Версия для печати

Елдімекендердегі жол мәселесі – басты назарда

Среда, 30 Январь 2019 04:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3102 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі Нұртас, Тұран, Бозарық, Қайнарбұлақ, Нұрсәт шағынаудандарының тұрғындары алдында Қаратау ауданының әкімі И.Қантөреев қорытынды есептік кездесуін өткізді.

DSC 9754

Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімі аймақта тұрғындар үшін маңызды саналатын жол, көгілдір отын, жарық, ауыз сумен қамту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша нақты атқарылған жұмыстарын баяндады.

– Ауданда 1,110 шақырымды құрайтын 1 272 көше бар. Былтыр Қайнарбұлақ шағынауданында №125 мектепке баратын жол, Достық шағынауданында – 10, Тассайда бір көше күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Одан бөлек Достық, Тассай, Мирас, Мәртөбе, Нұртас, Сайрам, Қызылсу, Исфиджаб тұрғын алаптарында 18 көше жөнделді. 97 көшені жөндеудің жобалық-сметалық есептері әзірленіп, ұсынылды, - деді аудан әкімі.

Баяндамадан соң тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты М.Тоғызбаев жұмыстарға оң бағасын беріп, ауданға жаңадан қосылған елдімекендердегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешсек, деген ұсыныс білдірді.

DSC 9857

– Асар-2 шағынауданында топырақ жолдардың 90 пайызына тас төселді. Жарық, таза су, кәріз жүйесі орнатылып, халықтың игілігіне берілді. Енді Сайрам тұрғын алабында төрт күре жолға бағдаршам, жол белгілері мен бақылау жүйелерінің қойылуына назар аударсаңыздар, - деді депутат.
Қаратаулықтар назарға ұсынған мәселесінің бірі - туризмді дамыту. Сайрам тұрғын алабында туристерді қызықтыратын Қарашаш ана, Ибраһим ата, Қызыр, Ләтіп ата кесенелері бар. Тұрғындардың ұсынысын қала әкімі қолдады.

– Бұл мәселе біздің тікелей бақылауымызда. Қазір кәсіпкерлермен кесенені жөндеу, жолдарды дұрыстау, демалыс орындары, аллея ашу секілді жұмыстарды жүзеге асыруға келісімдер жүруде, - деді қала әкімі.

Бозарық шағынауданының тұрғыны У.Юсупов 1500 бала білім алатын жаңа №131 мектептің жанынан аула клубы ашылса деген тілекпен келіпті.
– Қаладан шалғай орналасқан елдімекендегі балалардың орталыққа жетуі оңай емес. Оның үстіне қоғамдық көлік жүрмейді. Балалар бос уақытын текке өткізбей, үйірмелерге қатысса деймін. Сонымен бірге, мектебімізде бес айдан бері директор жоқ. Басшылық болмағасын, білім мен тәрбие жұмысы төмендеп барады. Осыны өз назарыңызға алсаңыз, - деді У.Юсупов.

Шымкент қаласының әкімі қалалық білім басқармасына бұл жағдайды тез арада шешуді тапсырды. Жалпы, қала әкімі аудан тұрғындарының мектеп, спорт кешендерін салу, жол және қоғамдық көлік бойынша өтініштерінің барлығының орындалуын өз бақылауына алатынын жеткізді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.