Жаңа жылға – жаңа нысандар Избранное

Пятница, 28 Декабрь 2018 05:26 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2613 раз

Шымкент тұрғындары жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады. Қалада 224 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде мегаполистің 15 отбасы «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлі болып отыр.

001

Жаңа төрт үйдегі пәтерлердің кілтін табыстаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов соңғы жылдары елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі жолға қойылғанын атап өтті. Бұл ретте үшінші мегаполисте құрылыс саласының қарқын алып келе жатыр деді әкім.
– Елбасының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес қаламыздағы баспанаға мұқтаж тұрғындардың қатарын төмендету мақсатында ауқымды істер атқарылуда. Биыл Шымкентте 819 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 9791 пәтердің құрылысы жүргізілген. Жыл соңына дейін қаламызда 40 көп қабатты үй, яғни 188 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұндай қуанышты жаңалық біздің қаламыздың тарихында болмаған. Ал жалпы қала аумағында қазіргі таңда 184 үй салынуда. Бұл біз үшін өте үлкен көрсеткіш. Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 130 адам өтініш білдірсе, 90 өтінішті банктер мақұлдап отыр. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет есебінен 68 үй салынып жатса, соның 13-і жыл соңына дейін тапсырылады,- деді әкім. Шаһар басшысы бапалаы болған отбасыларды құттықтап, бір отбасыға теледидар сыйға тартты.

DSC 4762

Жаңа үйлерді «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Отау строй» ЖШС салған. Жалпы Қ.Төлеметов көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінде жеті қабатты 4 тұрғын үй бой көтерген.
Бұл күні шымкенттіктер үшін қуаныш еселене түсті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 320 орынды «Атамекен» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Нұрсәт шағынауданындағы бөбекжай соңғы талаптарға сай, заманауи үлгіде салынған. Мектепке дейінгі мекемеде әр топқа арналған ойын алаңшалары мен қысқы-жазғы бассейндер бар. Балалардың қауіпсіздігі де жіті бақылауға алынған. Ол үшін барлық бөлмелер мен балабақша аумағына бейнебақылаулар орнатылған. Жаңа балабақшада 100-ден астам жұмыс орыны ашылып отыр.
Ал Сайрам тұрғын алабында ашылған «Арофат» мектебі 850 оқушыға лайықталған.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектептердің тапшылығы мәселесін шешуге болады. Мұнда оқушыларға білім алуға толық мүмкіндік жасалыпты. Сондықтан аталған білім ордасында елді, халықты ойлайтын азаматтар тәрбиеленсін, - деп қала әкімі ізгі тілегін жеткізді.
Жаңа мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Білім ордасында шығармашылық жұмыстармен және спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Мұнда бастауыш сынып оқушылары ұзартылған күн тобында оқып, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылады.
Айта кетейік, бұл – Шымкентте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған оныншы білім ордасы.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.