Версия для печати

Ұлы Жібек жолындағы «Қызғалдақ жолы»

Вторник, 30 Апрель 2019 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3058 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Үшінші мегаполисте «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалі өтті. Арбат демалыс аймағы қаланың символы болған қызғалдақпен көмкеріліп, көпшілік серуеніне ұласты.

DSC 2007

Фестиваль аясында флористер дайындаған шоқгүлдер Арбаттың көркін ашып, фотокөрме, балғындардың қылқаламынан туындаған суреттер галлереясы ұйымдастырылды. Арбат жолымен саудагерлер мен қолөнершілердің ежелгі керуені жүріп өтті.

Салтанатты іс-шараны ашып берген Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов мегаполис тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.

– Қызғалдақ фестивалі қаламызда халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қызғалдақтың отаны – еліміздің Оңтүстігі екенін мақтаныш етеміз. Сондықтан, осынау әсем гүлді брендімізге айналдырып, бүкіл әлем қызғалдақ гүлі арқылы Шымқаланы танып-білсе деген мақсатпен фестивальді ұйымдастырдық, - деді қала әкімі.

Фестиваль аясында шеберлер қалашығы ұйымдастырылды. Онда балалар өздері қызығып жүрген өрт сөндіруші, полиция, дәрігерлер секілді маман иелерімен жүздесіп, жұмыстарымен танысты.

DSC 1978

Бағдарлама бойынша флористер байқауы өтіп, шымкенттік 5 гүл безендіруші қызғалдақтан гүлдесте дайындады. Мерекелік іс-шара мұнан соң «Биле, Қазақстан» және «Танцы на ТНТ» жобаларының финалисі Александр Лидің флэшмобына жалғасты. Қала тұрғындары мен жиналған қауым белгілі хореографпен бірге билеп, өнер көрсетті.

Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің дизайнерлері мен отандық сәнгерлердің дефилесі ұйымдастырылды. Көрермен назарына Өзбекстандық белгілі дизайнер Мархамат Омарова, «Turan collection» балалар коллекциясының авторы Дина
Елімбекова, Санам Юнусованың «Шаркона» авторлық жұмыстары ұсынылды.

Айта кетейік, бұл күні Арбатқа 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Халықаралық фестиваль эстрада жұлдыздарының концертімен аяқталып, Айқын Төлепберген, Жақып Сапарбек және Мoonlight тобы ән шырқады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА,
Азамат ЖАППАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.