SHYMKENT сауда хабына айналады Избранное

Пятница, 19 Апрель 2019 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3329 раз

Үшінші мегаполисте «Керуендер оралады» инвестициялық-кәсіпкерлік форумы өтті

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Shymkent» ӘКК» АҚ және Forbes Kazakhstan ұйымдастырған форумның берері мол болмақ. Елімізге белгілі «BI group» компаниясы қаладағы «Конггресс-холлдан» бөлек жаңа екі шағынауданның құрылысын бастамақ.

DSC 0389

Миллионды қалаға белгілі кәсіпкерлер мен ірі компаниялардың басшылары жиналып, электронды коммерция мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жайын талқылады. Орта және ірі бизнестің мәселелері де көтерілді.

Үшінші мегаполис жыл санап қарыштап дамып келеді. Инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарымен еліміз бойынша алдыңғы қатарда көрінуде.

Сондай-ақ, тұрғындардың күнкөріс деңгейі де артқан. 2018 жылы қала бойынша орташа айлық жалақы 122 мың теңгені құраған.

Бұл туралы Silkway Shymkent Summit алаңын ашқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов «Шымкент қаласының инвестициялық-кәсіпкерлік климаты» тақырыбында баяндамасында мәлімдеді.

Қала аумағында жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар мен Shymkent City қалашығындағы жұмыстар да жоспарға сәйкес орындалып келеді. Бұған қоса Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мəдени астанасы атанбақ.

Бұл форумның Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындаудың негізгі алғышарттардың бірі екенін атап өткен қала әкімі жиынның маңыздылығына тоқталды.

– Тұңғыш Президент миллионды қаланың дамуының бірнеше бағытын нақтылап берген болатын. Шымкент, ең біріншіден, Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.

Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм өркендеуі үшін жақсы инфрақұрылым, замануи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс.

Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес. Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. Қазір қалада аталған мәселелер бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Және бұл жұмыстардың басым көпшілігі инвесторлардың есебінен екенін атап өткім келеді - деді қала әкімі.

Жиынға қатысушыларға мегаполистегі жаңа әуежай, теміржол вокзалы, стадион, Қошқар ата өзені бойының абаттандырылуы мен «Қырғы базарды» жаңарту жобасы таныстырылды. Форумда сөз алған спикерлердің барлығы дерлік үшінші мегаполистің болашағынан күтер үміті зор.

Нақты айтқанда, BI Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев тарихи шаһардың сауда хабына айналарына әлеуеті жететінін айтса, Райымбек Баталов электронды төлем жүйелері туралы кең әңгімелей келе қаланың халқы еңбекқор, жастары білімді екенін алға тартты.

Форумның екінші секциясында қазақстандық кәсіпкер, «TS Development» ЖШС құрылтайшысы және директорлар кеңесінің төрағасы Серік Түлбасов жастарға ірі компанияларда кемі 5 жыл еңбек етіп, өз бизнесін бастау дұрыс деп кеңес берді.

«Технодом» сауда орталықтарының негізін қалаушы Ким Эдуард әлеуметтік-кәсіпкерлік саласын дамыта отырып, көпшіліктің қаржылық сауатын арттыру тиімді екенін айтты.

Бұл компания 250 адамды жұмыс орнымен қамтып отыр. Биыл қалаға 1,6 млрд теңгеден астам инвестиция құюды жоспарлаған. Маркет-плэйс құрып, жастардың идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін коворкинг орталықтарын да салмақ.

Silkway Shymkent Summit алаңының екінші бөлімінде Рамиль Мухоряпов Қазақстанда e-commerce дамыту жайында баяндады. Шымкент интернет дүкен құрып, оны дамытуға қауқарлы. Оған мысал ретінде жуырда «Қайнар» бизнес орталығында электронды коммерцияны дамыту мақсатында ашылған «E-Commerce Center» орталығы туралы айтуға болады.

Ал Дана Орманбаева әйелдердің кәсіпкерлігін дамытуды өмірлік тәжірибесінен мысал келтіре отырып түсіндірді. Айта кетерлігі, миллионды қалада кәсіп бастаймын деген әйелдер қауымына үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Соның бірі – әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Мен кәсіпкер боламын» жобасы.

Форум соңында Серік Түлбасов, Қайрат Мәжібаев, Андрей Лаврентьев, Махмуд Шадиев жиналған кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді, тақырыптарды жан-жақты талқылады. Танымал кәсіпкерлер өздерінің тәжірибелері мен бизнесті дамыту стратегияларымен бөлісті.

DSC 0340