Тарифтер қаншаға төмендеді? Избранное

Среда, 23 Январь 2019 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3230 раз

Елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызмет түрлерінің тарифі төмендеді. Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және қала әкімдігі тарапынан бірлесе атқарылған жұмыстардың оң нәтижесі бар. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің төмендеуі бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген.

2018121017053580835 0f6a6f8cab9e2cc5ddc12f40b340e37e

Үнемделген қаржы – 4 млрд теңге

Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте біраз жайттан хабардар етті. Мекеме басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының 2018 жылдың 7 қарашасында Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмасын орындау бойынша Шымкент қаласындағы табиғи монополиялар субьектілеріне тексеріс жүргізілген.
Мәселен, 2018 жылдың 12 қарашасынан бастап қала бойынша халықпен кері байланысты жақсарту жұмыстары қолға алынған. Оның нәтижелері бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелер бойынша БАҚ, жергілікті әкімдіктер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер және басқа мүдделі органдардың қатысуымен 9 қоғамдық қабылдау өткізілген. Қоғамдық қабылдау кезінде 61 өтінім келіп түскен.

– Сол өтініштер мен шағымдарды қарау нәтижелері бойынша монополистердің негізсіз алған кірісін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның өндірістік филиалы, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС және «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК-да жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Негізінен, тұтынушыларды көбіне толғандыратын сұрақтар – пайдаланылмаған газға, суға және жылу энергиясының жылы өшірілген жағдайда да жылу энергиясына артық төлемдер мен техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелері. Тексерулер нәтижесінде пайдаланылмаған газға, суға төленген артық төлемдер және жылу энергиясынан ажыратылған болса да негізсіз жылу энергиясына артық төлемдер, техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелері бойынша заңсыздықтар анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша бірқатар мекемелерге әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады, - дейді департамент басшысы.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қала әкімдігімен бірлесе отырып және табиғи монополия субьектілерінің басшыларының қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріне арналған тарифтерді төмендету қажеттілігі туралы бірнеше кеңес өткізген еді. Оның нәтижесінде коммуналдық қызметтерге (сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау) арналған тарифтер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендетіледі.
Д.Қайыңбердиевтің айтуынша, жалпы, тарифтердің төмендеуі 12 табиғи монополия субьектілерінің және қоғамдық маңызы бар нарық субьектілерін қамтып, барлық тұтынушылар үшін үнемделген қаржы шамамен 4 млрд теңгені құрайды.

Тарифтердің өзгерісі 1 қаңтардан бастап күшіне енеді

Сонымен, жүргізілген жұмыстар қорытындысымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық коммуналдық қызметтердің (сумен жабдықтау, су бұру, электр энергиясымен жабдықтау, жылу энергиясымен жабдықтау және газбен жабдықтау) тарифтері төмендейді.

– Жылумен жабдықтау саласында қолданыстағы тарифтер орташа есеппен 8,3 пайызға төмендейді. Оның ішінде: тұрғындар үшін - 18, 91 пайыз (6055,5 теңгеден 4910 теңгеге/Гкал), заңды тұлғаларға - 10 пайыз (17319,3 теңгеден 15587,3 теңге/Гкал);
– Сумен жабдықтау саласында қолданыстағы тарифтердің төмендеуі орташа есеппен – 7,5 пайыз, оның ішінде: тұрғындар үшін - 10 пайыз (97,97 теңгеден 88, 17 теңге/т.м.), заңды тұлғаларға - 10 пайыз (333,96 теңгеден 300,56 теңге/т.м.);
– Су бұру саласында, кәріз жүйесі бойынша қолданыстағы тарифтердің төмендеуі орташа есеппен – 6,8 пайыз, оның ішінде: тұрғындар үшін 10 пайыз (39,03 теңгеден 35, 13 теңге/т.м.), заңды тұлғаларға 10 пайыз (170,26 теңгеден 153,24 /т.м.);
– Газбен жабдықтау саласында тұрғындар үшін төмендеу 5,8 пайыз (34,47 теңгеден 32,47 теңге/т.м.).
– Электрмен жабдықтау саласында: тұрғындар үшін төмендеу 6,8 пайыз (15,72 теңгеден 14,65 теңгеге /кВт.с.), заңды тұлғалар үшін 6,8 пайызға (27,17 теңгеден 25,32 теңгеге/кВт.с.) төмендейді.
– Сайрам, Қаратөбе, Бадам-1 және Бадам елдімекендерін газбен қамтамасыз ететін «Жеңіс-Т» ЖШС-нің тарифі 3,4 пайызға төмендеді.

Дархан Әбілқасымұлының айтуынша, тарифтерді төмендету қорытындысы бойынша тұрғындар үшін коммуналдық қызметтің бір айлық орташа төлемінің төмендеуіне (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және газбен жабдықтау бойынша) қол жетті. Мәселен, ауданы 60 шаршы метр 2 бөлмелі пәтерде 3 адамнан тұратын отбасының орташа төлемі 1 айда 2376 теңгеге төмендейді (14227,44 теңгеден 11851,8 теңгеге). Жалпы, коммуналдық қызметтерге төлем бойынша жылдық үнемдеу орташа есеппен 16000 теңгеге жетпек.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі – 12 пайызға, лифт қызметі – 10 пайызға, КСК қызметіға 11 пайызға төмендетіліп отыр. Бұл тарифтердің өзгерісі 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.