, табалдырықтан енгелі тұрған доңыз жылының Қазақ еліне тартуы қандай болмақ?
Жалпы айтқанда 2019 жылы ел азаматтарының табысы өсіп, халықтың өмір сүруі деңгейі жақсара түсуі тиіс. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында ең алдымен халық табысының өсуін, азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға назар аударды. 1 қаңтардан бастап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жақсы өзгерістер болғалы отыр.
Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өседі. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 36 108 теңге болмақ.
Келер жылы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға артады.
Кәсіпкерлер үшін де қуанышы мол жыл болмақ. Яғни, кәсіпті жандандыру бағытында өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясы жүргізіледі. Амнистия жалпы 90 мыңнан астам кәсіпкерді қамтымақ.
Келер жылы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды тұсы саналатын медициналық қызмет сапасы жақсарады деп күтілуде. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға артса, барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс.
Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасына орай, ішкі істер органын жаңғыртудың жол картасы дайындалған еді. Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Қазірдің өзінде ведомствада реформалар басталып кеткен.
Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жыл – көптен күткен Жастар жылы. Рас, бүгінде жастарға көп көңіл бөлінуде. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел тұрғындарына серпін берді. Ендігі маңызды мақсат – жастардың жетістікке жетіп, түрлі іс-шараларға ұйытқы болып, жақсы істердің қасынан табыла білу. Яғни, жастар жылында қолға алынатын жұмыстардың салмағы ауыр. Қазірдің өзінде Үкімет бұл бағытта атқарылатын негізгі іс-шараларды әзірлеуде.
– Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек, - деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Одан бөлек «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары түзілуде. Білімнің салтанат құруы, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, т.б. басқа бағыттар бойынша да ауқымды іс-шаралар атқарылады.
Елімізде 2019 жылы өтетін мәдени-спорттық іс-шаралардың ең бастысын айта кетсек. Ол – Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионаты. 2020 жылғы Токио олимпиадасына жолдама беретін әлемдік сайыс бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрі күрес түрлерінен әлем чемпиоанты тарихта алғаш рет өз топырағымызда өтпек. Бұған дейін Қазақ елінде бокс, ауыр атлетика және дзюдодан әлем чемпионаты ұйымдастырылған-ды.

2018 11 30 142050712000

Ал әлемдік спортта 2019 жылы мерейтойлы ХХХ жазғы Универсиада мен Қысқы Универсиада ойындары бар. Жалпы, келер жыл да тарихи жеңістерге жетуімізге толық мүмкіндігіміз бар. Дарынды ұл-қыздардың тарихи жеңіспен қуантады деп сенейік.

Шаруаға жайлы болады

Сарапшылардың мәлімдеуінше, 2019 жыл бизнесті дамыту үшін де, қызметте өсу үшін де жемісті жыл болуы мүмкін. Өйткені, еңбекқорлық – Доңыз жылының басты ерекшелігі. 2019 жылдан отандастарымыз тек жақсылық күтеді. Елімізде жетістік молайып, Шымкент қаламызда да жақсы өзгерістер болатынына сенім зор.
– Бұл тұста мегаполис мәртебесіндегі Шымкент қаласы да туристерді қызықтыратын қалалардың бірі болатынына сенім зор. Бұл ретте көктемдегі қызғалдақтар фестивалі, Қошқар ата өзенінің абаттандырылуы, т.б., жұмыстарды атап өтуге болар. Отандастарымыз үшін үнеммен өмір сүру дағдысына айналуы тиіс кезеңдер келді. Аста-төк ысырапшылықтан арылғанымыз абзал. Сондықтан жарқын болашақты өз еңбегімізбен жасайтынымыз ақиқат. Табанды мақсат, өнімді еңбектің арқасында ғана кезкелген қиындықты еңсере аламыз. «Өткен күннің емі жоқ, келер күннің кемі жоқ» деген аталарымыз алдағы жылдан тек жақсылықтар күткен. Келе жатқан жылда еліміз бен қаламызда тек оң өзгерістер болатынына сенеміз, - дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Тәрбие және жастар саясаты» департаментінің директоры, саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков.
Ал өңірімізге белгілі жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбай келер жылдың шаруаға қолайлы болатынын айтады. Оның болжамынша, келер жылы көктем жаңбырлы болмақ.
– Табиғат заңы бойынша әр төрт жыл сайын құрғақшылық келеді. Ол жыл биыл өтіп кетті. Шымкентте жаңбыр әжептеуір жауғанымен Оңтүстік аудандарда құрғақшылық болды. Енді қатарынан үш жыл жаңбырлы болуы тиіс. Жалпы, жаңа 2019 жыл шаруаға жайлы болады, - дейді жұлдызшы.
Қалай десек те, адамзат баласы тек жақсылықтан үміттенеді. Уақытқа шектеу жоқ. Әрі әр жылдың өзіндік табысы мен берекесі бар. Ендеше, ит жылында қолға алған игі істерді доңыз жылында да жалғастырып, адал еңбек етуді ұмытпағайсыз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.