Версия для печати

Әлеуметтік қамқорлық: баспана – басты назарда Избранное

Среда, 03 Апрель 2019 04:29 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3316 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте ақпан айында мыңнан астам тұрғынның арыз-шағымы қаралды. Нәтижесінде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі бала асыраушы және толық емес отбасылардың тұрғын үй кезегіне тіркелуі, қала аумағына тіркеуге тұруы сынды бірқатар мәселелер шешімін тапқан.

DSC 0617

Шымкент қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлінің айтуынша, қазіргі таңда үй кезегіне тіркелген 37 628 азаматтың 3 585-і – көпбалалы отбасылар. Ал тұрғын үй кезегіндегі 14 708 өтініш иесі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы деп танылған.

2019 жылы Шымкент қаласында 6 513 пәтерлі 132 үй салынуда. Оның 75-і бюджет есебінен, 49-ы жеке құрылыс жүргізуші есебінен, ал 8-і мемлекеттік жеке серіктестік бағытымен жүзеге асуда.

Осы 132 тұрғын үйдің 77-сі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Яғни, 3 863 пәтер.

Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салудан бөлек, сатып алу жағы да қарастырылған.

Осыған сәйкес «Самұрық Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы Тұран шағынауданындағы «Адия» тұрғын үй кешенінен бос тұрған 146 пәтерді сатып алу жұмыстары басталды.

Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы деп танылған азаматтарға көрсетілетін жеңілдіктің тағы бір түрі қолға алынбақ.

DSC 5388

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа жобасы аясында көпбалалы, толық емес отбасы және мүгедек баласы бар отбасылар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несие үстемесін 2-3 пайызға дейін төмендетуі мүмкін.

Қос тарап қазір бұл сұрақтың шешімін қарастыруда. Мәселе оң шешімін тапқан жағдайда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған кредиттік тұрғын үйлер 2-3 пайызбен пайдалануға берілмек.

Тұрғын үймен қамтудың үшінші жолы сертификаттау арқылы жүзеге асыруды көздейді. Қазіргі таңда республика көлемінде «Тұрғын үй қатынастары» және «Нұрлы жер» бағдарламасына, Үкімет қаулыларына өңірлік әкімдіктермен талқыланып, өзгерістер енгізілуде.

Онда өңірлер сертификаттаудың екі түрін ұсынған. Біріншісі, әлеуметтік көмек түрінде 1 млн теңгеге дейінгі қаржыны қайтарылмайтын негізде сыйға беру. Екіншісі, 0,01%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге қайтарымды негізде берілетін бюджеттік кредит түріндегі сертификаттар.

Сондай-ақ, Жастар жылы аясында да Шымкент қаласында 29-ға дейінгі жастарға 333 пәтер беру жоспары бар. Олардың көбі бұл жаста отбасылы болып, бірі жұмысбасты болғанымен, екіншісі бала күтіміне байланысты демалыста болатыны немесе жас маман ретінде жалақысы төмен болары да сөзсіз.

Банк төлем қабілеті төмен деп танығанымен, жастар халықтың әлеуметтік жағдайы аз қамтылған тобына саналмайтыны тағы бар. Шымкент қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлі бұл сұрақтардың жауабы жақын күндері жарияланатынын айтты.

– 2019 жылы Елбасы 29 жасқа дейінгі тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 1000 пәтер пайдалануға беруді тапсырған болатын.

Қазіргі таңда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінде жастарды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелендіру Ережесі бекітілуде.

Олардың қызметтік, әлеуметтік жағдайына қарай 2-3 пайызбен тұрғын үй несиесін беру немесе басқа да өзгерістер болуы әбден мүмкін. Біз ол туралы жаңалықты БАҚ өкілдеріне тағы да хабарлаймыз, – деді басқарма басшысы.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.