SHYMKENTTE ЕКІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ Избранное

Среда, 17 Апрель 2019 05:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3611 раз

Шымкентте екі бірдей әлеуметтік жоба іске қосылды. «Қайнар» бизнес орталығында кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнес-Супермаркет» және «E-Commerce Center» орталығы ашылды.

57059769 2203211879991766 3895266567008550912 n

Оның салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қатысты.

– Бұл – әкімдік, «Қазпошта» АҚ және «Shymkent» ӘӘК» бірлесіп қолға алған жоба. Аталған екі орталықта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау бағытында заманауи қызмет түрлері көрсетіледі.

Мұның аясында «Мен кәсіпкер боламын» атты әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытатын ең маңызды жоба іске қосылады. Оған бюджеттен биыл 600 млн теңге қарастырылды.

Кәсіппен айналысуға қабілетті және ынтасы бар шымкенттік әйелдер мен жастар үшін жаңа кезең басталды. Бұл жоба бойынша бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін жыл сайын көбейтіп отырамыз.

Сондықтан жастарды, қыз-келіншектер мен аналарды кәсіпкер болуға шақырамын, – деді қала әкімі.

Қала басшысы инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін «Бизнес-Супермаркет» пен электрондық коммерцияға жәрдемдесетін «E-Commerce Center» орталығын аралап, жұмысымен танысты. Орталықта клиенттерге қолайлы жағдай жасалып, келіссөздер үшін арнайы зал қарастырылған және call-орталық жұмыс істеп тұр.
Ғабидолла Рахматоллаұлы «Интернет дүкен: оны қалай құруға және қалай дамытуға болады» деген тақырыптағы семинарға қатысты. Онда бизнеске қызығып жүрген азаматтарға орталықтың қандай тиімділігі бар, қандай баспалдақтардан өту қажет, мемлекеттен берілетін көмек түрлері, соңғы уақытта әлем бет бұрған «онлайн-дүкен» жайында ақпараттар берілді.

«Бизнес-Супермаркет» - инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді

57088099 310854209594686 7282656356526456832 n

Жаңа орталықта кәсіпкерлер мен инвесторларға бизнесті құрудың барлық кезеңдерінде әдістемелік көмек беріледі, – деп түсіндірді «Shymkent» ӘӘК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов. – Мұнда электронды форматта «бір терезе» қағидатымен қызмет алуына жағдай жасалған.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер заңгерлік, бухгалтерлік, бизнес-жоба, бизнесті сүйемелдеу қызметтерін, «Атамекен» ӨКП-ның қызметтерін, ХҚО-ның қызметтерін, «Даму» КДҚ» АҚ ӨФ-ның, кедендік қызметтерді, логистика және рұқсат құжаттары бойынша және Шымкент қаласы әкімдігінің қызметтерін ала алады.

«Кәсіпкерлерге бұған дейін де мұндай қызмет көрсетілді, жаңа орталықтың ерекшелегі неде» деген сауалымызға басқарма төрағасы былай деп жауап берді:

– Орталықтың артықшылығы бұрын кәсіпкерлер идеяларымен келетін болса, енді мұнда дайын жобалар да бар. Сол жобамен кәсібін дамытуға мүмкіндік беріледі.

Екіншіден, қалада 75 мыңнан астам кәсіпкер бар. Олардың басым бөлігін сауда-саттық жасап, кафе-дүкендерінен қаржы тауып отырғандар құрайды.

Қарапайым ғана мысал, қалада көптеген азаматтар қатарынан дүкен салып, сол арқылы нәпақысын айыруға тырысуда. Алайда, олардың көбісі бәсекелестікке шыдамайды, жабылады, сауда тоқтайды дегендей.

Ал жаңа ашылып отырған жобамызда сол кәсіп ашқандарға бәсекелестікті азайту үшін бағыт-бағдар бере аламыз, деп Рашид Аюпов орталық қызметінің тағы бір пайдалы тұсын атап өтті.

«E-Commerce Center» орталығы

«E-Commerce Center» – электрондық коммерцияға жәрдемдесетін орталық. Бүгінгі күні дүниежүзілік сауданың 60%-нан астамы электрондық саудаға ауысқан.

«Shymkent» ӘӘК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов сауданың заманауи бұл түрі Шымкентте әлі қолға алынбағанын алға тартты. Қазір осы бағытты дамытуға күш салынуда.

«Қазпошта» АҚ-ның Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, өткен жылы Қазақстанда электрондық коммерция айтарлықтай өрге басқан.

Нәтижесінде нарықта ол 300 млрд. теңгені құрап, елімізде жеткізілген сәлемдемелер көлемі шамамен 35,1 млн данаға жеткен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 60%-ға артық. Интернет-сатып алушылардың жалпы көлемі өткен жылы 2,3 миллион адамға жеткен.

– «E-Commerce Center» Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қаласынан кейін республикада төртінші болып ашылып отырған орталық. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер тауарларын онлайн-дүкен арқылы сатуға мүмкіндігі бар.

Тіпті бұл арқылы дүниежүзілік нарыққа шыға алады. Өзінің тауарын сатады не сатып алады. Егер кәсібін онлайн-дүкен арқылы дамытқысы келетін кәсіпкер болса, орталыққа келеді.

Біз интернет-сайт ашып беруге, сол арқылы тауарын нарыққа шығаруға және жеткізу логистикасын қамтамасыз етуге көмектесеміз, – деді «E-Commerce Center» департаментінің директоры Бек Арпабаев.

Осы тұста өткен жылдан бастап Қазақстанда интернет-дүкендер үшін 5 жылға КТС-ты (корпоративтік табыс салығы) және ЖТС-ты (жеке табыс салығы) алып тастау түрінде салықтық артықшылықтар қолданысқа енгенін айта кетейік.

Мамандар келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстанда бүгінде электрондық коммерция саласына 1700 кәсіпкер тартылса, Шымкентте бұл бойынша қазірдің өзінде 150 кәсіпкер оқудан өтіпті.

«Мен кәсіпкер боламын» жобасы іске қосылды

«Қайнар» бизнес орталығында «Мен кәсіпкер боламын» жобасы да іске қосылды. Бұл Шымкент қаласында жастар және әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асады.

Оған қаланың жастары мен әйелдер қатысып, мынадай 5 бағыттағы кәсібін дамытуға көмектеседі.

1.Жастар және әйелдер кәсіпкерлігіне 1% жеңілдікпен несие беріледі. Несие сомасы 5 млн теңгеге дейін;

2. Мини-агрофермаларды ұйымдастыруға жер учаскелерін беру;

3. Көше саудасы объектілері үшін жер учаскесін беру. Мұнда қызмет көрсету (әсемдік салоны, аяқ киім шеберханасы, ателье, көлік жөндеу) және сауда (көкөніс, азық-түлік, газет, кәдесый, гүл сатуға) жер телімдері беріледі.

4. Электронды коммерцияны ынталандыруға қаржыландыру.

5. Франшизаны қаржыландыру. Франшиза сатып алу шығындарын 1 млн теңгеге дейін өтейді.

Толық ақпарат алу үшін мына мекенжайға хабарласуға болады: Шымкент қаласы, Бəйдібек би даңғылы, «Қайнар» бизнес орталығы, (Бəйдібек би ескерткішіне қарама-қарсы).

Байланыс телефон: 39-20-22, 39-33-25

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.