Версия для печати

Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту – елді дамыту

Пятница, 07 Июнь 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3295 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Біздің күнделікті күйбең тіршілігіміз қиындыққа толы. Баласының кішкентай кезіндегі жауапкершілік жүгі толығымен ата-анасына жүктеледі.

Есейе келе адам өз өмірі мен өз отбасының өмірін басқару жауапкершілігін түсініп, түйсіне бастайды. Бұл – қиындығы басым, қызығы да баршылық міндет. Өйткені, адам өз болашағын өзі қалыптастырады және оның өмір сүру сапасы өзі қабылдаған шешімдеріне тікелей байланысты болмақ.

Адам баласы сияқты мемлекет те өзінің қалыптасу жолынан өтеді. Сонда азаматтардың позитивті белсенділігі, оларды өз үйін, шаруашылығын, ауылдық округін басқаруға тарту қажеттігі туындайды.

Мұндай мүмкіндік бізде бар және ол заңды түрде ресімделген. Жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысу арқылы азаматтар өз ауылының, қаласының дамуына ықпал ету мүмкіндігіне ие болады. Бірақ мұндай мүмкіндіктің болуы бір бөлек те, оны іске асыру бір бөлек. Қоғамның белсенді қатысуынсыз жергілікті өзін-өзі басқару – тек фикция. Мұндай игі іске қоғамды қатыстыру біршама уақыт пен күш-жігерді қажет етеді.

Қоғамды жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысуға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл істі ынталандырудың түрлі нысандарын бірте-бірте пайдалану, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қоғамның мойындауымен уәждеу қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру кезінде шетелдік тәжірибеге сүйеніп қана қоймай, еліміздің тарихын да ескеру қажет.

1995 жылғы тамызда қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Онда бізде «жергілікті өзін-өзі басқару танылады» және «жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ, ол халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қалалық және ауылдық қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады» делінген.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру жөніндегі келесі қадам 2007 жылғы 21 мамырда жасалды, ол кезде қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын болды, сондай-ақ жергілікті қауымдостықтардың органдарына мемлекеттік функцияларды беру мүмкіндігі бекітілді.

Бұл жүйе жұмыс істеуі үшін жай ғана заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Өйткені, заң шығарушы адамдар, мекемелер мен өзін-өзі басқару органдары әрекет ететін заңдық шеңбер ғана сызады. Егер адамдар реформаның мәнін түсінбейтін болса, заң басқа мазмұнмен толтырылады не мүлдем қолданылмайды.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі әрқайсысының өз міндеті шешіліп отыратын кезең-кезеңмен жүзеге асатынын халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Әр кезеңнің ұзақтығы қоғамда болып жатқан өзгерістердің мәнін түсініп, оған бейімделуіне жеткілікті болуы тиіс.

Әр елдің жергілікті өзін өзі басқару жүйесі жергілікті ерекшеліктер ескеріле отырып, жүргізілген көптеген реформалардың нәтижесі болып табылады, сондықтан тіпті ең үздік деген шетелдік тәжірибенің өзі Қазақстанның жағдайына оп-оңай көшіруге келмейді.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту процесі заңнамалық базаны өзгертуді ғана емес, сол сияқты жергілікті қоғамдастықтың азаматтық белсенділігінің өсуін болжайды. Алайда, жергілікті қоғамдастың жиналыстары мен олармен жұмыс істейтін ауыл әкімдері аппараттарының мамандары үшін ұйымдастырылатын семинарлардың нәтижесі халықтың белсенділігі төмен деңгейде қалып отырғанын көрсетіп отыр.

Пассивтілік бүгінгі азаматтық институттардың – жергілікті қоғамдастық жиналыстарының, бюджет қаражатының шығыстарына жүргізілетін мониторингтің, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері жұмысының тиімсіздігіне әкеледі.
Азаматтардың пассивтілігінің себебі неде? Бұның ішінде ең негізгісі ретінде мыналарды айқындауға болатын шығар:

- күш-жігердің шешім қабылдау процесіне әсер ету мүмкіндігіне сенбеу;

- басқаруға қатысудың іс жүзінде тәжірибесінің болмауы;

- қажетті білімнің жоқтығы.

Білместікті біліммен жеңуге болады, тәжірибе жұмыс барысында жинақталады, сенімсіздікті сәтті қызмет ету мысалдарымен жеңуге болады.
Жергілікті өзін-өзі басқару өзінің табиғатына қарай тұрғындарға ең жақыны саналады.

Азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға белсенді қатысуы әкімдердің шешімдерін қабылдау процесінің ашықтығына, жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдар мен қалалардың өркендеуіне әкеледі.

Еліміздің тұрақты дамуы әрқайсымызға байланысты.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің
Өңірлерді талдау және бағалау департаменті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.