Версия для печати

Шымкентте жеңіл өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік мол Избранное

Среда, 13 Март 2019 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3289 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Үшінші мегаполисте жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің, құрылыс материалдары өндірісін дамыту бойынша Жол картасы әзірленді. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов қарапайым заттар экономикасын дамыту бойынша шаһар кәсiпкерлерімен кездесіп, шағын және орта бизнес, құрылыс индустриясын дамыту жайын талқылады. Жалпы, әкімдік тарапынан жеңіл өнеркәсіпті дамытуда қолдау жеткілікті.

87456

Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым заттар экономикасын дамыту міндетін қойған болатын. Ол негізінен шағын және орта кәсіпорындарға тиесілі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Шымкентте өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын одан әрі дамытып, өнімділігі жоғары тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Шаһар басшысы бұл бағытта кәсіпкерлермен ашық жұмыс істеу қажеттігін айты.

– Бүгінде Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 25 пайызды құрайды. Дегенмен, бұл әлі де аз. Сондықтан кәсіпкерлерді осы үлесті арттыруға, дамытуға шақырамын.

Оған қаламыздың адами және материалдық-ресурстары жеткілікті. Күнделікті тұтынылатын заттарды өндіру нәтижесінде біз азаматтарды жұмыспен қамтимыз. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуда бізде әлеует жеткілікті. Шағын және орта бизнесті дамытуда қандай көмек керек болса, біз әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді қала әкімі.

Жиында осы бағыт бойынша қабылданған жол карталары мен атқарылатын іс-шаралар бойынша қала әкімiнiң орынбасары Данат Жумин, әлеуетті жобаларды қаржыландыру және оларды субсидиялау механизмдерін түсіндіру бойынша «Даму қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Жамбыл Қалдаров баяндама жасады.

Данат Есболұлының айтуынша, Жол картасы аясында 76 гектар жерге «Жұлдыз» инстуриалды аймағының құрылысы жоспарлануда. Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 200 гектардан 500 гектарға дейін кеңейту жоспарда бар.

Нәтижесінде 30 өндірістік кәсіпорын, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіпте 21,3 млрд теңге өнім өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға артып отыр.

Ал жиһаз өнеркәсібінде 1,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға артты.
Үкімет тарапынан субсидиялаумен қатар несиелерді кепілдендіру құралы қарастырылуда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.