Заңсыз құрылысқа 1 млн теңге айыппұл салынады Избранное

Пятница, 08 Февраль 2019 05:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3525 раз

Елбасымыз Жарлыққа қол қойғаннан кейін Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Жаңа статус жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Құрылымдық бөлімдер басқарма болып қайта құрылды. Сонымен қатар, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қаулысымен республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда ғана болған бірқатар басқармалар Шымкент қаласының жаңа тарихымен бірге өз жұмысын бастады.

Сондай жаңа басқарманың бірі – Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы. Басқарма басшысы Берік Тастанбекұлы Дүйсеновпен жаңа ұжымның жұмыс барысы туралы сұхбаттастық.

DSC 0572

– Берік Тастанбекұлы, жаңа басқарманы тізгіндедіңіз, құтты болсын! Аты жаңа болғанымен, жұмысы «нөлден» басталатын ұжымды қалыптастыру оңай емес. Жаңа басқарманың міндеттерін атап өтіңізші?

– Жаңа өзгерістер баршамызға құтты, игілікті болсын! «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі» туралы Заңына сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына:

салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан және пайдалануға берілген нысандардың мониторингі;
жойылмайтын бұзушылықтарға жол берген, не жол берілген бұзушылықтарды белгіленген нормативтік мерзімде жоймаған заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты заңнамада белгіленген шараларды қолдану;
техникалық және авторлық қадағалаулар қызметіне бақылауды жүзеге асыру;

нысандарды салу кезiнде тапсырыс берушiнiң (меншiк иесiнiң) техникалық және авторлық қадағалауларды ұйымдастыруына жүзеге асыруын бақылайды.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қала аумағында кәсіпкерлік нысаннан бастап бюджет қаражатына салып жатқан құрылыстарды басқармаға бастайтыны туралы хабарлама жіберуі шарт. Басқарма міндетінің бірі – нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы жөніндегі хабарламаның болуын бақылау.

Екіншіден, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын бақылайды, пайдалануға берілген нысан адам өміріне қауіпсіз болуы тиіс. Сондай-ақ, басқарманың бұдан басқа да міндеттері туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтынан білуге болады.

– Құрылыс бастайтын кез келген азамат Басқармаға хабарлама жіберуі тиіс дедіңіз. Құжатты рәсімдеу жұмыстары күрделі емес пе?

– Жоқ. Ешқандай қиындығы жоқ. Тіпті, ол үшін Басқармаға келудің де қажеті жоқ. Қазір мемлекеттік мекемелердің барлығы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына орай электронды түрде қызмет көрсетуде. Сол қызметті пайдаланып, «Құрылыс болатын мекенжайды, құрылыстың атауын, тапсырысшыны яғни меншік иесін, мердігерді, техникалық және авторлық қадағалаушыларды, құрылыс нысанның басталуы мен аяқталу мерзімін көрсетіп, құрылысты бастайтындығыңыз туралы» хабарламаны электронды түрде жолдай аласыздар.

– Бұл хабарламаның маңызы неде?

– Мәселен, біреу ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға тиіс жерге коммерциялық нысан салып алады немесе үй салу үшін берілген жерге дүкен, әсемдік салонын, монша, жекеменшік балабақша тұрғызады. Жер телімінің қожайыны алдымен жердің нысаналы мақсатын өзгерту жағын заңдастырып алуы қажет. Яғни салынатын құрылыс нысанымен жердің нысаналы мақсаты сәйкес болу қажет.

Бұл жұмыстар біздің әріптесіміз – Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы және Сәулет және қала құрылысы басқармасымен қаланың Бас жоспарына сәйкес жүргізіледі. Жер құжаттарын заңдастырылған соң, құрылыс нысанның жұмыс жобасы жасап сараптаманың оң қорытындысы алынуы қажет. Жоғарыда айтылғандай бұдан кейін біздің басқармаға электронды түрде «Құрылыс Монтаж Жұмыстарын Бастаймын» деп, хабарламаны жолдайды. Маңызы сол, құрылыс жүргізу барысында заңсыздыққа жол бермеу.

– Басқарма басшылыққа алатын заңнамаларға тоқтала кетсеңіз...

– Әрине. Біріншіден, әр азаматтың күнделікті басқармаға арыз-шағым келтіруіне байланысты ол «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңы, салалық жұмысымызға байланысты «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңы, «Рұқсаттар және хабарламалар» туралы ҚР Заңы. Бұдан бөлек, ҚР Кәсіпкерлік Кодексі, ҚР Азаматтық Кодексі және құқықбұзушыларға жауапкершілікке тартуға байланысты ол ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс пен тағы 5 бұйрық негізінде әрекет етеміз.

– «Құрылыстың жобасы алдын ала жасалып, бекітілуі тиіс» дедіңіз. Талаптың бұл түрі жекеменшік үй салатындарға да қатысты ма?

– Бұл талап ғимараттың қабатына байланысты. Егер жекеменшік тұрғын үй 2 қабаттан аспаса, бұл нысанға құрылыс жобасы және оның оң сараптама қорытындысы талап етілмейді. Ал одан биік ауқымды ғимараттардың барлығында құрылыс жобасы жасалып және сараптамадан өтуі міндетті.

– Хабарламаны жібермей құрылысты бастаған жағдайда...

5

– Егер, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына аталған хабарламаны жібермей, өз бетінше құрылысты бастағаны туралы біздің мекемеге шағым түссе, біз ол құрылыс нысанның меншік иесіне басқармамен тексеретіндігі туралы ескерту хат жолдаймыз. Сосын шағымды Прокуратурада тіркеп, шағымда көрсетілген нысанның құжаттарын тексеруді бастаймыз. Құжаттары болмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321, 318, 463-баптары бойынша айыппұл саламыз.

Құрылысты заңсыз бастаған кәсіпкерлік нысанға салынатын айыппұл көлемі 1 млн теңгеден асады. 2018 жылғы өзгерістерге сәйкес, құрылыс иесі айтылған айыптармен келісіп, айыппұлды 7 күнде төлейтін болса, 50%-ға жеңілдетіледі. Содан кейін құрылысты тоқтату туралы нұсқама береміз. Айыппұл төлеуден бөлек құрылысты одан әрі жалғастыру үшін заңдастыруға міндетті. Яғни, жоғарыда аталған құжаттар айыппұл төлегеннен кейін де талап етіледі. Бұл талаптарды орындамай жұмысты жалғастыруға тыйым салынады.

– Түсінікті. Енді ұжымдағы қызметкерлер туралы айтып берсеңіз.

– Біздің Басқарма Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының 9-қабатында орналасты. Ұжымда басшы және үш бөлім бар, жалпы басқармада 12 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Қазір 3 орын бос тұр. Сонда Басқармада жалпы 15 штат бар. Сонымен бірге, тағы 8 адам келісім-шарт негізінде жұмыс істейді. Бөлімдердің жұмысына келетін болсақ, Әкімшілік- құқықтық бөлімі негізінен ішкі әкімшілік жұмыстарды атқарады. Екіншісі, қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімі.

Құрылыс нысандарын тексеретін, мониторинг жүргізіп, хабарламаны бақылайтын осы бөлім қызметкерлері. Үшіншісі, лицензиялау және аттестаттау бөлімі. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін және жобалау үшін лицензияны мердігерлер осы бөлім арқылы алады. Ал техникалық қадағалаушылар тест тапсырып, аттестат алады. Олар жоғарыда атап өткен заң талаптарын жетік біліп, құрылыс саласына қатысты сұрақтардан сүрінбей өтуі қажет.

– 2018 жылдың ІІ жартысында құрылған Басқарма жылды қалай қорытындылады? Нәтижені әріптестеріңізбен салыстырып, мақтана аласыз ба?

– Мақтануға да болады (күлді). Басқарма құрылғаннан кейін өзінің тікелей функционалдық міндетіне қазан айынан бастап кірісті. Себебі тамыз, қыркүйек айларында қызметкерлер конкурс арқылы қабылданды. Қазан, қараша, желтоқсан айы. Осы үш ай тым аз болғанымен, көрсеткіш жаман емес. Бірінші кезекте (shymkent.gov.kz сайтында орналасқан) 1 минуттық қысқа бейнероликтер дайындадық.

Одан қала тұрғындары жерге мемлекеттік акт алудан бастап, құрылысты бастауға дейін қандай саладан өту керегін біле алады. Үш айдағы бақылау барысында 145 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Салынған айыппұл көлемі 34 млн теңгеден астам қаржыны құрайды. Бұдан бөлек нысаналы мақсатына сай қолданылмаған 8 құрылыс нысанын заңсыз деп тану және оны мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа 8 талап-арыз жолдадық.

– Құрылыс нысаны өрт жолдарын жаппауы тиіс дедік. Осы талапты бұзған коммерциялық құрылыс нысандарын байқаған қала тұрғындары Басқармаға арыздана ала ма?

– Әрине! Барлығымыздың мақсатымыз – Шымкент қаласын көркейту. Осы жолда заңсыздыққа жол бермеу, қаланың Бас жоспарына сәйкес сәулеттік келбетін дұрыс қалыптастыру. Шаһардың шырайын арттыруға әрбір тұрғын мүдделі болса, бұл бізді тек қуантады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 03 Май 2019 10:05
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.