Спикерлерді TEDх алаңы біріктірмек

Среда, 10 Июль 2019 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 329 раз

Үшінші мегаполисте алғаш рет бірегей идеяларды таратуды мақсат тұтқан халықаралық лицензияланған TEDxOrdabasySquare конферециясы өтеді. Қалалық Жастар ресурстық орталығында өткен «Sóıle: Sen tur – men aıtaıyn» конференциясында Шымкенттегі TEDx конференциясының лицензианты Айжан Ергешова жоба туралы баяндама жасады.

Аталған басқосуда «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Shymkent adaldyk alany» жобасының басшысы Ерасыл Төлебаев, Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов, «KZhol Shymkent» оңалту орталығы басшысының орынбасары Айгерім Жұмағалиева, Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Тәңірберген, «Ажыраспа» блогының авторы Айна Досқызы сөз алып, өз ойларын ортаға салды, қайырымдылық, жемқорлық сынды бүгінгі жастарды алаңдатқан мәселелерге тоқталды.

– «Таратуға тұрарлық идеялар» деген айдармен өткізілетін конференцияның басты мақсаты – қалың көпшілікке қызықты идеяларды жеткізіп тарату. TED міндеті – идея тарату, соның аясында тегін білім беретін, ойшылдар ойынан шабыт алатын бір-біріне жақын қауымдастық құру. Идея адамның құлқын, өмірін өзгерту арқылы әлемді өзгерте алады.

Ал еліміздің үшінші мегаполисінде ондай ортаның болуы шарт. Биыл әлем бойынша лицензияланған 1500 TEDх концерециясы өткізу жоспарланған. Аталған конференцияларда әлемнің үздік ойшылдары бір ортаға тоғысып, 18 минут бойы өздерінің ең маңызды ойлары мен әлемдегі көкейтесті мәселелерін айтады. Шырайлы Шымкент қаласы сол тізімге енгеніне қуаныштымын.

Бірқатар кедергілерге қарамастан халықаралық ТЕD қауымдастығының рұқсатын алдық, – деді А.Ергешова.

Әр жылдары Билл Гейтс, Эл Гор, Гордон Браун, Билл Клинтон, Нобель сыйлығының иегерлері Джеймс Уотсон, Мюррей Гелл-манн және Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уэйлс секілді танымал тұлғалар TED-те сөз сөйлеген. Барлық лекциялар конференцияның www.TED.com сайтына орналастырылады. Ол 26 тілде аударылады (қазақ тілін қосқанда).

Айта кетейік, лицензияланған TED жиыны бүгінге дейін Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында өтіп келген.TEDxOrdabasySquare ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған жиынға қатысушылардың саны шектеулі.
– Бізге сан емес, сапа маңызды. Аудиториямыз белгілі бір мәселені шешуге, ой бөлісіп, күресуге ниетті жандар болғанын қалаймыз әрі сондай адамдарды қамтылуын қадағалаймыз. Конференция күзде болады, – дейді Айжан Ергешова.