Версия для печати

Көпір – қаланың күретамыры Избранное

Пятница, 24 Май 2019 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3546 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі Бадам өзенінің үстінен салынып жатқан көпір (Дамбовая көшесінен А2 тасжолына дейін) құрылысы қыза түскен. Мердігер «Қазақжолқұрылысы» ЖШС бүгінге дейін 360 млн теңгеден астам қаржыны игерген. Жалпы стратегиялық маңызы зор көпірді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

DSC 3952

Қонаев даңғылының жалғасы ретінде жүзеге асып жатқан жатқан жоба 7 кезеңнен тұрады. Көпір құрылысы мұндағы ІІІ кезең болып жобаланған. Оған 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын былтыр қараша айында бастаған еді. Қазір құрылыс қызған шақ.

Жалпы, бұл көпірдің маңызы қаншалықты? Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің мәліметінше, көпір стратегиялық маңызға ие құрылыс саналады. Бүгінде Тәуке хан және Республика даңғылдары бойында күнделікті көлік кептелісін азайту өзекті мәселенің біріне айналған.

Қала тұрғындарын, жолаушыларды алаңдататын мәселе. Сол себепті Ташкент бағытына қарай шығатын баламалы жол қажеттігі сезілуде. Бұл – экологиялық ахуалды реттеудің де тиімді жолы.

Жоба бойынша Қонаев даңғылының жалғасы бойынша жүзеге асатын жол құрылысын 2022 жылға дейін аяқтау көзделген. Жалпы ұзындығы – 27 шақырым.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрхановтың айтуынша, жол бойындағы жер учаскелерін мемлекетке қайтару бойынша қала әкімдігінің қаулысы шыққан. Бұл жұмыстарды атқаруға шамамен 7 млрд теңгедей қаражат керек.

– Қазір құрылыс үш кезең бойынша жүруде. Олар – Түркістан моншасынан бастап ескі қалашықтың іші, Сәуле шағынауданынан Ақтасқа дейінгі жол құрылысы және Бадам өзеніндегі көпір құрылысы. 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына байланысты қалған кезеңі 2021-2022 жылдарға қалдырылған.

Қазір ескі қалашықтың ішіндегі 75 жер телімі мемлекет мұқтаждығына қайтарылды, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Құрылыс қайта жалғасады

DSC 4030

«Қазақжолқұрылысы» ЖШС мамандары күндіз-түні құрылыс басында. Қаржы жеткілікті бөлініп отырса, құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бадам өзеніндегі салынып жатқан көпірдың ұзындығы – 100 метр. 3 көпір аралығынан тұрады.

Жалпы, құрылысқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінсе, қазірдің өзінде 363 млн теңге игерілді. Компания жұмысты былтыр қараша айында бастаған. Бір айта кетерлігі, сәуір айында су деңгейінің көтерілуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған-тын. Мердігер мекеме өкілдері қауіпсіздік мәселесіне байланысты осындай шешім қабылдағандарын айтады.

Екі тоған да судың екпініне төтеп бере алмаған. Сол себепті ол кезеңде іргетасты нықтау бойынша жұмыстар ғана атқарылды. Мамырдың ортасына қарай қарқынды құрылыс қайта жалғасады. Құрылысшылар «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан көпірді 2019 жылы аяқтауға уәде беріп отыр.

Тұрғындар маңыздылығын түсінуі тиіс

Таяуда ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Әбдіманап Бектұрғанов, Сәкен Қаныбеков, Уәлихан Қайназаров, Фахриддин Қаратаев Шымкентте болып, осынау әлеуетті құрылыс барысымен танысқан-ды. Бірқатар ұсыныстарын айтқан.

– Бұл – өте маңызды жоба. Қалада көлік кептелісін шешуден бөлек Ташкентпен, Түркістан облысының оңтүстік аудандарымен байланысты жақсарту үшін керек. Әрине, жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару үшін де тұрғындарға дұрыс түсіндіру маңызды. Нақты есеп қажет. Біз де жергілікті әкімдіктің ұсыныстарын Үкіметке жеткізуге, қаржы бөлуге қолдау көрсетуге дайынбыз, - деген еді Дархан Қамзабекұлы.

Қазір Өзбекстанмен барыс-келіс артып келеді. Бұл жоба екі алып мегаполис – Шымкент пен Ташкент арасын жақындатуға да зор сеп болмақ.

Жалпы айтқанда, жобаның болашағы өте зор. Ірі қалаларға ыңғайлы инфрақұрылым қажет. Құрылыс бағытындағы нысандарды мемлекет мұқтажына алу заң аясында шешілуі тиіс.

Қала тұрғындары да түсіністік танытатын сәт қазір. Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алу мәселесіне байланысты штаб құрылған.

Айына 2 рет тұрғындармен осы мәселелер бойынша кездесулер ұйымдастырылуда. Оның құрамында жергілікті тұрғындар, ақсақалдар бар.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.