Ауыр жүк көліктерін бақылау күшейеді Избранное

Пятница, 19 Апрель 2019 04:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3162 раз

Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, инспекция 2018 жылдың қыркүйек айында құрылған.

Көлік инспекциясы. Брифинг

Бүгінге дейін инспекция мамандары 516 әкімшілік-құқық бұзушылықты анықтап, 75 млн 789 мың теңгеге әкімшілік айыппұл мен жол жүру алымдарын өндірген. Соның 60%-ы инертті материалдарды тасымалдауға арналған карьер автокөліктері екені анықталып отыр.

– Ауыр салмақты «Хово», «Шансиман» және тағы басқа жүк көліктері қала жолдарымен белгіленген нормадан артық жүк тасымалдауда. Инспекция тарапынан бұл жолдардың барлығына бақылау жүргізу мүмкін болмай тұр. Сондықтан былтыр қала әкімдігімен бірге ауыр салмақты автокөліктерді бақылауға бағытталған 2019 жылға арналған бірлескен Жол картасы бекітілді.

Жұмыс тобы тарапынан жүк көліктерінің қарқындылығына талдау жүргізілді. Нәтижесінде қаланың 7 көшесіне (Ю.Гагарин, Б.Алпысбаев, Н.Исмаилов, Т.Рысқұлов, Т.Өтегенов, С.Бәйтереков, І.Жансүгіров) салмағы 8 тоннадан асатын жүк автокөліктеріне салмақтық шектеу белгілерін қою туралы шешім қабылданып, оны орнату бойынша құзырлы мекемелерге ұсыныс жолданды, - деді инспекция басшысы.

Инспекция мамандары Шымкент қаласы аумағында инертті материалдарды (құм-тас) жинақтайтын 27 заңсыз орынды да анықтаған. Қалалық жер қатынастары басқармасымен бірге атқарылған жұмыс өз нәтижесін берген.

Жол картасына сәйкес, заңсыз жұмыс жасап жатқан құм-тас жинақтайтын орындардың жұмысын тоқтатып, қаланың кіреберісіне салу жөніндегі инспекция ұсынысы Шымкент қаласы әкіміне жолданып, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.