Жылу: тариф арзандап, қызмет сапасы арта түсті

Среда, 06 Март 2019 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 248 раз

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 7 қарашадағы Қауіпсіздік кеңесінде берген тапсырмаларын орындау бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Шымкент қаласында барлық коммуналды қызмет тарифтері төмендетілгені белгілі. Қала тұрғындары қаңтар айына арналған түбіртектерде коммуналды қызмет тарифтерінің төмендегенін көре алады.

Осындай бағасы төмендеген қызметтердің арасында жылу да бар. Нақты айтқанда «Қуат жылу орталық-3» МКК-нің жылумен жабдықтау бойынша орташа тарифі 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қосымша құн салығын қоса есептегенде 22,5%-ға төмендеді.

– Атап айтқанда жеке абоненттер үшін жылудың бағасы 1 шаршы метрге 142,31 теңгеден 110,78 теңгеге төмендеді. Заңды тұлғалар үшін орташа тариф 1 Гкал үшін 17319,26 теңгеден 15587,34 теңгеге немесе 10%-ға төмендеді, - деп түсіндірді «Қуатжылуорталық-3» МКК жылу тараты бөлімінің басшысы Асқар Булешов.

Жалпы, мегаполистегі жылу таратумен айналысатын «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің қарауындағы жылу құбырының жалпы ұзындығы 392,6 шақырымды құрайды. Бұған қоса 5 жылу қазандығы, 15 сорғы станса және 3 бойлер бар. Мамандар бұл құбырларды жыл бойына бақылап, күтіп-ұстайды. Жаз бойы жылу маусымына әзірлейді.

«2018-2019 жылу маусымы қарсаңында қалада 80 шақырым жылу құбыры ауыстырылды», дейді Асқар Құдайбергенұлы.
– Бұл құбырлар тозығы жеткен ішкі орам желілері болатын. Бұған қоса жылу маусымына дайындық барысында 90 шақырым құбырдың бойы қымталды, - дейді бөлім басшысы.

Мамандар жылу ақысын қайта есептеу мәселесін де түсіндіріп өтті.
– Қандай да бір себептермен абоненттер жылу алмаса, жылу ақысы қайта есептеледі. Мысалы, пәтерде жылу жоқ болса, біздің мамандарды шақыру керек. Олар келіп, жылу жоқ екені жөнінде акті түзеді.

Сол актінің есебінде жылудың ақысын қайта есептеп, абонентке жылу алмаған күндердегі төлемақы қайтарылады. Мысалы, 2017-2018 жылу маусымының қорытындысы бойынша жеке абоненттерге жылу ақысы бойынша 34 млн теңге қайтарылды, - дейді Асқар Құдайбергенұлы.

Осылайша абоненттермен тығыз байланыста жұмыс істеудің нәтижесінде тұрғындардан түсетін арыз-шағым 60%-ға азайған. Бұл да болса коммуналды қызмет сапасының жақсарып келе жатқанының белгісі болса керек.
Жалпы, Шымкентте жылу тұтынатын 67 736 жеке, 1060 заңды абонент бар.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында әкімдіктің кеңейтілген жиыны өтіп, қаладағы тарифтерді төмендету мәселесі қаралған еді. Соның нәтижесінде жылумен қоса су, газ бен электр жарығының тарифтері төмендетілді.

А.СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.