Мегаполиске – 1 жыл: шырайлы шаһардағы мерейлі істер Избранное

Среда, 19 Июнь 2019 05:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2956 раз

Шымкенттің республикалық қала атанғанына 19 маусым күні бір жыл толды. 2018 жылы дәл осы күні Елбасы Жарлығымен Шымкент үшінші мегаполис атанды. Осылайша 19 маусым қала тарихында жаңа әріптермен жазылып, Қала күні ретінде атап өтілмек. Осы ретте 1 жылдан бері Шымкентте қандай істер атқарылды, қандай жобалар жүзеге асырылды?

DSC 3321

Орта Азияның экономикалық және мәдени орталығы

Шымкенттің бұған мегаполис ретіндегі мүмкіндігі мол. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев қазан айында Шымкентке жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
– Болашақ – ірі қалаларда. Мегаполистер арасындағы бəсекелестік арта түседі. Шымкенттің де даму көшінен қалып қоймауы үшін əлеуеті жеткілікті.

Қаладағы халық саны миллион адамнан асты, өзінің дамуы стратегиясын қалыптастыру керек, - деген Н.Назарбаев миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең алдымен, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.

ЕЛБАСЫ САПАРЫ

– Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, заманауи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс. Туризм – əлемдегі ең табысты бизнес. Ал
Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар.

«Шымкенттің өзіндік қайталанбас сəулеттік стилі болуы керек», деген Елбасы қаланың өз мəдени ерекшелігі бар екенін айтты.

Инвестициялар жұмылдыру орталығына айналады

Мегаполис ретінде Шымкентте өткен алғашқы ірі іс-шараның бірі – «Shymkent Development forum-2018» инвестициялық форумы болды. Халықаралық форумға қазақстандық және шетелдік бизнес-қауымдастықтар, инвестиция жұмылдыру саласының сарапшылары, министрліктер мен мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен білім беру ұйымдарының өкілдері, трансұлттық СNN, National Geographic корпорацияларының, Дүниежүзілік банктің өкілдері, жаңа жобалардың авторлары, әлеуетті 300 инвестор қатысты.

Инвестициялық форум өз нәтижесін берді. Жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылды. Шетелдік инвесторлар Шымкенттің микрофиба шығару бойынша текстиль фабрикасының құрылысы, қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркін жаңарту, «Shymkent Сity» қалашығы аумағында тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар мен жаңа саябақ салу сияқты ірі жобаларына қаржы құймақ.

Жалақы көбейді

Шымкентте бюджет қызметкерлері мен бірқатар кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы көбейді. Осылайша Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметке берген қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіру туралы тапсырмасы жүзеге асырылды. Бұл бастамаға қаладағы ірі компаниялар қолдау көрсетті.

Бұған қоса мемлекеттік қызметшілердің жалақысы да жоғарылады. 2018 жылдың басынан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен еліміздің бірқатар облыстарында жалақы төлеудің жаңа пилоттық жүйесі іске қосылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы жоғарылап отыр.

Жергілікті өнімдер – экспортқа

Шымкенттегі 35 кәсіпорынның өнімдері экспортқа шығарыла бастады. Мегаполис әкімі Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен қала әкімдігі жанынан құрылған Экспорт жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Қалада тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсібінде, машина жасау, металлургия, фармацевтика және құрылыс өнімдерін өндіру салаларындағы 35 кәсіпорын экспортқа өнім шығарады.

Үшінші мегаполистің негізгі сауда серіктестері Нидерланды, Ресей Федерациясы, Қытай және Өзбекстан елдері болып отыр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша қаланың сыртқы сауда айналым көлемі 903,1 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде импорт – 568,5 млн доллар, экспорт 334,6 млн АҚШ доллары болып отыр.

Сауда хабына айналған қала

Инвестиция мегаполис экономикасының қайнар көзі бола алады. Осы мақсатта Шымкентте «Shymkent» ӘКК» АҚ және Forbes Kazakhstan ұйымдастырған «Керуендер оралады» инвестициялық-кәсіпкерлік форумы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен форумда белгілі кәсіпкерлер мен ірі компаниялардың басшылары электронды коммерция мен кәсіпкерлікті дамыту жайын талқылады. Нәтижесінде белгілі «BI group» компаниясы қаладағы «Конгресс-холлдан» бөлек жаңа екі шағынауданның құрылысын бастамақ.

Бизнеске арналған үкімет

Шымкентте «Бизнеске арналған үкімет» жобасы ашылды. Жобаның мақсаты – бизнесті «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау мен дамытудың барлық іс-шараларын орталықтандыру. Сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы болады.

Мұнда қалалық кәсіпкерлер палатасының менеджерлері, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Даму» қоры, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ және мемлекеттік органдардың өкілдері қызмет көрсетеді. Жоба 6 негізгі бағытты қамтиды: мемлекеттік қызмет, қаржыландыру, өткізу, сандық қызметтер,

Кәсіпкерлер палатасының менеджерлері жүзеге асыратын құқықтық сүйемелдеу және құзыреттер, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «ДАМУ» Қоры, ХҚКО менеджерлері және мемлекеттік органдардың қызметкерлері жүзеге асыратын құзыреттер кіреді.

Арбат – мерекелік тарту

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Шымкентте жаңа Арбат ашылды. Ерекше архитектуралық үлгіде бой көтерген демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды.

Арбат тек көркімен ғана емес, қала тұрғындарының тынығуына ыңғайлы болуымен ерекше. Демалыс орнының бір бөлігі шығармашылық иелеріне шабыт сыйласа, суретке түсуді ұнататын жандарға арнайы селфи-аймақ жабдықталған. Жалпы ұзындығы 430 метр аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған.

Мегаполиске – жаңа әуежай терминалы

Шымкентте «СКАТ» әуе компаниясы жаңа терминал құрылысын бастайды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «СКАТ» əуекомпаниясы» АҚ төрағасы президенті Владимир Денисовпен меморандумға қол қойды. Маңызы зор меморандум аясында «Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы» жобасы жүзеге асырылады.

Әуе компаниясы салатын терминалды 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарлануда. Қала әкімдігі тарапынан терминал құрылысына 2,8 гектар жер телімі бөлінді. Инвестиция көлемі 50 млн АҚШ долларын құрайды. Жаңа терминал құрылысы бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Жол құрылысы және инженерлік желілерді қайта құру, әуежай алдындағы автотұрақты және вокзал алдындағы алаңның құрылысы, абаттандыру жұмыстары қала әкімдігі тарапынан жүргізілмек.

Шымкент – Дубай тікелей ұшақ рейсі ашылды

ФЛАЙ АРЫСТАН

2018 жылдың соңында Шымкент – Дубай қалалары аралығында тікелей ұшақ қатынай бастады. Екі қаланың арасына әуе кемесі 1 аптада екі рет ұшады. Жолаушыларды «Fly Dubai» компаниясының ұшақтары тасымалдайды. Рейстің ұзақтығы – 3 сағат.

Шалғай елдімекендерге – жаңа автобустар

Мегаполис тарихында алғаш рет шалғайдағы елдімекендерге 2018 жылдың 11 шілдесінен бастап жаңа автобустар қатынай бастады. Автобустардың кесте бойынша аралық уақыты 15 минут. Жолақысы сол күйі – 70 теңге. Жаңа автобустар әлеуметтік маңызды 10 бағытта қатынайды. Бүгінде «Газель» шағын автобустары да сыйымдылығы мол автобустарға ауыстырылуда. Бұған қоса 2019 жылдың соңына дейін Шымкентке ұзын-саны 1000 жаңа автобус жеткізу жоспарланған.

ТМД-да баламасы жоқ зауыт

Шымкент қаласында ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Asia Trafo» зауыты ашылды. Бірегей трансформатор зауыты қаладағы «Тассай» өндіріс аумағында 12 гектар жерге орналасқан. Зауыт – кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны.

ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫ

Кәсіпорынның өнімдерін алдағы уақытта ТМД елдерінің нарығына – Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға шығару жоспарланып отыр.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.