Шомылу маусымы: сақтық қажет

Пятница, 17 Май 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2877 раз

Күн ысып, түрлі су көздерінде шомылу басталды. Осыған орай құтқарушылар сақтық шараларын мұқият сақтау керек деп ескертеді.

Шомылу

Жыл басынан бері қала аумағында судағы жазатайым оқиға болмады. Ал былтыр 4 адамның суға кету оқиғасы тіркелген болатын. Оның екеуі – рұқсат жоқ орында ішімдік ішіп шомылған ересек адамдар. Ал екі жас бала ата-анасының қарауынсыз қалып, арыққа құлап кеткен.

– Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлының төрағалығымен төтенше жағдайлар комиссия құрылды. Комиссияда нақты тапсырмалар қойылып, қаламыздағы шомылу орындарының иелерімен келісім-шарт жасалды, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларын аптасына бір рет тегін шомылдыруға жағдай қарастырылуда.

Бұдан бөлек қала аумағындағы шомылу орындарында спорт және денешынықтыру басқармасымен біздің мамандар бірлесіп, балаларды шомылуға тегін үйретпекпіз, - деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев.

Маманның мәліметінше, бұл жұмыстар қала аумағындағы Тоғыс және Бадам су қоймаларында шомылу маусымымен басталады. Ал қала тұрғындары күн ысығанда жиі шомылатын Қошқар ата өзеніне стационарлық бекет орналастырылған, қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Ең бастысы, қазіргі таңда қала тұрғындарына БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мегаполистің барлық мектептеріне бір уақытта интерактивті сабақтар өткізілді. Адамның өмірі, әсіресе жас балалардың өмірі басты назарда. Сондықтан қарапайым ережелерді сақтап, нақты белгіленген, рұқсат етілген жерлерде шомылу керек.

Ата-аналарға айтарымыз, балаларын қараусыз қалдырмасын. Ал ересектер суға түсерде ішімдік ішпесе деген ескерту айтқымыз келеді, - деді Ерғали Бахаев.

Брифингте белгілі болғандай, тыйым салынған жерлерде шомылған адамдар заң бойынша әкімшілік жазаға тартылады. Бүгінде жедел-құтқару жасағының 20 қызметкері суға шомылу маусымының соңына дейін күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.

Жалпы Шымкент қаласы бойынша 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орны (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.