Smart Shymkent: бар игілік – тұрғындарға Избранное

Среда, 19 Июнь 2019 05:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2755 раз

«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумақтарында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады».

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция
жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан
2018 жылғы 10 қаңтар

005

Қазақстанда ел экономикасын дамыту қарқынын жеделдетуге және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған Digital Kazakhstan бағдарламасы іске қосылған. Шымкент қаласында Smart city жобасы 6 негізгі бағыт бойынша іске асырылуда.

Білім саласы

Сәтті шыққан 4 жоба – Indigo, Sakura, I-mektep және T-hunter. Indigo және Sakura жобалары аясында қаладағы барлық 476 балабақша мен 130 мектепте электронды кезек және жолдама беру жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде балабақшаларға 68 233 сәби қабылданып, ата-аналардың шағымы 40%-ға кеміді, 3-6 жасқа дейінгі балалар арасындағы кезек 2,5 есеге азайды. Қазіргі таңда шымкенттік Indigo жобасы еліміздің 7 аймағында жүзеге асырыла бастады.

Ал 1 сыныпқа құжат тапсыру мерзімі бұрынғы 43 күннен 20 минутқа дейін қысқарған. Бұған қоса оқушылардың ата-аналары мектептің педагогикалық құрамы, сынып бөлмелері, оқыту тілі, жағымды-жағымсыз факторлар туралы алдын ала біле алады.

I-mektep жүйесінің нәтижесінде «Мектеп-ата-ана-оқушы» байланысы орнап, жеткіншектер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 75%-ға азайды. Оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші 97%-ға жетті. Егер баласы сабаққа келмесе, ата-анасына SMS-хабарлама жіберіледі.

Мұғалімдерді автоматты түрде іріктейтін T-Hunter жобасы педагогикалық құрамның сапасын жақсартуға сеп болды. Бұрын кандидаттар әр мектептен бос орын іздеп келсе, қазір онлайн өтініш беріп, ашық конкурстан өтеді. Бүгінге дейін 3100 өтініш қабылданып, 700 маман мектептерге конкурстық комиссия негізінде қабылданды.

Денсаулық сақтау саласы

Цифрлық жобалар денсаулық сақтау жүйесін де қамтыды.
– Қаладағы барлық 36 медициналық мекемеге кешенді ақпараттық жүйе енгізіліп, «қағазсыз» жүйеге көшті.

Дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру және медициналық ұйымға тіркелу секілді ең көп сұранысқа ие 3 қызмет автоматтандырылып, Damuded мобильді қосымшасы іске қосылған. Мегаполис тұрғындарының 97,4%-ның электронды денсаулық төлқұжаттары құрылды, - дейді Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупова.

Көлік және ТҮКШ

Бүгінгі таңда үшінші мегаполистегі барлық 1102 қоғамдық көлікке GPS құрылғылары орнатылып, диспетчерлік бақылау жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта қалада муниципалды автобус паркі ашылмақ.

– Осы бағытта қоғамдық көліктер паркі жаңаланып, қалаға жаңа автобустар жеткізілуде. 1 шілдеге дейін Шымкентке жаңа 300 автобус келіп, жыл соңында дейін тағы 700 автобус жеткізіледі деген жоспар бар, - дейді «Shymkent» ӘКК» АҚ басқармасының төрағасы Рашид Аюпов.

Қоғамдық көлік саласындағы тағы бір жаңалық – пилоттық режимде электронды билет жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта қаладағы жолаушылар көлігінде карточкалы есеп айырысу жүйесі толық енгізілмек.
Бұға қоса «Ақылды тұрақ» жобасы іске асырылуда. Ол жаңашылдық қаладағы көлік кептелісін азайтып, заңсыз автотұрақтарды жоюға арналған.

Қаладағы көпқабатты 2049 үйдің 997-не цифрлық төлқұжат әзірленді. IoT технологиясындағы есептеу құрылғыларын орнату бойынша көпқабатты 5 үйде пилоттық жоба аяқталды. Бұл технология бойынша инженерлі жүйелердегі ақау туралы мәлімет дер кезінде диспетчерлік орталыққа жіберіледі. Бұған қоса монополя субъектілерінің ақпараттық жүйелері «Е-Shanyrak» жүйесімен ықпалдастырылды, нәтижесінде 1052 абонент қамтылып отыр.

Қауіпсіз қала

Шымкенттің аумағында бірнеше жылдан бері «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асырылып келеді. Полиция департаментімен бірге жүзеге асырылатын жоба аясында қала бойынша 479 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін интеллектуалды жол қиылысының саны 21-ге жетті. Пилоттық негізде «Сергек» жобасы іске қосылып, 104 камера орнатылды. Осында кешенді жұмыстардың нәтижесінде мегаполистегі құқық бузушылық деңгейі 16%-ға төмендеді.

Ашық әкімдік

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – халыққа қолайлы мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну.
Әкімдіктегі «Халыққа қызмет» орталығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы бар. Ондағы мамандар жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелері бойынша кеңес беріп, қызмет көрсетеді.

Қала тұрғындары үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және төлем терминалдары, арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған.

Сонымен қатар, мұнда қала әкімі мен орынбасарлары тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс жасау үшін open space залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек оның орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауда. Осылайша жергілікті әкімдік мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттырмақ.

Онлайн қызмет

Шымкент. Телеграм.kz

Жалпы, халыққа қызмет көрсету саласын жетілдірумен қоса тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру да аса маңызды. Нақты айтқанда ХҚО-ға бармай-ақ қажет анықтамаларды алуға болады.
Шымкенттіктер бұл тұста да жарап тұр. Мамыр айында мемлекеттік қызметтер ұсынатын телеграмдағы EgovKzBot ашылғанына 1 жыл толды. Осы уақыт ішінде ботты 17 мыңнан астам шымкенттік пайдаланып, 47 мыңнан астам қызмет алды. Бүгінде боттағы қызметтер мен сервистер саны 25-ке жетті.

– EgovKzBot Telegram-ботының тұрақты пайдаланушысы болу үшін азаматтар тек бір рет мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Мұны egov.kz электронды үкімет порталының жеке кабинетінде немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек Исабеков.

Цифрлық сауаттылық

Жергілік тұрғындар, бұған қоса, қалалық әкімдік ұйымдастырған цифрлық сауат арттыру оқуына қатысуда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы 3500 қала тұрғыны оқуға қатысты. Ал биыл 10 000 тұрғынды оқыту жоспарланған. Осы мақсатта қаладағы 131 мектептің информатика пәнінің мұғалімдері сабақ өтеді.

Ол ұстаздардың өздері қалалық әкімдіктің ұйымдастырған 3 күндік тренингте білімдерін жетілдірген.
– Халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту 3 маусымнан 29 тамызға дейін жалғасады.

Оқыту 5 бағытты қамтиды. Олар: базалық дағдылар, «Е-коммерция», «Ашық үкімет» порталы, Ақпараттық қауіпсіздік негіздері, «Электронды үкімет» және электрондық мемлекеттік қызметтер.

Бұл бағыт бойынша тұрғындар компьютермен және танымал операциялық жүйелерімен, интернетпен жұмыс істеу; порталда мемлекеттік қызметтерді алу; E.gov.kz сайты; ашық үкіметпен жұмыс істеу және интернет-шабуылдардан (алаяқтық, спамдар, вирустар) ұялы телефонды қалай қауіпсіздендіру тәсілдерін үйренеді, - дейді Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының цифрландыру және цифрлық инфрақұрылым бөлімінің бас маманы Жанар Ақылбаева.

Бүгінгі таңда цифрлық сауат курстарына жазылу үшін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында ыңғайлы сервис жасақталған, ол арқылы қала тұрғындары кез келген мектеп базасында курстарға жазыла алады. Оқу – тегін.
...Жаңа технологиялар жыл санап емес, күн санап дамып келеді. Ендеше, заман ағымына ілесіп, көштен қалмау – уақыт талабы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.